Алматы. 26 наурыз. 7kun.kz – «Астана Банкі» АҚ тарату комиссиясы кредиторлар – жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау мерзімін жұма, 29 наурызға дейін ұзартты.
Берілген өтініштер негізінде «Астана Банкі» АҚ тарату комиссиясы «Астана Банкі» АҚ-ның әрбір кредиторы алдындағы банктің міндеттемелерін ескеретін тарату балансын қалыптастырады.
«Астана Банкі» АҚ-ның 268 458 салымшыларының ішінен 267 420 салымшыларының (99,6%) депозиттеріне жинақталған (капиталдандырылған) сыйақыны ескере отырып толық көлемде кепілдік беріледі. Банктің қалған 1 038 салымшысының (0,4%) кепілдендірілген ең жоғарғы сомадан асатын депозиттері бар. Бұл салымшылар кепілдендірілген ең жоғарғы соманы банк-агенттен алуларына және кепілдендірілген соманың үстіндегі қалдығын төлеу үшін тарату комиссиясына өтініш берулеріне болады. Сондай-ақ тарату комиссиясына есептелген (капиталдандырылмаған және төленбеген) сыйақы бойынша талаптары бар салымшылар да өтініш беруге құқылы. «Астана Банкі» АҚ-ның 29 наурызға дейін өтініш берген салымшылары – жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер банк кредиторларының 4-кезегіне енгізіледі.
Өтініштер еркін жазбаша нысанда «Астана Банкі» АҚ тарату комиссиясының төрағасы Д. М. Зинуллинаның атына жіберіледі және мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс: өтініш беруші – жеке тұлғаның ТАӘ және ЖСН-і (жеке тұлғаны куәландырушы құжаттың көшірмесі қоса тіркеледі),
банктік шоттың (ЖСК/IBAN) нөмірі немесе банктік шот, банктік салым шартының нөмірі,
кредитордың алдындағы банктің орындалмаған міндеттемелер сомасы (негізгі борыш пен сыйақының, тұрақсыздық айыбының және басқа айыппұл санкцияларының, шығындардың мөлшері бөлек-бөлек көрсетіледі),
ақша аудару үшін төлем деректемелері (өтініш берушінің қарастыруы бойынша),
пошталық деректемелері (индекс, мекенжайы) – тарату комиссиясынан кредитордың өтінішін қарастыру нәтижелері туралы жауап алу үшін.
Өтінішке талап етудің негізі мен сомасын растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса беру қажет (мысалы, банктік шоттан үзінді көшірме, банктік шот, банктік салым шарты, заңды күшіне енген сот шешімдері немесе талап ету құқығын растайтын басқа да құжаттар). Тарату комиссиясына ұсынылатын құжаттардың көшірмелерін нотариалды куәландыру талап етілмейді. Талап ету сомасын растайтын шот бойынша көшірмені тарату комиссиясының филиалынан алуға болады.
Өтініштерді жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жеке өздері беруі мүмкін немесе «Астана Банкі» АҚ тарату комиссиясының филиалдарына пошта арқылы жіберулеріне болады. Кредиторлардан келіп түскен өтініштерді қараудың ең ұзақ мерзімі, егер басқа мерзімдер банк пен кредитордың арасында жасалған шартта айтылмаса, алынған күннен бастап екі аптаны құрайды.
Қазіргі уақытта тарату комиссиясы алынған 480 өтініш бойынша кредиторлар – жеке тұлғалардың талаптарын мойындады. Бұл талаптар кредиторлардың 4-кезегіне енгізілді.
Кредиторлар кеңес алу үшін тарату комиссиясының бас кеңсесіне 8 (727) 259 6060 телефоны бойынша хабарласа алады. Қазақстанның сегіз қаласындағы тарату комиссиясы филиалдарының мекен-жайын ҚДКБҚ колл-орталығында 1460 тегін қысқа нөмірі бойынша, Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының веб-сайтында: www.kdif.kz және ҚДКБҚ телеграм-чатында: t.me/kdif_ask анықтауға болады.
Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін «Астана Банкі» АҚ тарату комиссиясы банктің мүлкін сатуға дайындау және кезектілікке сәйкес банк кредиторларымен есеп айырысу жұмыстарын бастайды.
Тарату комиссиясы бір ай ішінде банктің активтері мен кредиторлардың банкке қойылатын талаптары ескерілетін банктің аралық балансын қалыптастырады және Қазақстан Ұлттық Банкіне келісуге береді. Аралық баланс берілген күннен бастап бір ай ішінде бекітілуі немесе қабылданбауы тиіс.
Аралық баланс бекітілгеннен кейін бір ай ішінде банктің кредиторлар комитетінің құрамы бекітіледі және тарату комиссиясы кредиторлармен олардың талаптарының кезектілігі тәртібімен есеп айырысуды бастайды.
Кредиторлар комитетіне осы кезектегі барлық кредиторлардың арасында ең көп талап сомасы бар әрбір 10 кезектегі кредиторлар өкілдері кіреді. Кредиторлар комитеті барлық кредиторлардың құқықтарының сақталуын, сондай-ақ тарату процесінің тиімділігін, тарату комиссиясы шығыстарының негізділігін және банктің активтері мен мүлкін сату барысын бақылауға арналған.
Кредиторлар комитетінің құрамы бекітілгеннен кейін тарату комиссиясы банктің активтері мен мүлкін сатуды бастайды. Банк активтерін сату барысында түскен ақша, өтініш берген бір кезектегі кредиторлар арасында тепе-тең бөлінеді. Есеп айырысу кредитор көрсеткен банктік деректемелер бойынша қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүргізілетін болады. Әрбір кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мерзімдеріне кепілдік берілмеген және банк активтерін сату нәтижелері мен банк берген қарыздарды қайтару бойынша талап-арыз жұмысына байланысты болады.