КЕМБРИДЖ – Келесі айда АҚШ Қазынашылық департаменті құрдымға кеткен мега-банктердің мәселесін шешуге қатысты қолданылатын 2010 жылғы Додд-Франк актісінің орнына тек сотқа негізделген механизмді енгізбек. Бұл өзгеріс - ауқымы дағдарысқа пара-пар үлкен бір қателік болар еді.
Шынымен, банкроттық процесін оңайлату құрдымға кеткен банктің төңірегіндегі шу-шұрқанды азайтар еді, оның үстіне банкроттыққа байланысты судьялар – қайта құрылымдау ісі жөніндегі мамандар болып келеді. Бірақ мұнда көз жұмып қарауға болмайтын маңызды факторлар бар. Мега-банктерді қайта құрылымдау үшін алдын ала жоспарлау керек, банктің әлсіз және күшті жақтарынан хабардар болу қажет, оның үстіне экономикалық жағдай тұрақсыз болып тұрғанда банкроттықты қалай уақтылы жүзеге асыруды білу керек әрі шетелдік реттеушілермен әрекеттесе алатын мүмкіндік болуы қажет.
Соттар бұл істі жалғыз өздері атқара алмайды. Әсіресе жаңа заң жобасында көрсетілгендей, демалыс күндеріндегі 48 сағат ішінде. Алдын ала жоспарлай алмағандықтан, соттар банктің жағдайын білмей тұрып, оны қайта құрылымдауға кіріседі. Оның үстіне, егер бір уақытта бірнеше мега-банк құрдымға кететін болса, онда соттар бүкіл экономиканы шарпитын ауқымды дағдарысты басқаруға қауқарсыз. Әрі олар істі шетелдік реттеушілермен үйлестіре алмайды.
Қысқаша айтсақ, қайта құрылымдауды дұрыс жүзеге асыру үшін бұл іске реттеушілер араласып, жұмысты жоспарлау және үйлестіру жөнінен кеңес беріп отыруы керек. Ал қазіргі жоспар бойынша, бұл іске реттеушілердің көмегі қажет болмай, олар бұл процестен мүлде тыс қалайын деп тұр.
Мәселен, жаңа жоспар бойынша, реттеушілер мега-банкті банкрот қылу жөнінде бастама көтере алмайды, себебі бұл іс банктің өз менеджерлерінің құзырында болады. Қаржылық емес секторларда әлсіз компаниялар өздерін банкрот деп жарияламай ұзақ отырып алады. Тек кредиторлар қысым жасап, талап ете бастаған кезде ғана құрдымға кеткен компания өзін банкрот деп жариялауға мәжбүр болады. Банк саласын реттеушілерге де осындай ықпал ету тетіктері берілсе, онда олар экономика үшін ең ыңғайлы кезде банкроттықты бастауға пәрмен бере алар еді.
Бұл тетікті олардың қолынан алып алудың ауыр салдары болмақ. Құрдымға кетіп бара жатқан өнеркәсіп фирмаларының басшылары сияқты банк басшылары да ғайыптан тайып бір жақсылық болар деп, құдайға сиынып, бәрін кері ысырып отыра беруі мүмкін. Бірақ құлдырап бара жатқан банк қолма-қол ақшасыз «құдайға сиынып» отыра берсе, ол 2008 жылғы Lehman Brothers сияқты жүйесіз түрде банкрот болуы мүмкін. Ал шынайы экономикаға қатер төндіруі ықтимал.
Яғни, үкіметтің реттеушілері соттардың қолынан келмейтін нәрселерді істей алады. Соттарда бүкіл ел аумағын қамтитын аяқтан тұрғызу жоспарын жасайтын қызметкер де, тәжірибе де жоқ. Оның үстіне олардың ақшадан қысылып, шатқаяқтаған банкті аяғынан тұрғызу үшін қарызға бере қоятын ақшасы да жоқ. Ал үкімет мұны істей алады, әрі (лайықты кепілзат алу арқылы) ол банктің қарызды қайтаратынына немесе (Додд-Франк актісінің талабы бойынша) жалпы қаржы секторының төлемді жүзеге асыратынына көз жеткізе алады.
Соттар қаржылық емес банкроттық мәселесін шешіп жатқанда жедел өтімділікті қамтамасыз ету үшін қарыз алуға мұқтаж болады. Алайда, қаржы дағдарысы кезінде әлсіз банктер қарыз бере алмайды, яғни мұнда үкімет – қаражатпен көмектесетін басты құтқарушы болуы керек. Ал бұл рөлді дұрыстап атқару үшін әрі керек болған жағдайда жедел араласуы үшін үкімет банкроттық процесіне толық қатысуы қажет.
АҚШ-тың Өкілдер палатасы қарастырып, қабылдап үлгерген қазіргі жоспардың басқа да кемшіліктері бар. Біріншіден, Американың мега-банктері бүкіл әлемде қызмет атқарады, көбінің Лондонда және басқа да қаржы орталықтарында үлкен өкілдіктері бар. Егер Американың мега-банкінің шетелдегі өкілдігінің кредиторлары мен салымшылары ондағы ақшаларын алып қаша бастаса, немесе шетелдік реттеуші ол өкілдікті жауып тастаса, АҚШ-тың банкі өте қиын жағдайда қалады. Ал соттар шетелдік реттеушілермен келіссөз жүргізе алмайды. Егер АҚШ-тың реттеушілері банкроттықты жүзеге асырудың уақытын бақылап, процеске араласса, келіссөз жүргізе алар еді.
Негізінде, қазіргі банкроттық туралы заң – пайдалы заң. Бірақ оның осал тұстары бар. Ол кең ауқымды қамтитын, жалпы банкроттықты жүзеге асыра алмайды. Мұнда банкті жабу операциялары соттың құзырына берілген, жұмыс істеп тұрған операцияларды сатып, компанияның кіріс-шығыс балансына қарай қарыздарды қайта құрылымдау көзделген. Ал жаңа заң жобасы сенбі-жексенбі күндері шағын көлемде қайта құрылымдауды ұсынады. Ондай болса, қарыздарды құрылымдау процесі бірер жыл бұрын басталуы керек. Банк жұма күні кешке жабылып, алдын ала жоспар бойынша, қарыздарының бәрінен құтылып, үкіметтен ешқандай қарыз алмастан, дүйсенбі күні таңертең қайта ашылады (ең оптимистік сценарий бойынша).
Сәтті өтетін болса, мұндай жылдам банкроттау процесі пайдалы болмақ. Бірақ мұны ешкім істеп көрген жоқ. Банкті дүйсенбі күні таңертең қайта ашу үшін банкрот болған банктің миллиардтаған доллар ұзақмерзімдік қарыздары алдын ала қайта құрылымданып қоюы керек. Сонда ғана банкроттық соты оны демалыс күндері оның мойнынан алып тастай алады.
Бірақ, банкроттық бойынша судьялар банктің қарыздары жөніндегі ақпаратты алдын ала білмейді, сондықтан олар қарызды алып тастау туралы шешім шығару үшін демалыстағы екі күн жеткіліксіз болмақ. Ал үкіметтің реттеушілері мұны алдын ала жүзеге асыра алады. Ал жаңа жоспар бойынша, олардың бұлай істеуіне ресми түрде мүмкіндік берілмейді.
Дұрыс жұмыс істесе, банкроттық – құрдымға кеткен фирманы қайта құрылымдап немесе таратудың жақсы әдісі. Бірақ егер құлдыраған мега-банк дүйсенбі күні таңертең ашыла алмаса, қаржы жүйесі оған көмеккен келуі керек. Жаңа заң жобасы бойынаш, реттеушінің кепілдігі болмағандықтан, сенбі-жексенбіде қайта құрылымдау сәтсіз болса, онда бүкіл әлемде жаһандық берекетсіздік басталады. Яғни, 2008 жылғы Lehman Brothers-тың банкротқа ұшырау сценариі қайталанады.
Дағдарыс кезінде қаржылық тұрақтылықты сақтау – жалғыз ғана банкроттықтың аясына тығылудан гөрі маңызды да жауапты шара. Соттар әуе компанияларын қайта құрылымдауды үйренгені сияқты банктерді қайта құрылымдауға да машықтанып, мұны бір жолға қойып алса, онда оңай болар еді. Бірақ, соттар бұрын мұндай шаруаны ешқашан атқармағандықтан, оларға сенім арту қауіпті. Өкілдер палатасы реттеуші басқаратын қайта құрылымдау жүйесін сот басқаратын әлсіз жүйемен алмастыру жөніндегі жобаны жеделдетіп қарап, мақұлдап жіберді. Қазынашылық департаментіндегілер мұны қайта салмақтап, дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенеміз.
Осыған ұқсас идеялар айтылған, банкроттық, банктерді бақылау, қаржы салаларын меңгерген 120 ғалым қол қойған хат Конгреске жіберілген.
Автор туралы: Марк Рой – Гарвард Құқық мектебінің профессоры.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024