Қалжырап-шаршаған әлем экономикасы дағдарыстан кейінгі кезеңнің ауыр сырқатынан баяулап айығып келеді. Егер Дүниежүзілік валюта қорының 2017-18 жылдары жаһанның ЖІӨ-сі 3,6 пайызға өседі деген соңғы батыл болжамы расталса, онда бұл кейінгі екі жылдағы 3,2 пайыз өсімнен аздап жоғарылайтынымызды білдіреді.
Үлкен қаржы дағдарысынан бері он жыл өткенде ғана әлемдік өсім 1980-жылдардан кейінгі трендке қайта оралып, 3,5 пайыздық оң көрсеткішке жетпек.
Бірақ бұл әрлі-берлі жол әлемнің қалыпты жағдайға оралғанын білдіре алмайды. Керісінше, әлем экономикасының «жаңа қалыпты жағдайы» туралы тым көп айтылған идея әлемдік өсімнің соңғы тоғыз жылдағы даму динамикасының трансформациясын естен шығара береді.
Бір жағынан, соңғы ілгерілеу - 2017-18 жылдары ЖІӨ-сі шамамен 2 пайызға өседі деп болжанған дамыған экономикаларға тән құбылыс, бұл – соңғы тоғыз жылда орташа 1,1 пайызға ғана өскен шамадан әлдеқайда жақсы көрсеткіш. АҚШ-тың салыстырмалы түрде күшеюі (2,4 пайыз) Еуропа (1,7 пайыз) мен Жапонияның (0,9 пайыз) әлсіреуіне алып келді. Дегенмен, дамыған елдер экономикасының жылдық өсімі 1980-2007 жылдар аралығындағы ұзақмерзімді өсу трендінен (2,9 пайыз) әлдеқайда төмен деңгейде қала бермек. Қытайдың «қатты құлау» сценариіне ешқашан сенбейтіндер үшін дамушы елдердің ішіндегі ең күшті өсім Қытайда (6,4 пайыз) және Үндістанда (7,5 пайыз) байқалмақ, ал Латын Америкасы (1,5 пайыз) мен Ресей (1,4 пайыз) артта қалып қоймақ.
Ал дамушы әлем бұдан әлдеқайдан жылдам адымдап барады. 2017-18 жылдары бұл елдердің өсімі соңғы тоғыз жылдағы өсімнен жарты пайызға кем болып, 4,6 пайызды ғана көрсетеді дегенмен, олар дамыған елдермен салыстырғанда құлашын екі есе кең жаймақ.
Дамыған және дамушы экономикалар арасындағы үнемі болатын айырмашылық шарықтау шегіне жетті. 1980-2007 жылдар аралығында дамушы елдер әлемдік ЖІӨ-нің 59 пайызын өндірсе (сатып алу қабілетінің тепе-теңдігімен өлшегенде), дамушы және артта қалған экономикалардың жалпы үлесі тек 41 пайыз болды. Бұл – сол кездегі көрсеткіш. ХВҚ-ның соңғы болжамы бойынша, бұл көрсеткіштер 2018 жылға қарай түбірімен өзгереді: дамыған елдер жаһандық ЖІӨ-нің 41 пайызын, ал дамушы елдер 59 пайызын өндіреді.
Әлемдік экономикалық өсімнің таразысы дамыған елдерден артта қалған және дамушы елдерге қарай ауып барады. Бұл – жаңалық па? Әрине. Бұл – қалыпты жағдай ма? Мүлде қалыпты жағдай емес. Бұл ерекше өзгеріс біздің түсінігіміздегі макроэкономикаға қатысты үш бірдей сауал туындатады:
Біріншіден, ақша-несие саясатының рөлін қайта електен өткізетін уақыт келген жоқ па?
Дамыған әлем ақша-несие саясатының ең босаңсыған тұсында сырқатынан айығып, бас көтере бастады. Сегіз жыл бойы пайыздық үстеме мөлшері 0 пайыздың айналасында болды, ал шамадан тыс жайылып кеткен орталық банктер балансынан өтімділікті арттыру үшін аса ауқымды инъекция жасалды.
Дәстүрге қайшы бұл саясат шынайы экономикалық белсенділікке, орта таптағы жұмыс орындары мен жалақыға әзірге бәлендей әсер ете қойған жоқ. Керісінше, өтімділіктің шамадан тыс болуы қаржы нарықтарына жайылып, активтердің бағасын қымбаттатуға әсер етті және бай инвесторларға зиянын тигізді. Бұл сізге ұнаса да, ұнамаса да, ақша-несие саясаты теңсіздікті арттыратын құралға айналды.
Екіншіден, дамушы әлем бұрыннан келе жатқан трендті өзгертіп, дамыған әлемге тәуелділіктен құтылды ма?
Мұндай «ажырасу» туралы болжамдардың негізсіз екенін бұрыннан айтып келемін, себебі кедей елдердің дамуы экспортқа бағытталғандықтан, олардың экономикасы бақуатты елдердегі сұранысқа тікелей тәуелді. Алайда, фактілер басқа жайтты дәлелдейді. Дағдарыстан кейінгі 2008-2016 жылдар аралығында әлемдік сауданың орташа көлемі 3 пайызға кеміді, бұл1980-2016 жылдар аралығындағы орташа норма – 6 пайыздан екі есе аз көрсеткіш. Бұл аралықта дамушы елдердің ЖІӨ-сі мүлде өзгермеді десе болады. Демек, қазіргі уақытта дамушы елдер әлемдік саудаға емес, көбіне өз елдеріндегі ішкі сұранысқа көбірек тәуелді болып келеді.
Үшіншіден, Қытай әлемдік экономиканы қайта құруда ерекше рөл ойнады ма?
Қытайдың балансты өзгертуі бұл ойды растай түседі. Тарихи тұрғыдан қарасақ, Қытайдың өте сәтті болған экспортқа бағытталған даму стратегиясы мен Қытайға негізделген әлемдік өнім тізбегі менің «ажырасу» теориясына неге мүлде сенбейтінімді көрсетсе керек. Қытайдың ЖІӨ-сіндегі экспорттың көлемі 2007 жылғы 35 пайыздан 2015 жылы 20 пайызға төмендеді, есесіне әлемдік өнім өндірудегі үлесі осы аралықта 11 пайыздан 17 пайызға өсті. Әлемдегі ең ірі экспортердің ғаламдық «ажырасудың» алдыңғы шебінде тұратын мүмкіндігі бар.
Бұл Қытайдың өнеркәсіп құрылымының жылдам өзгеріп жатқанынан хабар береді. Қытайдың үшінші секторы (қызмет көрсету) 2007 жылы ЖІӨ-нің 43 пайызын құраса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 52 пайызға жеткен. Осы аралықта екінші сектордың үлесі (өндіріс пен құрылыс) 47 пайыздан 40 пайызға түсті. Сақтық шараларының арқасында (бұл әлеуметтік қорғау жүйесіндегі олқылықтан хабар береді) жалпы сұраныстағы жекеменшік тұтынудың үлесі бұдан гөрі баяу жылдамдықпен өсті, дегенмен бұл салада оптимистік тұрғыда ойлауға негіз бар.
Шындығында, Қытайда электронды коммерцияның қарқынды дамуы жаңа тұтынушылық мәдениетке төте жол салды, ал қазіргі дамыған экономикалар дамудың бұл кезеңінде мұндай игілікті пайдалана алмаған еді. Бетбұрыстар өте баяу жүретін құрылымдық өзгерістер дәуірінде Қытайдың эволюциясы нағыз спринтпен тең.
Осының барлығы үлкен қаржы дағдарысына дейінгі кезеңдегіден мүлде бөлек әлемнің қалыптасқанын дәлелдейді. Бұл әлем ақша-несие саясаты мен даму стратегиясының тиімділігі және Қытайдың рөлі туралы жаңа сұрақтар қояды. 80 триллион доллар болатын ғаламдық экономиканың аздап сауығып келе жатқаны анық болғанымен, прогресті бұрынғыдан басқа көзқараспен бажайлау керек. Әлемнің томаға-тұйықтықтан арылып, ішін сыртына айналдыруы, дамушы елдердің әлі дімкәстанып отырған дамыған экономикалардың жүрісінен әлдеқайда ширақ динамизм ырғағына түсуі – жаңа құбылыс, бірақ бұл – қалыпты жағдай емес.
Авторлар туралы: Стефан Роч – Йель университетінің оқытушысы, Morgan Stanley Asia компаниясының бұрынғы төрағасы, «Теңсіздік: Америка мен Қытайдың өзара тәуелділігі» кітабының авторы.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024