Алматы. 10 сәуір. 7kun.kz - Қазақстандағы инвесторлардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарына сенімі арта түсті. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
«Инвесторлар тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарына сенім артып келеді. Бұған өз қаражатын осы саладағы жобаларға салуға дайын жеке қаржы бастамалары санының ұлғаюы куә болып отыр. МЖӘ жобалары бойынша міндеттемелердің қабылдануын және орындалуын мониторингілеу үшін Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйесінде тиісті модульді іске қосу мәселесі пысықталуда», - деді министр.
Тимур Сүлейменовтің айтуына қарағанда, МЖӘ бағытында жасалған шарттар саны бойынша көшбасшылар - Шығыс Қазақстан облысы (71), Оңтүстік Қазақстан облысы (22), Қарағанды (21), Қостанай (20) облыстары болып саналады. Ал тартылған инвестиция көлемі бойынша Ақтөбе облысы - 15,4 млрд теңге, Астана қаласы - 15,1 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысы - 12,3 млрд теңге, Оңтүстік Қазақстан облысы - 10,8 млрд теңгелік салыммен өзге өңірлерден алға озған.
«МЖӘ шарттарын кепілмен қамтамасыз етуге қатысты айтарым. Министрлік Ұлттық банкпен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп қолданыстағы заңнамалық актілерге бірқатар түзетулер әзірледі. Аталған түзетулер Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға бағытталған заң жобасына қосылған және қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдарда келісіліп жатыр», - деді министр.