Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

ҰБТ-ның жаңа форматы қандай?

ҰБТ-ның жаңа форматы қандай?

2016 жылдың соңында Білім және ғылым министрлігі ЖОО-ға түсу принциптері туралы жаңа форматты жария етіп, қалың көпшілікке таныстырған Енді 2017 жылдан бастап ЖОО-ға түсетін барлық талапкерлер жаңа ереже бойынша тест тапсырады. Барлық орта білім беру мекемелері оқушыларды сынаққа дайындау мақсатындағы жұмыстарын бастап кетті. Осыған байланысты USTUDY  компьютерлік тестілеу орталығында  арнайы конференция өтіп, жүйеге енгізілген ҰБТ-ның жаңа форматы жайында сөз қозғалды.

Биылғы жылы түлектер ЖОО-ға түсу үшін мектепте емтихан және жаңа форматтағы ҰБТ тапсырады. Ең алдымен, оқуға түсуге ниетті оқушылар 5 пәндік  қорытынды аттестациядан өтеді.  Аттестацияның қорытындылары туралы барлық мәліметтер Ұлттық тестілеу орталығы және білім басқармаларына жеткізіледі.

Келесі кезекте өтетін ҰБТ-ның жаңа форматы 2 блоктан тұрады: 3 міндетті пән және 2 бейінді пән. Міндетті пәндер: «Математикалық сауаттылық», «Оқу сауаттылығы» және «Қазақстан тарихы». Әрқайсысы 20 сұрақтан тұрады.

Ал бейінді пәннің бірі түлектің таңдауымен анықталса, екіншісіне таңдаған мамандығына сәйкес келетін пәнмен белгіленеді. Мысалы, «Физика» + «Математика»,  «Биология» + «Химия»,  «Шет тілі» + «Тарих», «Қазақ тілі және әдебиет» + «Тарих», «Химия» + «Физика».  Әрқайсысы 30 сұрақтан тұрады.

Жалпы берілетіні 120 сұрақ.  Тестілеуге бөлінген уақыт – 3 сағат 30 минут. ЖОО-ға түсу үшін бағаның ең төменгі шегі өзгеріссіз 50 балл деңгейінде қалдырылды. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл. Себебі, бейінді пән сұрағының 5 жауабының ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар болса,  кейбір сұрақ 8 жауаппен беріледі. Оның 1, 2 немесе 3 жауабы дұрыс. Соған байланысты да оқушының баллы анықталады. Егер ол дұрыс жауаптың біреуін ғана тапса 0 балл, екеуін тапса 1 балл, ал үшеуін де тапса 2 балл қосылады.

Міндетті пәндер бойынша берілетін сұрақтар талапкердің жалпылау, салыстыру, тұжырымдау, логикалық ойлау қабілетін және т.б. дағдыларын тексеруге бағытталған. «Математикалық сауаттылық» пәнінің тапсырмалары тек есеп емес, сурет, кесте, диаграмма ретінде де көрсетілсе, «Оқу сауаттылығы» және «Қазақстан тарихы» тапсырмалары мәтін үзінділері ретінде беріледі.

ҰБТ өткізілу мерзімі – 20 маусымнан 1 шілдеге дейінгі аралық. ҰБТ-ны ақылы негізде тапсыру мүмкіндіктері де сақталып отыр.  Олар 2017 жылдың тамыз айы мен 2018 жылдың қаңтарында өткізіледі.

Ustudy орталығының SMM менеджері Гульзия Байдалының сөзінше, мекеме қызметкерлері Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесе отырып жұмыс атқарады. Орталықта ҰБТ барысында келетін сұрақ үлгілерімен танысып, алдын-ала дайындалғысы келген түлектерге барлық жағдай жасалған. Ustudy.kz сайтына тіркеліп,  ҰБТ-ға дайындық ретінде онлайн немесе қағаз нұсқада тест тапсыруға болады. Жаңа формат бойынша тест тапсыру бағасы 300 теңге шамасын құрайды. Онлайн тест тапсыру арқылы түлектер жинаған балл мөлшерін бірден анықтап, артынша қатемен жұмыс жүргізе алады.  Сұрақтардың қай кітаптан, қай беттен алынғандығы да толығымен көрсетіледі.

Нұрила ӘБДІМАНАП "7"

Похожие материалы