Банк сөзі итальяндықтардың "banco" деген сөзінен шыққан, біздің тілге аударғанда "ақша столы" деген мағынаны береді. Банк ісі ақшамен бірге пайда болғаны белгілі, яғни бұрын да банкке ұқсас ұйымдар ақшаны жинап-сақтап отырған. Адамдар сонда барып қарызға қаражат алып, үстіне белгілі бір мөлшерде үстемесін қосып қайтаратын болған. 7kun.kz банк жүйесінің қарапайым түрінен қазіргі жан-жақты дамыған, күрделі кейпіне дейін жету жолында әсер еткен 7 дерекке тоқталады.
Банк чегі
Лондондық эсквайр мистер Николас Ванакер Моррис және Клейтон атты мырзалардың лондондық банкінде сақталған 400 фунтке жазылған чекті мистер Делбоудың атына жазып береді. Бұл - біздің заманға дейін аман-есен жеткен, бас-аяғы бүтін толыққанды жалғыз құжат. Міне, осы себепті 1660 жылдың 16 ақпаны банк чегінің тарихы бастау алған күн ретінде атап өтіледі.
Банк чегінің алғашқы нұсқалары бұған дейін де Еуропада, тіпті Ежелгі Рим мен Грекияда болған екен. Осыған ұқсас құжатты орта ғасырларағы итальяндық сауда республикаларының (Гения, Венеция және т.б.) банкирлері де қолданған.
Ал қазіргі заманауи чекке ұқсас құжат алдымен Голландияда, кейінірек Англия мен өзге де саудасы дамыған елдерде кеңінен тараған.
XVIII ғасырдың басында Англия Банкі қолдан жасалған чектерден сақтану үшін аталған вексель түрін герб қағазында, арнайы формада басып шығарып отырған.
Тоқыраудың пайдасы
1930-1933 жж. Американың Ұлы тоқырау жылдарында шамамен 9000 банк банкрот болады, нәтижесінде олардың салымшылар бүкіл жиған-тергеніне айрылып, көк тиынсыз қалады. Осы жайттан кейін 1933 жылы ел азаматтарын банкрот жағдайларынан қорғау мақсатында Депозиттерді сақтандырудың федералдық корпорациясы (Federal Deposit Insurance Corporation, FDIC) құрылады. Осылайша салымдардың міндетті федералдық сақтандырылуы қамтамасыз етіледі.
Қазақстанда да Депозиттерге кепілдік беру қоры жұмыс істейді. Осы қордың арқасында Қазақстандағы кез келген коммерциялық банктегі 5 млн теңгеге дейін салымға мемлекет кепілдік береді.
Банк ұяшықтары
Қазіргі банктердің ұсынатын көптеген қызметтерінің бірі - клиенттерге банк ұяшықтарын пайдалануға беру. Оларды жеке сейф, сейф-бокс немесе депозит ұяшықтары деп те атайды.
Ең алғашқы «Safe Deposit Company of New York» деп аталатын сейфтік қойма 1865 жылы Фрэнсис Дженкстің бастамасымен Нью-Йоркта ашылған. Бұл қызметті пайдаланушылардың саны күрт өсіп, ХХ ғасырдың басында осындай қоймалар әлемнің түкпір-түкпірінде ашыла бастады.
Әдетте мұндай қоймалардың жұмыс істей жүйесі бірдей: Банк ұяшықтарынан тұратын құрама металл шкафтар банк қоймаларында (депозитарий) орналасады. Осы шкафтарда түрлі көлемдегі ұяшықтар болады, бұл түрлі өлшемдегі қымбат заттарды сақтауға мүмкіндік береді. Әдетте ұяшық жеке құлыппен жабдықталады. Оның екі кілті болады: біреуі - клиентте, біреуі - банк қызметкерінде. Осылайша, ұяшықты екі кілтпен ғана ашуға болады да, қорғаныстың жоғары дәрежесі қамтамасыз етіледі.
Инкассация
Әдетте әр банктің өзінің дербес инкассация жүйесі болады. Мақсаты - ақша, басқа да құнды заттарды алып бару және алып кету. Ең қызықтысы инкассатор машиналарының пайда болуына банктер бастамашы болмаған.
Алғашқы инкассатор автокөлігі 1920 жылдары Чикагода пайда болған. Бұл - қаладағы криминалдық жағдай әбден шиеленіскен кез. Бір-бірінен қорғану үшін полиция мен бандиттер өз автокөліктерін құрыш пластиналармен қаптап, күшейтетін болған. Кейін банктер осындай автокөліктерге жасатуға тапсырыс беріп, ақша тасымалы үшін пайдаланатын болған.
Банк карталары
Алдын ала төленген карталар арқылы есептесу идеясы 135 жыл бұрын, 1880 жылы пайда болған. Сол кезде америкалық ғалым Эдвард Беллами өзінің "Looking Backwards" кітабында есеп айырысу кезінде алдын ала төленген карталарды пайдалану туралы ұсынысын жасайды. Алайда оның бұл идеясы қолдау таппайды.
Тек 1950 жылы DCI (Diners Club International) компаниясы Diners Club атты ең алғашқы әмбебап төлем картасын шығарады. Бұл идея компанияның негізін қалаушы Фрэнк X. Макнамарға ресторанда болған бір оқиғаның арқасында келеді: кешкі асын ішкеннен соң, қолма-қол есептесу үшін Макнамардың ақшасы жетпей қалған екен.
Бұл ақша аударымдарының дамуына да септігін тигізеді, сонымен қатар көшедегі ұрлық-қарлықтардың санын азайтады.
Банкомат
Бірінші банкоматты ойлап тауып, оған 1939 жылы патент алған адам - Лютер Джордж Симджан. Құрылғы ақша беруін берген, бірақ оларды банктегі шоттан шегере алмаған, себебі сол уақыттың техникалық мүмкіндігі бұған кедергі болған. Бұл технология тек 30 жылдан кейін келді.
Банкоматтардың пайда болуымен банк қызметкерлері біршама жұмыстан босап, мамандандырылған қызмет түрлеріне көше бастады. Клиенттер кез келген уақытта банк опрерацияларын жасай алатын болды. Ал банктер болса, қызметкерлер құрамын қысқартып, табысын көбейтті.
Интернет-банкинг
1983 жыл. Шотландия банкі клиенттеріне Homelink атты интернет-банкинг бойынша қызмет ұсынатын Ұлыбританиядағы алғашқы жүйені ұсынады. Ол қолданушыларға теледидар мен телефонға қосылатын арнайы құрылғының көмегімен төлем жіберіп, шоттарды төлеуге мүмкіндік берген екен. Міне, дәл осы қызметтің арқасында бүгін біз қолданып жүрген интернет-банкингтің алғашқы үлгісі пайда болады.
Дайындаған Алмас Өтебай "7"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024