Сәрсенов Сәкен Сейтжаппарұлы 1977 жылы 2 ақпанда дүниеге келген. 2000 жылы Мәскеу мемлекеттік авиация институтын «Ақпаратты өңдеу мен басқарудың автоматтандырылған жүйелері» мамандығы бойынша бітірген. Екінші жоғарғы білімін «Құқықтану» мамандығы бойынша Еуразиялық гуманитарлық институтында алды.
2000 жылы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникацилар министрлігінің Көліктік бақылау комитетінің жетекші маманы ретінде мемлекеттік қызметке тұрды. Қазақстан Республикасы радиожелілік спектрін қолдануды бақылау мәселелерімен айналысты.
2000 жылдың қараша айы мен 2003 жылдың қазан айы аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Қаржы жүйелерін ақпараттандыру орталығы» РМК ақпаратты қорғауды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Министрліктің ақпараттық жүйелері мен ресурстарын Қазақстан Республикасында тұңғыш рет енгізілген адаптивтік қауіпсіздік технологиясын қолданумен қорғауды ұйымдастыру мәселелеріне жетекшілік етті.
2003 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды, мұнда ұлттық ақпараттық инфрақұрылым мен «электрондық үкіметтің» инфрақұрылымын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында жобаларды іске асыру мен мекемеаралық ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу мәселелерімен айналысты. Сол кезеңде «Жеке тұлғалар», «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер базалары, электрондық үкімет порталы, жылжымайтын мүлік регистрі, электрондық құжатайналымының бірыңғай жүйесі іске қосылды.
2008 жылдың сәуір айы мен 2009 жылдың қазан айы аралығында «Қазақтелеком» АҚ-ның электрондық қызметтер жөніндегі басқарушы директоры болып жұмыс істеді. Бизнес-жобаларды дамыту мен Қазнетте жаңа интерактивтік және транзакциялық қызметтерді жасау бойынша жетекшілік етумен қатар ҚР-да электронды оқыту жобаларын іске асыру мен ұялы WiMAX технологиясының негізінде желі құру мәселерімен айналысты. Телекомнан инфокомға көшу тұжырымдамасын әзірледі.
2009 жылдың қыркүйегінен бастап 2010 жылдың 30 наурызына дейін - Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары. Қылмыстық істердің электронды тіркеу жүйесін (электрондық ӨЕҚ) әзірлеп енгізді.
2010 жылдың наурыз айы мен 2012 жылдың қаңтар айы аралығында - Қазақстан Республикасының байланыс және ақпарат министрлігінің вице-министрі. Дәл осы кезеңде, 3G қызметтері, цифрлық спутниктік және эфирлік теледидар іске қосылды, сондай-ақ, 2011 жылдың 11 наурызында осы мекемеге тапсырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) жаңғыртылып автоматтандырылды.
2012 жылы 1 ақпанда Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министрлігінің вице-министрі болып тағайындалды (№180 01 ақпан 2012 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы). Бұл лауазымда байланыс қызметтерінің тарифтерін төмендету мен мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмыстарын жалғастырып, 4G-дің іске қосылуын, MNP жобасының басталуын және де автомобиль иелеріне арналған арнайы ХҚКО-ларының ашылуын бақылады.
2014 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. ХҚКО, электрондық үкімет, IT және телекоммуникация салаларын дамытумен айналысты.
2014 жылдың 18 тамызы мен 2016 жылдың 21 мамыр айының аралығында - Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің вице-министрі.
2016 жылдың 21 мамырынан бастап - ҚР Ақпарат және коммуникация вице-министрі. ХҚКО, электрондық үкімет, ақпараттандыру және байланыс салаларын дамыту бойынша жұмысын жалғастыруда.
Дереккөз: inform.kz
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024