Алматы. 11 қазан. 7kun.kz – 12-13 қазан күндері Алматыда әлемнің үздік офтальмологтары бас қосады.
Қазақстанға Ұлыбританиядан, Германиядан, АҚШ-тан және Ресейден, Өзбекстан мен Грузиядан, Әзірбайжан мен Венгриядан және Үндістаннан танымал офтальмолог-ғалымдар келіп, отандық офтальмологтармен бірлесе офтальмология саласының өзекті мәселелерін талқыламақ.
Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының 85 жылдық мерейтойына орай «Заманауи офтальмология: ғылым мен тәжірибенің интеграциясы» тақырыбында ұйымдастырылған халықаралық конференция шеңберінде мамандар заманауи офтальмологияның өзекті мәселелері болып саналатын рефракциялық бұзылыстар, глаукома, көз тамырының аурулары, офтальмоонкология, құрғақ көз синдромы, ортокератология сынды диагноздарды емдеу мен алдын-алу төңірегінде пікір алмасады.
Алғаш рет конференция шеңберінде Ресей Федерациясының жетекші орталығы болып саналатын Уфалық көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының және Түрік тілді елдердің Офтальмологиялық қоғам сессиялары өткізіледі. Сондай-ақ, Германия мен Қазақстанның үздік офтальмологтары бірлесе «тірі хирургия» сессиясын өткізіп, рефракциялық ота, катаракта мен көздің ішкі тор қабығының ажырауы сынды ота түрлерінің заманауи әдісін көрсетеді. Жалпы алғанда шара шеңберінде жаңа технологияларды пайдалану арқылы және онлайн-режимде көрсете отырып, біздің мамандар 10 күрделі ота жасауды жоспарлап отыр. Одан бөлек, қазақстандық және шетелдік офтальмологтардың тәжірибесінен алынған, өте күрделі хирургиялық жағдайлар мамандармен талқыға салынатын болады.
Бүгінде Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты Қазақстан Республикасындағы офтальмология саласында диагностикалық және емдеу шараларының барлық түрлерін жүзеге асыратын басты орталық болып табылады. Институт еліміз бойынша глаукоманы алғашқы сатысында анықтайтын орталықтар құрып, скрининг жүргізетін арнайы бағдарламалар әзірледі. 2005 жылдан бері Институтта Витреоретиналды хирургия түрлері, оның ішінде көздің ішкі тор қабығына күрделі хирургиялық ота жасалып келеді.
Институт шала туылған нәрестелердің ретинопатиясы бойынша еліміздегі қызметтің координаторы, ретинопатияны ерте бастан анықтауға бағытталған скринингтік бағдарлама әзірленіп, бағдарлама аясында Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Қарағанды, Атырау, Өскемен қалаларындағы перинаталды орталықтарды арнайы кабинеттер ашылды. Нәтижесінде ауыр кеселді алдын-алу мен дер кезінде анықтауға мүмкіндік туып, нәрсетелердің көз жанарын сақтап қалуға барлық мүмкіндіктер жасалып келеді. Үстіміздегі жылдан бастап, алғаш рет Институтта және оның Астана қаласындағы филиалында шала туылған нәрестелердің ретинопатиясына шалдыққан нәрсетелерге ерте ленсвитрэктомия отысы жасалды. Бұған дейін, науқастар шетелде ғана ота жасатып, ем алуға мәжбүр болатын.
Сонымен қатар, Институт еліміз бойынша көз іші ісік түрлерін емдеу барысында азғаны сақтап қалатын ем түрін жүргізудің бастамашысы. Институт мамандары 2011 жылдан бері кіші көлемдегі көз іші меланомасын, ал 2015 жылдан бері ретинобластоманы лазермен емдеу әдісін қолданып келеді.
Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты халықаралық ынтамақтастықты дамытып, Ұлыбританияның Кардифф Университетімен серіктестік байланысты орнатқан.
Қазіргі таңда Институт ТМД елдері арасында алғаш рет эндотелиалды кератопластика отасын жасап, көздің қасаң қабығының трансплантациясы бойынша жетекші орталық болып отыр.