Алматы. 8 маусым. 7kun.kz - 7 маусымда «Sulpak Cinema» компаниясы мен Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатры прокатқа бүгін шығатын «Мумия» жылдың көптен күтілген фильмінің алдын ала жабық көрсетілімін өткізді.
[caption id="" align="aligncenter" width="1000"] Фото: monophoto.info[/caption]Мумия өзінің ажалсыз таза мумия екенін кезекті рет дәлелдемекші болып, біздің кинотеатрларымызға жаңа леппен, жаңа киноәлем нұсқасында шығып отыр.
2012 жылы Universal студиясы «Мумия» фильмінің төртінші бөлімін түсірмейтінін хабарлаған болатын. Киносериалдың бірінші бөлімі әуелгі баста аз бюджеттік құбыжықтар туралы фильм ретінде түсіру жоспарланған. Бұл сонау 1930 жылдардағы түсірілген аттас фильмнің заманауи түрдегі нұсқасы жасап шығармақшы болған. Бірақ жаңа «Мумияны» түсіру барысында авторлар бастапқы ойларынан айнып, басқаша бағытта жұмыс жасай бастайды. Нәтижесінде көрерменге «Индиана Джонс» нақышындағы шытырман оқиғалы блокбастер ұсынылады. Аудитория үшін фильм жақсы қабылданып, жалпылай прокатта 400 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинайды. Әрине, студия басшылар бұдан тоқтап қалмай, кезек-кезегімен «Мумияның» екі жалғасын түсірді. Тіпті бұлар да бірінші фильм секілді коммерциялық жағынан өте сәтті шықты.
Бұнымен әлі қызық бітпеді. Студия басшылары көне египеттік мумиялармен қоштасқысы келмейтінін айтып, киносерияны қайтадан жаңа нұсқада түсіретінін жария етті. Алғашында студия жаңа фильмге режиссерлік етуге Лен Уайзман мен аргентиналық Андрес Мускеттиді шақырған болатын. Бірақ бұл екеуі де ақырында студия басшылығымен келісе алмай, жобадан кеткен. Кейіннен режиссерлік орынға бұрын сценарист әрі продюсер жұмыстарымен ерекшеленген Алекс Куртцман келіп, фильм өндірісіне кіріскен болатын.
Алдыңғы «Мумиялардың» оқиғалары 20-ғасырдың бірінші жартысында өрбісе, жаңа фильмнің сюжеті біздің уақытымызда өтеді. Фильмнің басты кейіпкері ретінде әскери жалдамашы Ник Мортан болады. Оны еш қартаймайтын актер Том Круз ойнайды.
[caption id="" align="aligncenter" width="1024"] Фото: kinokong.cc[/caption]Сюжет бойынша Ник көне египеттік табытты табуға және оны Лондонға жеткізуге көмектеседі. Ол бұл табытта жәй ғана шіріген мумия ғана емес, мыңдаған жылдан бері өзінің бостандығын күткен қарғыс атқан құбыжықтың бар екенін сезеді.
Круз жаңа картинадағы жалғыз жұлдыз емес. Оған серік ретінде негізгі кейіпкерлердің бірін сомдайтын Рассел Кроу қосылған. Оның тап кімді ойнайтынын айтпай-ақ қояйын, бірақ ол готикалық әдебиеттің ең танымал кейіпкерін сомдайды. Фильмде ол мистикалық құбылыстарды зерттейтін және оларды залалсыздандыратын ұйымды басқарады.
[caption id="" align="aligncenter" width="1280"] Фото: mymoviewallpapers.com[/caption]Бұл мумия бұрынғы мумиялардан басқаша десек орынды. Алдыңғы 3 бөлім жарқын комедиялық шытырман оқиғаларымен есте қалатын болса, ал жаңа бөлім комедияға мүлдем ұқсамайды. Ол зұлмат мистикалық хоррор фильмге сай келеді.
Антогонист мүлде басқа адам. Перғауынның қызы Аманэт әкесінің тағын иемдену мақсатында соғыс пен ажал құдайы Сетпен келісімге отырады. Нәтижесінде ол әкесі мен інісін өлтіреді. Сол әрекетінен египеттіктер оны тірілей мумификациялайды.
Universal студиясы «Мумиядан» бөлек үлкен экранға «Франкенштейн», «Дракула» және т.б. классикалық құбыжықтарды шығармақшы. Сонымен қатар, болашақта шығатын фильмдердің түгелі «Түнек әлемі» (Dark Universe) деп аталатын бір киноәлемнің шеңберінде баяндалатын болады.
Студия өкілдерінің бар үміті осы фильмге артып отырғанымен, киносыншылар оның жалпы сценарийлік тұрғыдан болсын, коммерциялық тұрғыдан болсын сәтсіздікке ұшырайды деген ойда. Рецензияларды бағамдасақ: Metacritic сайтында 100 баллдан 34 балл берілсе, ал әйгілі Rotten Tomatoes желісінде 100-ден 23% ғана құрмет көрсетіліп отыр. Ал кассалық жинақ бойынша фильм бірінші аптада небәрі 45 млн АҚШ долларын ғана жинайды деп болжауда. Енді сүйікті мумиямыз өзіне жүктелген 125 млн АҚШ долларын үстемесімен бірге ақтауы керек.
Фильмдегі «Мумия» деген атаудың өзі екінші орынға ығысып кеткен. Кино өндірушілер акцентті фильмнің өзіне емес, оның басқа іргелес фильмдермен байланыстыруға, соған жол ашуға қойған. Соның кесірінен жалпы сюжеттің өзектілігі жоғалған. Бұдан кейін бұл киноәлемнің тағдыры бір жағынан қызықтырса, бір жағынан қорқыныш ұялатады.
Данияр Тәжімбет
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024