Экономика
Қазақстан дағдарысқа қарсы үш жылдық бірыңғай жоспарды қабылдайды
Қазақстан Үкіметі 8 желтоқсанда дағдарысқа қарсы үш жылға арналған бірыңғай жоспарды қабылдайды. Бұл туралы Парламент Сенатының отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлімдеді.
Парламент Сенатының кеңейтілген отырысында 2016-2018 жылдарға арналған үш жылдық бюджет талқыланды. Кәрім Мәсімов депутаттардың заң жобасын мақұлдағаннан кейін, дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылданатынын айтты.
8 желтоқсанда өтетін кеңейтілген отырыста екі бағдарлама қабылдауды жоспарлап отырмыз. Біріншісі - алдағы үш жылға арналған дағдарысқа қарсы бағдарлама. Яғни біз осы уақытқа дейінгі барлық бағдарламаларды жинақтаймыз. Бұл дағдарысқа қарсы үш жылға арналған бірыңғай жоспар деп аталатын болады",- деді Премьер-Министр.
Екінші бағдарлама - тиісті министрліктер әзірлеген жұмыспен қамту картасы. Оның айтуынша, 2008-2009 дағдарыс жылдарынан алған тәжірибе, бүгінгі күні пайдасын тигізуі мүмкін.
Ол сондай-ақ үкіметтің дағдарысқа қарсы қозғалыс жұмысына сәйкес, үш негізгі бағытты атады.
"Бірінші - Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылып жатқан жаңа экономикалық саясат. Екінші - реформаның жалғасы. (...) Үшіншісі - біздің жоспарлардың жүзеге асырылуы және барлығына - халыққа, шаруашылық жүргізуші субъектілерге оның түсінікті болуы", -деді үкімет басшысы.
Фото:aktau-business.com