ЕАЭО импорт рәсімдерін жеңілдетеді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезектен тыс отырысында 917 тауар түріне арналған кедендік әкелу баждарын нөлдеу туралы шешім қабылданды.
Тізбеге азық-түлік тауарлары мен оларды өндіруге арналған құрауыштар, буып-түю материалдары, химиялық өнімдер, көлік құралдарын өндіруге және жөндеуге арналған құрауыштар кірді.
Одан бөлек, ЕЭК Кеңесі одаққа мүшелес елдердің автоөндірушілері үшін ЕАЭО техникалық регламентінің жеңілдетілген талаптары бойынша автомобильдер шығаруға 2023 жылғы 1 ақпанға дейін уақытша рұқсат берді.
Атап айтқанда, елдерге көлік құралдарының экологиялық класы, пассивті қауіпсіздік құралдарымен, жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен, микрочиптерді қолдану мүмкін еместігі, рульдік басқару құралдары, белсенді қорғаныс бойынша талаптарды қолдану жөніндегі шешімдерді өз бетінше қабылдау ұсынылды.
«Оңайлатылған талаптар бойынша шығарылған автомобильдер тек өндіруші елдің аумағында ғана айналысқа түсе алады. Сондай-ақ басқа мүше мемлекет тұлғаларының осындай көлік құралдарын, оның ішінде сенімхат бойынша пайдалану, иелену және оларға билік ету құқықтарын іске асыруына жол берілмейді. Қазақстандық тараптың ұсынысы бойынша ЕАЭО техрегламентінің бірыңғай талаптарына сәйкес келмейтін автомобильдердің шекараны кесіп өтпеуін бақылауды олар өндірілген елге жүктеледі», – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ, ЕАЭО-ның кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың тасымалын оңайлату туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, тауарлардың шығу тегі туралы преференциялы емес сертификаттардың көшірмелерін пайдалануға рұқсат беру, сертификаттарды ресімдеуге қойылатын талаптарды жеңілдету және т.б. мәселелер қарастырылды