Үкімет халықты Қазақстанның оңтүстік аймағынан солтүстігіне көшіру саясатын жалғастырып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, осы арқылы елдің аз қоныстанған аудандарында жұмыс тапшылығын азайтуға болады.
ҚР еңбек және әлеуметік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, ведомства соңғы 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жүргізген. Нәтижесінде ОҚО, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облысы тұрғындарының бөлігін ШҚО, СҚО, Павлодар және Қостанай облысына көшіруді арттыру қажеттігі бар екені анықталған.
«Біз енді үй салуы тоқтатамыз. Себебі, үкімет тұрғын үймен қамтудың басқа әдісін іске қосты. Алдағы уақытта елдегі барлық тұрғын үйлер «Бәйтерек» желісіне байланыстырылып, жаңадан салынатын жалға беруге арналған тұрғын үйлерде барлық тұрғындарға бірдей жағдай жасалуы керек», - деді Біржан Нұрымбетов.
«Біз әлемдік тәжірибені зерттедік. Бағдарлама бойынша, оңтүстік өңірден солтүстікке өз еркімен көшуге келіскендерге әр түрлі қызметтер ұсынамыз. Біріншіден, көшуге кететін шығын үшін әр отбасы мүшесіне 79 мың теңге (35 АЕК) көлемінде қаражат төлейміз. Сонымен қатар, үйді жалға алу үшін 1 жыл бойы қаржылай көмек көрсетеміз. Яғни әр отбасыға айына 34 мың теңгеден 68 мың теңгеге дейін субсидия береміз. Егер бір адам көшіп келген болса, оған пәтерақы ретінде 20 АЕК (45 380 теңге) беріледі. Ал отбасында 2-4 адамға дейін болса, әрқайсына 25 АЕК төленеді. Кейіннен көшіп келуші жалпы бағдарлама бойынша тұрғын үйге кезекке тұрады», - дейді вице-министр.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың сөзінше, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын іске қосқаннан бері 19 мың адам солтүстік өңірге қоныс аударған.
"Оларға жоба аясында барлығы 5,4 мың қызметтік пәтер мен жатақханадан бөлме берілді. Жұмыс әлі де осы қағидамен жалғаса береді. Бірақ жаңа жұмыспен қамту бағдарламасында тұрғын үй құрылысы қарастырылмаған. Себебі «Нұрлы жол» жобасы жүзеге асады", - деді ол.
«Біз ұлттық және халықаралық сапаршылармен және ұлттық экономика министрлігімен бірігіп халық санына зерттеу жүргіздік. Зерттеу нәтижесі бойынша, қазірден бастап халықтың орналасуында дисбаланс бар. Халықтың 38 пайызы оңтүстік өңірлерде қоныстанған. Ал Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы халық саны 17 пайызды құрайды. Егер мұндай үрдіс жалғаса беретін болса, 2050 жылға таман оңтүстік халқының саны болжам бойынша 5,2 млн адамға жетеді. Бұл солтүстіктегі тұрғындар санынан 4 есе көп болады деген сөз.
Қазігі уақыттың өзінде оңтүстік облыстарда жаңа туған 100 сәбиге 12 қариядан келеді. Ал солтүстікте 100 сәбиге 53 қарт адамнан келеді. Яғни әлден-ақ еңбек ресурсы мәселелері туындай бастады», - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Серік Жақсылықовтың айтуынша, елде аймақшылдық белгілері анық байқалады. «Қазақстан аймақтарында мигранттардың көшіп-қонуы өз облыстарының ішінде ғана жүзеге асады. Бұл - аймақшылдықтың көрінісі. Оның алып келетін белгілі бір зардаптары болуы мүмкін. Мұны зерттеу қажет», - деді Серік Жақсылықов.
Оның айтуынша, солтүстік аймақ мигранттарының 69 пайызы облыс ішінде көшіп-қонған. Ал оңтүстік аймақ мигранттарында бұл көрсеткіш 68 пайызды құрайды. Халықтың 0,7 пайызы ғана Солтүстік Қазақстанға, 1 пайызы Қостанай облысына және 1 пайызы Павлодар облысына көшкен.
«Оңтүстік аймақ мигранттарын солтүстік Қазақстан қалаларынан көбіне Астана ғана қызықтырады. Сол үшін елдегі аймақшылдықтың кері әсерін жойып, қосымша жұмыс орындарын құрсақ оңтүстік өңірлерден мигранттар тарта аламыз», - дейді Серік Жақсылықов.
"Тағы бір айта кететін нәрсе этникалық қазақтарды қайтару бағдарламасы бойынша келген оралмандар негізінен Алматы, ОҚО және Маңғыстау облыстарында қоныстанған. Яғни, бағдарлама халықты солтүстік аймаққа көшіру мәселесін шешпеді", - деп атап өтті сарапшы.
Ұлттық экономика министрлігі аймақтық саясат және инфрақұрылымдық даму департаменті директорының орынбасары Санат Тұңғышбековтың пікірінше, мигранттарды солтүстікке көшіру үшін ең жақсы стимул – жұмыс орнын ұсыну. Ал ауыл тұрғындары үшін – жер беру.
«Ересек адамдарды отбасымен бірге көшіргеннен қарағанда, жастарды «Серпін» бағдарламасы арқылы солтүстікке оқуға жіберсек, оларға бейімделіп кетуге жеңіл болады», - деген болжам жасады Санат Тұңғышбеков.
Сонымен қатар, 2017 жылдың қыркүйегіне таман ІІМ және ұлттық экономика министрлігі бірлесіп миграциялық саясаттың жаңа концепциясын құрастырады. Бұл туралы Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Айта кетейік, БАҚ беттерінде бұл бағдарламаның қолайсыздығы туралы бірнеше рет жазылды. Оның ішінде тұрғындар жаңа орынға бейімделе алмай қайтып оралған кезде, тұрғын үйге берілген қаржылай көмекті қайтарып беруге мәжбүр болуы басты мәселе ретінде көрсетілген.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024