«Бірінші Алла, екінші Талғат Ермегияев пен Асхат Дауылбаевқа қарызбын» – Қазақ шенеуніктерінің тікұшақтан құлау оқиғасы
Алматы. 6 маусым. 7kun.kz - Саясаткер, экономист, бұрын «Наурыз Банк Қазақстанның» басшысы, экс-қаржы вице-министрі, Ұлттық банк төрағасының орынбасары болған Оразалы Ержанов Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында 1999 жылы қаңтарда Асхат Дауылбаев, Талғат Ермегияев үшеуінің тікұшақтан құлап, аман қалған оқиғасын әңгімелеп берген.
«Астанада қаржы-вице министрі қызметінде едім. Кешке жұмыстан қайтып келе жатқанымда көлік жүргізушіме әйелі звондап, қала маңындағы ауылда ерлі-зайыпты екі адамды 8 қасқыр жеп кеткенін айтты. Өзім аңшы болғандықтан, сол қасқырларды іздеп шығуды жоспарладық. Ол кезде жеке кәсіпкер болып жүрген Талғат Ермегияев пен Әділет вице-министрі Асхат Дауылбаев үшеуміз жеке компаниядан тікұшақ алып, ұшып шықтық. Талғат мықты мерген, атудан Кеңес Одағында чемпион болған. Тек бір қателігіміз – тікұшақтың пилоты жасы келіп қалған, штурвалға отырмағанына 10 жыл болған адам еді. Компания басшысының орынбасары бірге барған соң сеніп қалдық. Содан қасқырға жетпей жолда тікұшағымыз құлады», - деп еске алды Оразалы Ержанов.
«Бас-аяғы алты адам едік. Екеуі көмек іздеп кетті. Себебі ең жақын ауыл 42 шақырымда. Талғат, Асхат, мен және пилот төртеуміз қақаған қыста бір тәулік далада қардың үстінде жаттық. Құтқару қызметі бізді келесі күні тапты. Тікұшағымыз жарылып кеткен еді. Менің денемнің 40%-ы күйді. Ең ауыр зақым алған мен. Киімдерім өртеніп кеткен соң жігіттер сырт киімдерін маған кигізіп, жатқызды. Асхат пен Талғат орман ішінде жүгіріп, терлеп келіп, екеуі екі жағыма жатып, денелерінің қызуымен мені жылытумен болды. Суып қалса қайта жүгіріп кетеді, қайта келіп жатады. Таңды осылай атқыздық», - деп естелік айтты саясаткер.
Ол осы көмектері үшін Ермегияев пен Дауылбаевқа қарыздар екенін жеткізді.
«Тікұшақ жарылардан 20 секунд бұрын мені сүйреп шыққан – Талғат. Түтінді көп жұтып, әлсіреп қалған едім. Шығып үлгердік. Талғат қазір түрмеде. Асхатты «Наурыз банк» оқиғасынан кейін көргенім жоқ, араласпаймыз. Осы жерде отырғаныма Алладан кейін Талғатқа қарызбын. Басқа не айтуға болады», - дейді Ержанов.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясын басқарған Талғат Ермегияев 2016 жылы үлкен көлемде қаржы ұрлады деген айыппен 14 жылға сотталып кетті. Асхат Дауылбаев 2011-2016 жылдар аралығында ҚР Бас прокуроры болды, қазір Конституциялық кеңес мүшесі. Ал Оразалы Ержанов 2012 жылы «Наурыз банкін» басқарып тұрған тұста ірі көлемде ақша жымқырды деген айыппен бес жылға сотталып, түрмеге отырып шықты. Қазір ғылыми қызметкер.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024