Алматыда құлаған автомобиль көпір құрылысының бас мердігері "Базис" құрылыс компаниясы зардап шеккендердің отбасына өтемақы төлейді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлайды.
"Қазір 11 адам емханада жатыр. Біз әрдайым олардың туыстарымен, медициналық персоналмен байланысып отырамыз. Барлық жұмысшылардың жағдайы бірқалыпты, қауіп тудырмайды. Компания емдеуге қажетті барлық шығындарды өз мойнына алды және қаржылай өтемақы төлеп жатыр",-делінген хабарламада.
Құрылыс компаниясының мәліметінше, көпір құлаған кездегі негізгі құрылымдар зардап шекпеген. "Оқыс оқиға құрылыстың ұзынша бос орындарын нығайтып тұратын уақытша құрылымдарға қатысты орын алды. Құрылыс материалдардың кей бөлігі сақталған. Мемлекеттік шығын келген жоқ, барлығы бас мердігер ретінде "Базис" компаниясының есебінен төленеді", -деп атап өтеді баспасөз қызметі. Обьектіде тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы комиссия құрылды. "Оқыс жағдайдың себебі анықтала салысымен компания ашық түрде жариялайды. Бұл жақын уақытта болады деп сенеміз. Қазір жұмыс штатты режимде жүргізілуде", - деп жазылған хабарламада. Жоспар бойынша автомобиль көпірінің құрылысы 2016 жылдың екінші жартысында аяқталуы қажет.
Еске салайық, осыған дейін Саин көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында құрылысы аяқталмаған көпір құлады. Апат кезінде ол жерде 52 жұмысшы болған. Олардың 21-і зардап шегіп, медициналық көмек көрсету үшін емханаға жіберілді. Кейінірек 10 адам үйлеріне босатылды. Қазір емханада он жұмысшы жатыр, екеуінің жағдайы ауыр. Болжаммен қирандылар астында тағы бір адам қалуы мүмкін.