
Алматыда қала мектептерінің оқушыларға, ата-аналарға және ұстаздарға тартымдылығы жағынан көрсеткішін теңестіру арқылы білім саласындағы теңсіздікті жоюды көздеген «Мектепке арналған мектеп» атты қанатқақты әлеуметтік жобасы іске қосылды. Бір жылға созылатын экспериментке оңтүстік астананың төрт орта мектебі қатысады.
Бастама иелері – Алматы қаласының білім басқармасы, Алматы қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия және EDU Stream халықаралық тіл академиясы.
«Мектепке арналған мектеп» жобасының көздеген аудиториясы – шаһардың № 47 жалпы білім беру мектебінің, № 20 жалпы білім беру мектебінің, № 40 жалпы білім беру мектебінің, О. Жандосов атындағы № 105 гимназияның оқушылары, педагогикалық және ата-аналар қоғамдастығы.
Әлеуметтік жоба білімнің ықпалын күшейту үшін атаулы көмек, қолдау көрсету және тәлімгерлік арқылы қоғамдық бастамаларды жұмылдыра отырып мектептің әлеуетін көтеруге бағытталған. «Мектепке арналған мектеп» қанатқақты нұсқасы бір жыл көлемінде «1 Мектеп-Ментор + 3 Мектеп-Менти» форматында тікелей жұмыс істейді. Ментордың қызметін атқарушы О. Жандосов атындағы № 105 гимназия – түлектері 100% отандық және шетелдік ЖОО-на түсіп жүрген Юнеско қауымдастығына кіретін және IB жобасында өзінің жетістік жолындағы тәжірибесімен бөліскен мектеп. Ілкі үлгіге қатысушы қалған үшеуі – № 47, № 20, № 40 жалпы білім беру мектептері эксперимент кезіндегі тәлімгерлік бағдарлама барысында көзделген барлық қолдау көрсетілетін ментилер.
Тегін менторлық жұмыс кезең бойынша төрт бағытта жүзеге асады: әкімшілік-басқарушы персоналмен жұмыс, педагогтар құрамымен жұмыс, оқушылармен жұмыс және ата-анамен жұмыс. Жоба бастамашылары оң нәтижеге тек осы жолмен – мәселені жан-жақты қарастыру арқылы – процеске қатысы бар әр тарапты қамти отырып қол жеткізуге болатынына сенімді.
- Алматы қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі ретінде айтарым, бізде EDU Stream халықаралық тіл академиясы сияқты ресурс болғандықтан, отандық мектептердің тартымды болу үшін нендей қажеттілігі барын білеміз. «Тартымды мектеп» дегеніміз қандай мектеп – ол өз бетінше бренд болып табылатын мектеп, яғни оқушылар сол жерде оқығысы келетін, ата-аналар баласын сол жерге орналастыруға ұмтылатын, ал ұстаздар сол жақта жұмыс істегісі келетін білім ошағы. Ондай мектепте педагогтар жиі ауыспайтынын, ал оқушылар мен ата-аналар білім сусындауға ат салысатынын тәжірибе көрсетіп берді. Ғаламда өзгеріс шаң жуытпай тұр, білім де тез жаңарады, ендеше орта білім саласындағы заманауи мектеп те білім беру, стратегиялық және басқа үдерістерін үнемі жаңартып отыруы – уақыт талабы. Бір сөзбен айтқанда, тартымды мектеп, бұл бәсекеге қабілетті Қазақстан азаматын тәрбиелейтін білім ордасы, - деп атап өтті Алматы қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі әрі EDU Stream халықаралық тіл академиясының бас директоры Наталья Мұхамеджанова.
Жобаға іріктелген мектеп-ментилер – жоғары деңгейге көтерілуге деген құлшынысы мен ниеті бар орта білім өкілдері. Сәйкесінше «3 Мектеп-Менти» – № 47, № 20, № 40 жалпы білім беру мектептері Алматы қаласының әртүрлі ауданынан таңдалған көрсеткіші орташа, дегенмен барлығы болашақта бір мақсатты – осы әлеуметтік жобаның көмегімен бар әлеуетін паш етуді көздейтін білім ошақтары.
«Мектепке арналған мектеп» әлеуметтік ілкі жобасын 2025-2026 жылдар аралығында жүзеге асыру жоспары бастаманы қолдаған келесі ұйымдардың жұмысын қамтиды:
- «SHL Central Asia» компаниясы персоналды бағалау және дамыту бағытында көшбасшылардың бірі;
- ICF Қазақстан компаниясы педагогтар құрамына коучинг жүргізеді;
- О. Жандосов атындағы № 105 гимназия мектеп-ментилердің басқарушы персоналының басқару жүйесін реттеу мен даму стратегиясын қалыптастыруға қатысты біліктілігін бағалайды;
- ЮНЕСКО клубының Қазақстандағы Ұлттық федерациясы жобаға қатысушы барлық оқушыға бірқатар тақырыптық лекциялар, шеберлік сабақтар мен көшбасшылармен кездесу ұйымдастырады.
Жасөспірімдерге кәсіп таңдауға және ата-аналарға болашақта кәсіби тұрғыда өсуге қолдау көрсету, жасөспірім баласы бар ата-аналарға «ата-ананың рөлі қай жерде аяқталып, қай жерде ұстаздың жауапкершілігі басталатынын» коучинг арқылы түрлі көмек құралдарын қолдану жоспарда бар. Сонымен қатар жоба аясында педагогтар құрамына білім беруді ұйымдастыру, әдістемелік оқулықтар жиынтығын ұсыну, білім беру әдісін түзету, ассессмент, таланттарды басқару жағынан әдістемелік көмек көрсету және басқару жүйесіне қатысты кеңес беру көзделген.
Әлеуметтік жобаны Алматы қаласының білім басқармасы, Алматы қалалық білім басқармасының Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы, Алматы қаласының әкімі жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы, Алматы қаласының Қоғамдық Кеңесі, ЮНЕСКО клубының Қазақстандағы Ұлттық федерациясы, SHL Central Asia, ICF-Kazakhstan және басқа жергілікті және халықаралық ұйымдар қолдады.