Астана. 9 ақпан. 7kun.kz - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына энергетика саласын дамытудың басты көрсеткіштері және осы сектордағы жобаларды одан әрі жаңғырту жоспарлары туралы баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Энергетика министрі энергия ресурстарын өндіру жөніндегі жоспардың жекелеген көрсеткіштер бойынша артығымен орындалғаны, сондай-ақ 2016 жылдың қорытындысы бойынша мұнай экспорты артқаны туралы хабарлады.
"Мұнайды өндіру жоспары 75,5 миллион тонна болса, өндірілген мұнайдың нақты көлемі 78 миллион тоннаға жетті. Қашағандағы мұнай өндірісі есебінен жоспардың артығымен орындалғаны байқалады, онда былтыр 1 миллион тоннаға жуық мұнай алынды. Мұнай экспортын 62 миллион тоннаға дейін арттырдық, оның 40 миллион тоннасы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданды. Мемлекет қолдауының арқасында алғаш рет 325 мың тонна битум қайта өңделді. Сұйық газ өндірісінің көлемі 136 тоннаға артты", – деді Қ.Бозымбаев.
Кездесу кезінде Президент энергетикалық шикізат өндіру және қайта өңдеу саласындағы жобаларды іске асыру қажеттігіне назар аударды.
– Қашағанда мұнай өндіру жұмыстары басталды. Теңіз кен орнының аясын кеңейту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, Қарашығанаққа қатысты мәселе шешімін тапты. Осыған байланысты мұнай өндіру және оны қайта өңдеу көлемін арттыру қажет. Бұл үшін біз мұнай өңдейтін үш зауытты қайта жаңғыртып жатырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті газ өндіру, елді газдандыру жұмыстарын жүргізудің, Балқаш жылу электр стансасының құрылысына қатысты мәселелерді шешудің, сондай-ақ энергетика саласындағы нысандарды жекешелендірудің маңыздылығын атап өтті.