Бүгін Air France әуе компаниясы Иран мен Ирак аумағы арқылы ұшуды тоқтататынын хабарлады.
"Air France, әуе соққысы туралы білгеннен кейін Иран мен Ирак аумағы арқылы ұшуды тоқтатты. Бұл қауіпсіздік мақсатында жасалды", - деді компания өкілі франциялық БАҚ-на.
Бұған дейін АҚШ ұшақтарына Иран мен Ирак аумағынан, Парсы, Оман шығанағы үстінен ұшуға тиым салған еді.
Ал бүгін таңертең бортында 168 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі бар украиналық Boeing 737-нің апатқа ұшырап, экипаж бен жолаушылардың қаза тапқаны хабарланды. Әйтсе де оның АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіскен жағдайға қатысы бар-жоғы белгісіз. Кейбір деректерге қарағанда ұшақ техникалық ақаудан апатқа ұшыраған. Иран зымырандары байқаусызда атып түсірді деген ақпарат та тарады.
Толықтырылды: Кешке қарай Lufthansa, Finnair, Singapore Airlines, China Airlines, Malaysia Airlines Таяу Шығыс арқылы ұшпайтынын мәлімдеді, Emirates пен Flydubai Бағдадқа ұшуды тоқтатты. Ресейлік «Аэрофлот», «Победа», «Уральские авиалинии» мен S7 де Иранды айналып ұшатынын хабарлады. Ал Украина ертеңнен бастап барлық әуе компанияларының Иран үстімен ұшуға тиым салды.