Қазақстан. 21 сәуір. 7kun.kz – "Вайнер Мейіржан Төребаевтың Mudarabah Capital қаржы пирамидасы ісі бойынша қамауға алынуы заңсыз". Белгілі қазақстандық адвокат Абзал Құспан Qazaqstan ұлттық арнасындағы «1001 түн» бағдарламасында осылай деді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Адвокаттың сөзінше, вайнерлердің қамалуы – халықтың көңіл күйінен кейін қабылданған қате шешім. Қазіргі заңнамадағы талаптарға сәйкес, жарнама жасаған азаматтарға қандай да бір қылмыстық түрлері жауапкершілік қарастырылмаған. Тек әкімшілік жауапкершілік қана қарасытылуы керек, дейді адвокат.
«Әуелі Төребаевтың өзін жәбірленуші деп тапты. Себебі ол он миллион теңге салған салымшы. Осы кезге дейін басқа жәбірленушілер сияқты ол да қайтара алмаған. Оның үстінен іс қозғау, қамау туралы арыздарға жыл жарым бойы бас тартылып келеді. Алайда әйел адам Астанаға барып үстіне бензин шашып өртеніп, шу шығарып еді, іс те қозғалды, Төребаев та қамалды, сонда осы кезге дейін шешімдер қайда қалды?», – дейді адвокат Абзал Құспан.
Ол сонымен қатар біз қанша жерден дұрыс/дұрыс емес деп шуласақ та, жарнама үшін қылмыстық жауапкершілік заңда қарастырылмаған деп отыр.
«Қаржы пирамидасы үшін тек қана сол ұйымды құрған және басқарған адамдарға ғана қылмыстық іс қозғалады. Ал Төребаев тек жарнама жасап берген, жоғарыда айтқанымдай өзіде салымшы болып, алданған. Бір сөзбен айтқанда, Алматы Полиция Департаменті, заңмен емес, елді шулату арқылы ғана мәселені шешуге болады деп, жағымсыз практика қалыптастырып отыр», – деді адвокат.
Ал тағы бір адвокат Ерлан Макенов әріптесінің сөзін қолдап әлеуметтік желіде жазба жариялады.
«Жаңа ғана Мейржаннан шығып жатырмын. Шын мәнінде оның еш кінәсі жоқ. 2021 жылғы сәуір айынан бастап қамауда жүрмеген Мейржанды бір күнде, жәбірленушілердің талаптарын орындау мақсатында қамалғаны ұят нарсе екен», – деп жазды Ерлан Макенов. Ол сондай-ақ, вайнердің халыққа арналған хатын жариялайтынын айтты.
Әлеуметтік желіде бұл іс бойынша пікір екіге жарылған. Көпшілігі Мейіржанның жарнамалаумен қатар, құрылтайшы болғанын жазып, соттау керек деп жатыр.
Бүгін Алматыда сондай-ақ вайнердің әйелі Дана Есеева баспасөз мәслихатын өткізіп, шулы іс бойынша ақпарат берді.
Еске салайық, 2021 жылдың 26 қазанында Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрушы Руслан Бурханов ұсталған болатын. Кейін аталған компанияны отандық блогерлер мен вайнерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзімжан Саидбаевтың жарнамалағаны белгілі болды. Сонымен қатар олар құрылтайшылардың қатарында болған.
10 ақпанда Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзімжан Саидбаев пирамидалық схема бойынша іс бойынша айыпталушылар қатарына қосылды. Алдыңғы екеуіне сот бұлтартпау шарасы ретінде «кепіл» санкциясын берген. Ал Саидбаевқа іздеу жарияланды.
11 сәуір күні Mudarabah Capital салымшысы Бағила Досмаилованың Ішкі істер министрлігі ғимаратының жанында өзін-өзі өртеп жіберді. 20 миллион теңгеге жуық қаржысын салған әйел Алматы полициясы басшысының орынбасары Рустам Әбдірахмановты айыптап, қылмыстық іс жабылып қалады деп күдіктенген. Қазіргі кезде ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Ал 20 сәуірде Mudarabah Capital қаржы пирамидасының төрт ұйымдастырушысы қамауға алынғаны жарияланды. Олардың қатарында белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар. Күдіктілер 10 күнге қамауға алынған.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024