Экономика
Қазақстандағы Еуроодақ Өкілдігінің жаңа басшысы тағайындалды
Бүгін Елші Траян Лауренцю Христеа Жоғары Мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын табыс етіп, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің Басшысы қызметіне ресми кірісті. Бұл туралы ЕО Қазақстандағы Өкілдігінен хабарланды.
"Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің Басшысы ретінде лауазымға кірісу мен үшін үлкен мәртебе. Мен аталған тағайындалуды ЕО пен Қазақстан арасындағы табысты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мүмкіндігі, әрі жақын арада қол қойылатын Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасының арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық жөніндегі жаңа келісімді іске асыруға ат салысу қадамы ретінде қарастырамын" - деді Елші Траян Лауренцю Христеа cенім грамоталарын ресми тапсыру рәсімі мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне жолдаған сөзінде.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына сенім грамоталарын Мажарстан Төтенше және Өкілетті Елшісі Андраш Барани, Польша Елшісі Мачей Ланг, Вьетнам Елшісі Доан Тхи Хиен Суан, сондай-ақ Түркия Елшісі Невзат Уянык тапсырды.
«Сіздерді еліміздегі дипломатиялық қызметтеріңіздің ресми түрде басталуымен құттықтаймын. Еларалық ынтымақтастықты дамыту жолындағы жұмыстарыңызға зор табыстар, өздеріңізге денсаулық тілеймін. Сіздер бізге мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезеңде келіп отырсыздар», - деді ҚР Президенті.