Таңдаулы

Үнемі күліп жүру зиян ба?

Осы АҚШ-қа барғандардың бірінші байқайтыны: – америкалықтардың қашан көрсең, күлімдеп жүретіні. Танымаса да, аппақ тістерін ақсита күліп, амандасатындығы. «Ой бір керемет боп қаласың»,-деп аузының суы құрыған талай досты көрдік. Рас. Америкалықтар, көңіл хошы болмаса да, позитивте болуға тырысады. Мен мәселеге тап болдым, бірақ сол үшін түрімді бұзып, өзге жұрттың көңіл-күйін бұзбауым керек, деп біледі.

Қарап тұрып қызығасың. Біздің қазекем қайтеді? Сырттан келгендердің айтуынша үнемі қабағы түнеріп жүреді. Бір проблемаға кез болса, жақындарына жағдайын айтып, қорс  етіп алады. Психологтар «қазекем дұрыс жасайды»,- деп отыр. Әрине, біріншісі жөн емес. Бірақ, проблемаға тап болсаң, оны біреуге айтып, көңіл босатып алу — пайдалы дейді.

Ал, үнемі күліп жүру, өмірің быт-шыт болса да, позитивтен айырылмау дейтін философия ше? Шектен тыс оптимист болу, денсаулыққа қауіпті екен.

Үнемі позитивте жүру депрессияға апарады

Үнемі күліп жүру, проблеманы ыржиып қарсы алуға тырысу – 1990 жылдардың модасы еді ғой. Бізге, сол америка жақтан келді. Иә, ол жақтың жұрты, таңертең тұра сап, «менің қолымнан бәрі келеді», «мен бақыттымын», деп іштей сан мәрте қайталайды да, далаға шығады.

Бірақ, «мен бақыттымын» деп күніге өз-өзін сендіретін жұрт әлем бойынша антидепрессантты ең көп ішеді екен. Яғни жұртқа ыржиып қарайтын кісі, үйінде өзін ең сорлы адам сезініп, бүк түсіп жатады деген сөз. Содан ғой, дәрі ішетіні. Неге олай?!

Себебі, қанша бақытты адам образын сомдағаныңмен, өз-өзіңді көңілді жүруге қамшылағаныңмен, өмір өз дегенін жасайды. Мысалға, сүйген қызыңды алып қашып кетті. Ашуланасың ба? Иә! Ал, америкалық олай жасамауы керек! Достарыңмен сенбіде қыдырмақ болдың. Бірақ, бастығың сені кезекші етіп қойды. Бұл кезде де, позитивті болуың шарт. Мүмкін бе?! Жоқ. Осыдан кейін ғой, янкилердің жаппай депрессия басар дәрі ішетіні…

Сосын, үнемі позитивте жүру үшін, адам өзінің сезімдерін қымтап ұстауы керек. Жылағысы кеп тұрса да, ыржалақтай салуы тиіс, көңіл-күйі жоқ боп тұрса да, бәрі жақсы деп алдауы керек. Ал бұл, адамның психикасын бұзады. Ең жаманы, қиындыққа шыдай алмай, қорс-қорс жылап жіберсең, ол жақтың жұрты сені – өмірге позитивпен қарай алмайтын сормаңдай санайды. Бұл өз-өзіңді қор санауға апарады.

Америкалық психолог Барбара Хелд, бақытты болу үшін айна алдына барып, ыржимаңыз. Керісінше қоңқылдап, барқылдап эмоцияңызды шығарыңыз,-дейді. Сол кісі айтып отыр: Қиналып кеткенін достарына айтып, қорсылдап алатын адамдар – үнемі позитивте жүретіндерден қарағанда бақыттырақ екен.

Үнемі позитивте жүру – 90-шы жылдардың модасы дедік қой. Қазір, батыс жұрты – адамды бақытты етіп жіберетін тренингтерге қызықпайды. Қазір қорқа қарайды. Себебі, бақытты болудың жолдарын, көшбасшы болудың тәсілдерін үйрететін үйірмелерге қатысқандар арасында, суицидке барушылар мен депрессияға батып кететіндер көбейіп кеткен. Неге? Табиғаттың бұлжымас заңы бар: Көшбасшы бір-екі адам болады да, қалғаны соған еруші болады. Ал, мынау трениг-тренерлер осы жаратылыстың заңына қарсы шығып жатыр. Жұрттың бәрін әп-сәтте лидер қылмақ. Не керек, әлгіндей тренингке – сіз бен біз сияқты орташалау кісі қатысты делік. Шыққан соң, естіген-көргендерін жасауға тырысады. Бірақ, қанша тыраштанса да, тау қопарып тастаған ештемесі жоқ. Қайта проблемасы көбейіп кеткен сияқты ма, қалай өзі?! Содан, мен ең сорлы біреу екенмін ғой,-деп депрессияға түседі.

Дәл қазір, АҚШ, Еуропа елдері – адамды әп-сәтте «бақытты ететін» коуч-тренингтерті жауып, сол мекемелерден ақылы ақыл-кеңес алып жүргендерді психологиялық оңалту керек,-деп жатыр. Ал, бізде ше?! Бізге бұл бәлекет енді-енді кіріп жатыр. Сондықтан болар, «бақыт семинарларынан» зауал, сұмдықты әлі көре қойған жоқпыз.

Резюмеңіздегі позитивті деген сөзді алып тастаңыз

Батыс елдері,  үнемі позитивте жүріңіз дейтін философияны күресінге лақтырайық,-деп жатыр. Неге? Себебі – амалсыздан оптимистің образын жасап жүргендер, ел экономикасына да, бизнеске де қауіпті дейді. Ол қалай?!  Мысалға, былай жасаса, компания үлкен шығынға бататынын бір қызметкер ішкі түйсігімен сезіп тұр, делік. Бірақ оны есептеп көрсете алмайды. Ал, түйсігім осылай деп тұр,-деуге әріптестерінен ұялады. Ол ұят емес – ол надандық. Үнемі көңілді күйде жүр,-деген ұстанымда надандық,-дейді ғалымдар.

Ал біздің жұрт, батыстың қаңсық деп лақтырғалы жатқан дүниесін таңсық көріп, жаппай модаға айналдырып жатырмыз. Мойындаңызшы: Резюмеңізде жақсы қасиеттерімнің бірі деген жерге  «позитивті адаммын»,-деп бадырайтып жазып қойғансыз ғой. Ал, Еуропада, кадр агенттіктері резюмеңізден «үнемі күліп жүрем», «ортаның гүлімін» деген сөздерді көріп қалса, жұмысқа алмақ түгіл, сөйлеспейді де. Себебі, ол жақта позитив енді мода емес. Қатер деп қарайды екен.

Бүгінгі компанияларға – өмірге шынайы қарай алатын, керек болса пессимистік көзқарастағы адам керек! Иә, иә. Пессимистер – оптимистерден қарағанда мансабы тез жоғарылағыш келеді. Неге? Біріншіден – пессимистер; Жаман айтпай жақсы жоқ, деген ұранды өмірлік ұстаным етеді. Олар – болуы мүмкін қиыншылықтарды елестетіп, сол кезде үйтем, бүйтем деп қарсы жоспар құрып қояды. Екіншіден, пессимистер үнемі өз-өздеріне көңілі толмай жүреді. Бұл дегенің, олар білетініне ғана арқа сүйеп қоймай, жаңадан білім іздеуге ұмтылады. Австралилялық ғалымдар, бақытты адамдар яки көңіл-күйі тамаша кісілер өтірікті шыннан айыра алмайды, бір нәрсеге сынмен қарай алмайды, ең соңғысы кез-келген ақпаратқа сенгіш,-дейді. Өз-өзіңе көңілі толмайтын, үнемі ашуланып жүретін кісіден не пайда дейсіз бе?! Ондай адамдар – өз жұмысынан кішкентай мін тапса, өзін қоярға жер таппай, түзеуге асығып тұрады. Былайша айтқанда, пессимистер кез-келген тірлікті мінсіз жасайды. «Ал, бақытты, күліп жүретін кісі – алабөтен идея айтуы қиын», — дейді ғалымдар.

Үнемі күліп жүрсеңіз тез өлесіз

Үнемі позитивте жүру керек деп санайтындар – ашуы келсе де, жылағысы келсе де өксігін іштен шығармауға тырысады. Сезімдерге ерік бермеу – айналып келгенде жүрекке ауыр салмақ. Ғалымдар айтып отыр, өзін күшпен позитивті қылатын адам реті келсе, ашулана салатын адамнан қарағанда, жүрек талмасына көбірек ұшырайды екен. Сондықтан, пессимист десе десін, бастысы сезімдерді байламау керек! Күлкіңіз келді ме, қарқылдап күліңіз. Жылағыңыз келді ме, жылаңыз! Сосын, пессимист болу – өмірді ұзартады екен. Ойбай, ауырып қалсам, кедей боп қалсам, деп ойлай беретін кісі қалай ғана ұзақ өмір сүреді дейсіз бе?! Жамандық туралы ой – жамандық шақырмайды. Керісінше, проблеманы ойламау – проблемаға ұрындырады. Әлеуметтанушылар айтып отыр: Оптимистер дәрігерге өте сирек барады. Ауыр дерттің алғашқы белгілерін көріп тұрса да, жамандық шақырмайын,-деп позитивте болуға тырысады. Ал, пессимистер – осылай болса, не істеймін деп жоспар құрады. Әрі көптеген ауруды алғашқы сатысында анықтап, төсек тартып жатып қалудан осылай қорғанады…

Пессимист бол демейміз, реалист болу міндет

Қысқасы, сырт көзге оптимист боп көріну, өзіңді күштеп бақытты сезіну дейтін мода келмеске кетіп барады. Өмірге мәз адам – айналасындағы жұртқа ғана ыңғайлы. Тек өзіне емес. Онымен кім-көрінген сөйлесіп кете алады. Ал, шынайы өмірде, адаммен сөйлесу үшін жолын жасау керек, әдебі керек дегендей… Былайша айтқанда үнемі оптимист болғысы келетін кісі – Құнанбай айтатын жайдақ су ғой. Кім көрінген шөлін басады. Ал өзі – эмоция көрсете алмағаннан қурап, қирайды. Иә, тым оптимист болу – қатер! Себебі – ол аз өмір сүреді. Айлығы төмен, мансап жолы тез тәмамдалады.

Мен бақыттымын, бақыттымын дейтін жаттанды оптимизм – адамды депрессияға әкеледі. Ал, туа бітті көңілді жүретіндер – интелекті төмендеу кісілер болуы мүмкін. Өмір мен ғылымның өзі дәлелдеп отыр: кез-келген нәрсеге шынайы қарай алатындар бақытты, ұзақ ғұмыр сүреді екен. Ал, мұндай адамдарды күні кешеге дейін, пессимист деп келдік. Күні кешеге дейін, проблеманың өзін мәз боп қарсы ал,-деген ұран мода болды. Анау бұрышта бір мәселе жолығып қалам-ау деп қорқақтағанды ең сұмырай, бәлекет шақыратын адам деп санап келді. Бірақ… Болуы мүмкін бәлекетті ойлап, оған қарсы дайындалу – жақсы емес пе?! Үнемі күліп жүріңдер дейтіндер ғой, өздеріне ұқсамағанның барлығын пессимист деп, таңбалап кеткен.

Қысқасы, пессимистер сахнаға шығып, шын мәнінде олар – реалист екендігін, өмірге, болашаққа шынайы қарай алатынын айтуы керек! Ал, сырт көзге бақытты болып көріну – модадан кетуі керек!

Осы айдарда

Close