Экономика
Авто
Әйелдер кәсіпкерлігіне 1,5 млрд теңге инвестиция тартылды
Әйелдер кәсіпкерлігін ынталандыруға 1,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова мәлімдеді.
«Еліміздегі жағдайға тоқталатын болсақ, шынымен де әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін тартылып жатқан қаржылық ағымдар бар. Бұл тұрғыда Еуропалық банк, Азиялық банк және «Даму» желілері қамтылған. Бүгінде әйелдер кәсіпкерлігін ынталандыруға тартылған жалпы сома 1,5 млрд теңгеге жетті», - деді Л. Рамазанова.
Оның айтуынша, бұл қаржы іскер әйелдерді қолдауға елеулі көмек болды.
«Бүгінде 54-ке тарта әйел осы көмекті алды, яғни бұл сыртқы қолдау шаралары болып табылады. Алайда «Атамекен» әйелдерге ақысыз негізде қолдау жасауда. Атап айтқанда, жобаларды қаржылық сүйемелдеу, бизнес-жоспарларды даярлау және маркетингтік қызмет көрсету шаралары қамтылған. Қазақстанның әрбір өңірінде біз осы көмекті ақысыз жасап жатырмыз», - деді ол.