Мұнай бағасының құбылмалығы қара алтынды экспорттаушыларға бірінші әсер етеді. 16 қаңтарда Brent маркасының барреліне 29 долларға дейін төмендеуі дамушы елдердің валютасына ғана емес, дамыған елдердің табысына да кері ықпал етті. Әлемдік шикізат нарығындағы мұнайдың негізгі иелері дейтін араб елдері де белін бекем буа бастады.
Осыдан бірнеше уақыт бұрын Дүниежүзілік банктың ұсынысымен мұнай өндіруші елдерде ұлттық қор құрылған. Ұлттық қор қаржысы жинақталып, құнды қағаздар түрінде шетелдік нарыққа салынады. Ондағы қаржы бюджет тапшылығының орнын жабу үшін жұмсалады. Мұнай бағасының күрт құлдырап кетуі араб елдеріндегі осындай қорларға бірінші кезекті соққы болды.
Сауд Арабияның 2016 жылғы бюджеті тапшылық бойынша 87 млрд долларға жоспарланды (Abu-Dhabi Commercial Bank есебіне сәйкес, ЖІӨ 11% ). Елде бюджет тапшылығы болмас үшін мұнай бағасы барреліне 106 доллар болу керек. Сондай-ақ аталған жағдайға Катар, Кувейт және Оман елдері де ұшырап отыр (бюджет тапшылығы ЖІӨ бойынша 5%-дан 8%-ға дейін).
"Мұнай-доллар" жетіспеушілігін реттеу үшін экспортшы елдер тәуелсіз қорларындағы шетелдік активтерді сатып, ақшаны инвестициялық компаниялардың басқармасынан шығаруға мәжбүр болуда.
Эр-Рияд үнемдеуде
Қаржыны шығару бойынша Сауд Арабиясы көшбасшы болып отыр. Insight Discovery зерттеу компаниясының мәліметіне сәйкес, елдің орталық банкіне бағынатын тәуелсіз инвестициялық қоры Saudi Arabian Monetary Agency-ге (SAMA) 2015 жылдың наурыз-қыркүйек айларында батыс нарығынан 50-70 млрд доллар келген. 2014 жылдың тамызындағы рекордтық 737 млрд доллар 2015 жылдың қараша айында 628 млрд долларға қысқарды. Ал қазан айында NASDAQ сарапшысы Александр Фри Reuters-ке SAMA NASDAQ биржасында саудаланып жатқан компанияның акциясын 1,2 млрд долларға сатқанын хабарлаған.
Сауд Арабиясына қаржы тек бюджет тапшылығын жабу үшін ғана емес, Йемендегі шейіттік бүлікші-хоуситтерге қарсы әскери операцияны енгізу үшін қажет. Лондондағы халықаралық стратегиялық зерттеу институтының есебі бойынша, мемлекет Йемендегі операцияға байланысты ай сайын 175 млн доллар жұмсайды.
Сондай-ақ, саудтық монархия бюджет қаржысының біраз бөлігін елдегі әлеуметтік тұрақтылық үшін жұмсайды. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметінше, Сауд Арабиясында бюджет тапшылығы мұнай бағасы барреліне 106 доллар болған жағдайда ғана болмауы мүмкін. Корольдіктің бұрынғы резерві аталған шығындар сақталса және мұнай бағасы төмен болса 5 жылға ғана жетеді.
ХВҚ Сауд Арабиясының резерві 2015 жылдың қараша айындағы есеп бойынша 635 млрд доллар болғанын айтады. Көрсеткіш 2014 жылдың тамыз айынан бастап 15 ай ішінде ай сайын орта есеппен 7,4 млрд долларға қысқарып отырған.
Мұнай бағасының күрт құлдырауы Сауд Арабиясы билігіндегі өзгерістерге де байланысты болды. 2015 жылдың қаңтар айында қайтыс болған Абдаллаа ибн Абдуул-Азииз Аль Саудтың орнына оның мұрагері Салман келді. Абдалланың кезінде оның ұлы Мохаммед бин Салман ханзада басақарған экономика және даму кеңесі құрылған болатын. Ал қазір сол кеңес корольдік жағдайын арзан мұнай бағасына байланысты икемдеуге тырысуда. Салық құнын арттырып, бюджет шығындарын азайтуда және жекешелендіру жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, мемлекеттің инвестициялық саясатын өзгертуде.
[caption id="attachment_33721" align="aligncenter" width="576"] Әлемдік мұнай қорының 2/3 бөлігін ОПЕК елдері бақылап отыр Фото:rbk.ru[/caption]Сатылым және әртараптандыру
Инвестиция саясатын Сауд Арабиясы ғана өзгеткен жоқ. Қара алтын бағасы қымбат болып тұрған кезде Катардың Qatar Investment Authority тәуелсіз қоры (QIA, актив көлемі — $256 млрд, әлем бойынша 9 орын) Парсы шығанғындағы ең белсенді инвесторлардың бірі болған. Қор еуропалық танымал компанияларға "бәс" тікті. Немістің Volkswagen (13%) автоконцернін, Total мұнай компаниясын(4%), Credit Suisse банкін(6%), швейцарлық Glencore (8%) мұнай сауда компаниясын сатып алды. Осылайша, катарлық инвестиция тым әлсіз түрде әртараптандырылды. 2013 жылғы есеп бойынша, QIA активтерінің 80%-ы Еуропа елдеріне өткен. Financial Times есебіне сәйкес, Glencore және Volkswagen акцияларының құлдырауына байланысты QIA 12 млрд доллар жоғалтқан.
2015 жылдың 3 тоқсанынан бастап QIA өзіне тиесілі үлестерді ірі жобаларға сата бастады. Қазан айында немістің Hochtief AG құрылыс компаниясының 10% үлесін 615 млн долларға сатты. Осы кезде француздық Vinci SA құрылыс компаниясының 1% (қорға 5% тиесілі) акциясын сату туралы жоспар бар екені жарияланған. Сатылымға қойылған QIA акцияларының нарықтағы бағасы 425 млн долларды құрайды.
Сондай-ақ, қордың британдық Canary Wharf Group-пен бірге иеленген Лондон қаласындағы орналасқан екі ірі кеңсе ғимараты 845 млн долларға сатылған. Қорда америкалық Miramax киностудиясының үлесі бар. Ал жаз кезінде Bloomberg QIA басқа акционерлермен бірігіп, киностудияны сататынын хабарлаған. Келісім бағасы 1 млрд долларды құрауы мүмкін, алайда әлі күнге дейін сатып алушы табылған жоқ.
Катар активтерді сатумен қоса, оларды әртараптандыруды жоспарлаған. 2015 жылдың қыркүйек айында QIA Нью-Йорк қаласында кеңсе ашып, 5 жыл аралығында америка экономикасы үшін 35 млрд доллар жұмсауға ниетті екенін жариялады. Сондай-ақ, 2014 жылдың қарашасында Азия елдеріне 20 млрд инвестиция салатыны жөнінде айтқан болатын.
Мұнай нарығындағы ірі экспортшылардың бірі Кувейт және оның Kuwait Investment Authority тәуелсіз қоры (KIA, $592 млрд, Sovereign Wealth Fund Institute мәліметі бойынша) 27 млрд доллар бюджет тапшылығын жабу үшін активтерін сатуға дайындалып жатыр. 2015 жылдың қазан айында кувейттік Al Anba газеті КІА кірісі жылына 9%-дан төмен активтерін сататыны туралы жазған. Басылым ақпаратына сәйкес, KIA 30 млрд долларын сатуды жоспарлаған.
Әзірге мұнай бағасының құлдырауына байланысты аса мән бермеген Біріккен Араб Әмірлігінің Abu-Dhabi Investment Authority тәуелсіз қоры (ADIA). Активтері бойынша әлемде - екінші орында (Sovereign Wealth Fund Institute мәліметіне сәйкес, $773 млрд). Қор әзірге нақты бір сатылым жасаған жоқ. ADIA тек инвестициялық компания басқармасындағы қаржыны қысқартты. Бұдан бұрын инвесткомпанияға ADIA үлесінің 75%-ы тиесілі болса, қазір 65%-ға қысқарды ($77 млрд).
Біріккен Араб Әмірлігінің ЖІӨ-нің 30%-ын мұнай кірісі құрайды. Ал Сауд Арабиясында 45%, Кувейтте — 50%-дан артық;
Қиындықтарға тап болған басқа елдер
Мұнай бағасы 60 доллар болған жағдайда Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қорына түсетін түсім тоқтайды. Сондай-ақ, мемлекет NASDAQ биржасында саудаланып жатқан еуропалық компания акциясын 2015 жылдың 2 тоқсанында 1,1 млрд долларға сатты.
Норвегия мұнай көлемін 10%-ға арттырғанмен, соңғы жарты жылда қиындықтарға тап болған. Мұнай кірісі 2009 жылғы минимумға жеткен. Мемлекеттің бюджет тапшылығы 25 млрд долларды құрады. Бұл соманы Норвегия әлемдегі ең ірі тәуелсіз инвестициялық қор Government Pension Fund Global-дан (GPFG, $825 млрд) алған. 2015 жылдың ақпан айында Norges Bank басшысы Эйстейн Ольсен мұнай бағасы 60 доллар болған жағдайдың өзінде қорға салымды тоқтату керектігін айтқан еді. 2015 жылдың алғашқы жартысында 2 млрд долларға толықты. Ал бұған дейінгі он жылда қордың тоқсанаралық түсімі 7 млрд долларды құраған.
Қазір GPFG активтерінің 60%-ы акциялардан тұрады, 35–40%-ы тіркелген табыс қағаздары арқылы, 5% — жылжымайтын мүлік арқылы келеді. Мұнай бағасы арзан болған жағдайда қор инвестициялар құрылымында акциялардың кірісін арттырады.
Ал Aberdeen-нің бас директоры Мартин Гилберттің Financial Times-қа берген мәліметі бойынша, мұнай бағасы көтерілмесе тәуелсіз қорлардың қаржысы жұмсала береді. Moody’s рейтинг агенттігі қорлардың қаржыны жұмсау тренді мұнай өндіруші елдерде жалғасатынын айтады. Сондай-ақ, Мorgan Stanley болжамына сәйкес, мұнай бағасы 2015 жылғыдай бола берсе, компаниялардың акция өсімі 4–7%-ға дейін төмендейді.
Фото:apravda.com
Маржан Нүсіпбек "7"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024