Астана. 4 қаңтар. 7kun.kz - Сириядағы жағдай бойынша Қазақстанда өтетін кездесуді талқылау үшін 9-10 қаңтарда ресейлік делегация Түркияға барады. Бұл туралы Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чаушоглу Anadolu агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді деп жазады Reuters.
Ресей мен Түркия сириялық дауда жан-жақта позицияны ұстанып отыр. Дегенмен Астанада өтетін кездесу қорытындысы бойынша, екі жақ ұрысты тоқтату жөнінде алдын-ала келісімге келуі керек.
Астананың Сирия диалогына арналған алаң болатыны туралы 18 желтоқсанда белгілі болды. Ресей басшысы Владимир Путин мен Түркия президенті Реджеп Тайып Эрдоған келіссөздер жүргізіп, Сириядағы қақтығысушы жақтар арасында бейбіт диалог өткізуге қызығушылық білдірді. Осыдан кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт келісімдер үшін алаң беруге дайын екендігін мәлімдеді.
Мәскеу мен Анкара 28 желтоқсанда Сирияда ымыраласу жоспарын келісті. Ресми түрде барлық детальдары жарияланған жоқ, бірақ құпия дереккөздеріне сілтеме жасаған Reuters-тің жазуынша, Мәскеу мен Анкара Сирияны "ықпал ету" аймақтарына бөліп алуға уағдаласқан. Олардың болжамынша, Сирия президенті Башар Асад келесі сайлауға дейін билікте қалады, ал кейінірек оны "ықпалға көнетін" басқа кандидат алмастырады. Егер келісім-шарттар орындалса, сириялық билік пен оппозиция Астанадағы қақтығысты реттеу бойынша келісссөздер жүргізуі қажет.
Жоспар бойынша, ұрысты тоқтату режимі 30 желтоқсаннан бастап күшіне енуі керек еді, бірақ межелеген уақыттан екі сағат өтпей жатып режим бұзылды. Syrian Observatory for Human Rights мәліметінше, көтерілісшілер Хама провинциясындағы үкімет әскерлерінің позицияларына шабуыл жасаған. Оппозиция өз кезегінде сириялық әскерді Идлиб провинциясындағы екі елді мекенге от ашты деп айыптады.
Ал 3 желтоқсанда Republic басылымы кем дегенде 10 сириялық оппозициялық топтың Астанадағы келіссөздерге дайындықты тоқтатқандарын мәлімдеді. Оған Дамаск тарапынан бейбіт режимнің сақталмауы себеп болған. Олардың жариялауынша, үкіметтік әскерлер мен олардың одақтастары Ресей мен Түркияның қатысуы арқылы жасалған келісім толығымен сақталмайынша, дайындық тоқтатылады.





