Алматы. 26 маусым. 7kun.kz - Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндірісінің қазіргі деңгейін сақтап қалады, деп хабарлайды inform.kz.
«Біздің елде қазіргі уақытта тәулігіне 1 миллион 800 мың баррель мұнай өндіріледі. Біз бұл мөлшерді төмендетпейміз. Орташа есеппен тәуліктік өндіріс жылдың аяғына дейін сақталып қалады. ОПЕК аясында біздің бастапқы міндеттемелер 2016 жылдың қарашасындағы деңгейіне қарағанда, 20 мың баррель болатын - бұл дегеніңіз тәулігіне 1 миллион 680 мың баррельге тең еді. Алайда біз келісімге қол қояр кезде егер шектеу Қазақстанда ұзақ мерзіммен жұмыс жасайтын инвесторлардың мүдделеріне, яғни Қашаған жобасына әсер ететін болса, онда бұл жайт ескерілетіндігін айтқан болатынбыз»,- деді Қанат Бозымбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып. Министр өз сөзінде Қашағанның жұмысы 2016 жылы басталғанын, сол себепті мұндай ірі өндіріс орынына бірден шектеу қоюға болмайтынына байланысты түсіністік барын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстанға айтарлықтай салмақты талап жоқ. Айта кетсек, бұдан бұрын БАҚ-та ОПЕК+ елдері шілде айынан бастап мұнай өндірісін арттырғалы отырғаны хабарланған болатын. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бұған кейбір елдерде мұнай өндірісінің азайып кетуі себеп болып отыр. «ОПЕК-ке енетін және енбейтін елдерге қатысты бүкіл әлем бойынша тәулігіне 1,8 млн баррель өндіру талабына сай шешім қабылданған. Осы шешімнен кейін Венесуэла, Африка елдері мен Мексикада өндіріс 2,8 млн баррельге дейін төмендеп кетті. Яғни, 1 млн баррель артық. Бұл дегеніңіз, трейдерлардың қорында жылдың соңына дейін шикі мұнайдың қалмауына әкеп қоғуы мүмкін. Міне, сондықтан, ОПЕК-ке енетін және енбейтін елдердің терең талдауынан кейін келісімді 100 пайыздық деңгейде орындау туралы шешім қабылданды. Бұл жағдай 2018 жылдың соңына дейін қажетті үйлесімнің пайда болуына әкеледі», - дейді Қанат Бозымбаев.