Экономика
IT, Технология
Алматылықтар автобустарды “онлайн” режимінде бақылай алатын болды
Citybus қосымшасы қайта іске қосылады. Ұялы қосымшаның көмегімен қала тұрғындары автобустардың қозғалысын онлайн режимінде бақылай отырып, аялдамаға қашан келетінін де есептей алады. Бұл туралы Almatynews.kz хабарлайды.
Барлық қоғамдық көліктерде орнатылған бұл қосымша, GPS-белгі беру құрылғысымен жабдықталған. Citybus алғаш рет 2012 жылдың көктемінде іске қосылған еді, алайда оның жұмысы тоқтап қалды. Қосымшаны жасаушылар бір жыл көлемінде бағдарламаны жетілдіру жұмыстарымен айналысып, енді қайтадан алматылықтардың пайдалануына ұсынып отыр. Citybus қосымшасын iOS және Android платформаларынан жүктеуге болады.
«Қосымшаны кез-келген iOS не Android-пен жұмыс жасайтын ұялы құрылғысы бар адам жүктей алады. Жүктеп сосын пайдаланады. Сонымен қатар біз қосымша қызмет енгізуді жоспарлап отырмыз, яғни жолақыны ұялы телефон арқылы төлеуге болады», -деді қосымшаны әзірлеуші Ербол Ақынжанов. Жаңа нұсқада жолаушыларды тасымалдаушы компаниялар туралы ақпараттар, қызмет көрсетуші ұйымдардың тізімдері және олармен байланыс бөлімі қоса көрсетілетін болды. Сонымен қатар GPS-навигация қызметі де енгізілді. Ол баратын жеріңізге тиімді жету бағыттарын ұсынып отырады.