Қазір білімнің саудаға салынып, дипломның сатылатыны жаңалық болмай қалды. Бірақ, диплом үшін оқуға алданудың қажеті жоқ. Себебі бүгінгі еңбек нарығы дипломды емес, қабілетті бағалайды.
Елдегі білім ошақтары жекешеленуге өтіп, қаптаған оқу орындарының көбеюі салдарынан жоғары білімді азамат атану айтарлықтай қиынға түспейді. Тіпті бір емес, бірнеше дипломы бар азаматтар оқудың жолына түсті. Оқу орындарына мемлекеттік грант арқылы, не гранттан қағылғандар, ақылы бөлімге түсу арқылы жоғары білімді азамат атана алады. Әйткенмен, білім сарапшылары "соңғы жылдары жоғары білімнің сапасы сыр бере бастады" дегенді жиі айтатын болды. "Ақысын берсең, бәрін реттейміз" деген стереотиппен ақылы оқуды жүргізетін жеке оқу ошақтары жоғары білімді азаматтар даярлауды коммерцияландырып жіберді.
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Тілеуберді Сайдуллин айтуынша, жоғары деңгейдегі оқуға түскісі келетін дарынды жастар бұрындары Бағдат пен Мысыр, Стамбұл мен Бұқара сынды ертедегі білімнің ошақтарының білімін алатын. Бұлар - зиялы әрі талапты жастарға үлгі-өнеге көрсете алатындай сапалы мамандар деуден жалықпайды. Оның сөзінше, білімде жүйе жойылған.
– Жоғары білім беру саласында нақты үйлестірілген жүйе жоқ. Тұжырымды бағыт-бағдары жоқ, басшы, ұстаз кадрларын іріктеу мен тағайындау, методикалық-әдістемелік, тәжірибелік жұмыстары қанағаттандырмайды. Жоғары мектептің мақсаты – білікті кадрлар дайындау. Ол кадрлар мемлекетіміздің нақты қоғамдық, экономикалық мәселелерін шешу үшін қызмет етеді. Бізде әрбір саланың өз ерекшеліктері бар. Сондықтан мамандарды өзіміз даярлап, шетелге тек қана тәжірибе алмасу үшін, заманауи деңгейдегі озық технологиясын игеру үшін ғана жіберу керек, - дейді академик.
Білімнің талабы сәт сайын күшейіп, бәсеке бой бермей барады. Қазіргі еңбек нарығы жоғары оқу орындарының тек сапаға ғана емес, қабілетке де ерекше ден қоюды қажет етіп отыр. Бұл бір білімнің аздық ететіні, бакалавр дәрежесінің аясы тарылып бара жатқанын айғақтайды. Ол әсіресе, мұғалім, дәрігер, ғалым болғысы келетіндер үшін аса маңызды.
Жоғары білім алу – жұмысқа тұрудың жолы. Мұны түсінген азаматтар бір емес, бірнеше оқу орындарын бітіріп, маман атануда. Дегенмен, елдегі жұмысқа тұрудың жүйесі парадоксалды жағдайды еске салады. Қолында қос дипломы бар маманның тұрақты жұмыс таба алмай жүргендері аз емес. Тиісінше, бір мамандықты бітіріп, мансабы жоғары қызметте еңбек етіп жүрген азаматтар да ел ішінде. Демек, жоғары білім тек теориялық білімді меңгеріп, құжат алып шығуды емес, қабілетті маман болып қалыптасуды қажет етеді.
Жақында Қазақстандағы жоғары оқу орындарының орташаға бағалары туралы мәлімет жарыққа шықты. Салыстырмалы анализ жасайтын болсақ, елдегі ең қымбат оқу бағасы жөнінен Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда оқу құны 671397 теңгені құрайды. Елордадағы оқу ақысы да аз емес. Орташа оқуды 532384 теңгеге ала аласыз. Үштікті Ақтөбе қорытындылайды. Өңірде 484333 теңге төлеп, университет есігін аша аласыз. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы білім құны 450 мың теңгені маңайлайды. Ал, Ақмола мен Атырау аймақтары 400 мыңға дейінгі қаржыны қажет етеді. 300 мың теңгенің шамасынан жоғары бағадағы білім алуға болатын аймақтар қатарына Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды аймақтары жатады. Оқу ақысы жөнінен ең төменгі аймақ оңтүстік өңірлер екені анықталған. Қызылорда облысында жоғары оқу орнының орташа құны 286629 теңге құраса, Шымкент және Түркістан облысында 274933 теңгеге жоғары білім ала аласыз. Әрине, статистикалық мәліметтің ара салмағын өлшеуде ескерер дүние көп. Себебі Қазақстандағы жоғары оқу орындарын оқытатын университеттер мамандығына қарай қаржының көлемін қояды. Престиж саналатын мамандықтың тиісінше құны да жоғары. Сұранысқа ие мамандыққа оқығысы келетіндердің де қалтасы қалың болуы тиіс.
Түптеп келгенде, бүгінгі 4 жылдық білімді растайтын диплом құнсыз құжат емес. Орташа есепке шаққанда бір азамат жоғары білімді 5000 долларға, яғни теңгемен есептегенде 2 миллион теңгеге ала алады. Бұл тек оқудың ғана қаржысы. Бірақ, қабілет-қарым болмай, мамандықты толық меңгермей сапалы маман болып қалыптасу мүмкін емес. Жүрдім-бардым,келдім-кеттім жүйемен білім алу кешті болдыруға асығатын мамандарды қалыптастырады. Демек, жоғары білімді азамат статусын алу ең әуелі университеттің білім базасы, жүйе мен жас маманның қарым-қабілеті толық таразыға түскенде ғана мүмкін болмақ.
Абай ТАҒЫБЕРГЕН, "Азаматтық журналистика" жобасы
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024