Алматы. 24 сәуір. 7kun.kz – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен мемлекеттің қолдауы аясында Ақтөбе облысының 1 200-ден астам тұрғыны қоныс тойын атап өтеді, - деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Осы жылы жағдайы төмен отбасылар мен әскери қызметкерлер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) көмегімен жеңілдетілген шарттар бойынша өз баспаналарына қол жеткізе алады.
Тұрғын үйді сатып алудың механизмдері жөнінде Ақтөбе қаласында өткен баспасөз-конференциясы барысында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова баяндады.
Оның айтуынша, қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бір бағыты – тұрғын үйді сатып алу үшін жағдайы төмен отбасыларға несие беру бағдарламасы бекітілу үстінде. Бұл бағдарлама 2019 жылдың мамыр айында іске қосылады. Ол көпбасылы отбасыларды, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі және кәмелет жасына толмаған балалары бар отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Олар үшін бастапқы жарна мөлшері пәтер бағасының 10%-ын құрайды, ал заем бойынша мөлшерлеме 2%-ға тең. Несие беру мерзімі 20 жылға дейін.
Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 мамырынан бастап әскери қызметкерлерге арналған жаңартылған бағдарлама іске қосылады. Оның шеңберінде ең төменгі бастапқы жарна ретінде пәтер бағасының 15%-ы қолында бар тұрғын үй төлемдерін алушылар жылдық 8%-бен заем алуларына болады. Бұған қоса, баспана таңдау кезінде ешқандай шектеу қойылмайды, яғни, олар пәтерді жаңа үйден немесе қайталама нарықтағы тұрғын үйлерден сатып ала алады. Сондай-ақ, бұрынғыдай баллдық жүйе бойынша үміткерлер тізімі жасақталмайды. Бағдарламаға жеке басында үйі бар әскери қызметкерлердің де қатысуларына болады.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүзеге асыратын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі азаматтардың барлық санаттарын қамтуға, және де ешқандай артық төлем мен аса үлкен несие ауыртпалығынсыз өз баспаналарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осыған сай, биыл Ақтөбе қаласында жеңілдетілген бағыт бойынша өздерінің жалдамалы үйінен алғашқы 600 жағдайы төмен отбасы көшетін болады. Ал тағы 600 пәтерге әскери қызметкерлер, әкімдік кезегінде тұрғандар, балалар үйінің түлектері мен жас мамандар қоныс аудармақ.Олардың бәріне мемлекет пен банк «Нұрлы жер» мен «Өз үйім» бағдарламалары аясында қолдау көрсетеді», - деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Жалпы, қазіргі таңда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде Ақтөбе облысының әр 9 тұрғыны өз баспанасына арнап қаражат жинақтауда. Аймақтағы банктің депозиттік портфелі жалпы жинақтау сомасы 49,2 млрд теңгені құрайтын 98 мың салымшыдан тұрады. Жеткілікті дәрежеде жинақ қаражаты бар салымшылар осы жылы Ақтөбе қаласында пайдалануға беріледі деп жоспарланған қосымша 1 340 пәтер бойынша өз өтініштерін берулеріне болады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің болжамы бойынша биыл шамамен 3 000 адам қоныс тойларын атап өтеді.
Похожие материалы
Запланирован пробный рейс по перевозке литий-ионных батарей из Китая
- 06 желтоқсан, 2024