Алматы. 29 маусым. 7kun.kz - Данияр Ақышев Лондондағы «Investment opportunities in Kazakhstan» конференциясының шеңберінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.
Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев Лондон қаласында Қазақстан Ұлттық Банкі Блумберг және Clearstream компанияларының көмегімен ұйымдастырған шетелдік инвесторлар үшін «Investment opportunities in Kazakhstan» конференциясында сөз сөйледі. Конференция Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын Clearstream жүйесінде есептелетін бағалы қағаздар тізіміне қосу жөніндегі жобаның іске қосылуына арналған.
Қазақстан Ұлттық Банкінің осыған дейін бұл жобаны іске асыру Қазақстанның заңнамасы шеңберінде шығарылған бүкіл мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша есеп айырысуларды теңгемен Clearstream халықаралық есеп айырысу жүйесі арқылы жүргізуге мүмкіндік беретінін және шетелдік инвесторлардың Қазақстанның қор нарығына қолжетімділігін кеңейтетінін хабарлағанын еске саламыз. Жүйені іске қосу шетелдік инвесторлар тарапынан Қазақстанның мемлекеттік облигацияларына сұранысының ұлғаюына, олардың сыртқы нарықтағы өтімділігі мен тартымдылығының артуына ықпал ететін болады. Жобаны аяқтау ұзақ мерзімді қорландыру көздерін кеңейтеді және мемлекет үшін қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл бастама кірістілік қисығын қалыптастыруға және Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының одан әрі дамуына оң ықпал етеді.
Д.Ақышевтың айтуынша, кірістілік қисығына толық талдау жүргізу үшін мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы өтімділігінің қазіргі деңгейі жеткіліксіз болады. Осы уақытқа дейін, кірістілік қисығының бағыты пайыздық мөлшерлемелерді одан әрі төмендету бойынша нарықтық күтулерді көрсетті, себебі инфляцияның төмендеуі Қазақстан Ұлттық Банкінің пайыздық мөлшерлемелер бойынша саясатын әлсіретуге алып келуі мүмкін. Осыған қарамастан, базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндіктері қысқарды – бұл кірістіліктің соңғы қисығында көрсетілді.
«Қазіргі уақытта кірістілік қисығы өзінің қалыпты жағдайына келуде – бұл нақты экономикадағы қарыздардың өсуіне және орта мерзімді және ұзақ мерзімді қаржы құралдарына қатысты қысқа мерзімді өтімділік конверсиясына әсер етеді», - деді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.
Д.Ақышев конференцияға қатысушылардың назарын соңғы уақытта бейрезиденттер тарапынан қысқа мерзімді ноттарға сұраныстың артып келе жатқанына аударды. Бұл пайыздық мөлшерлемелердің жеткілікті жоғары әрі тартымды деңгейіне және тұрақты ақша-кредит саясатына негізделуі мүмкін. 2017 жылғы қаңтардан бастап 2018 жылғы маусымға дейін ҚҰБ ноттарын сатып алған бейрезиденттердің пайызы 351,3 млрд теңгені (1,1 млрд АҚШ доллары) құрап, 2,9%-дан 8,4%-ға дейін өсті.
Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы 2016 жылдың басында капитал нарығындағы өтімділікті арттыру үшін қаржы реттеушісі Ұлттық Банктің ноттарын тұрақты негізде орналастыра бастағанын хабарлады. Қысқа мерзімді перспективада өтеу мерзімі 6 және 12 ай болатын ноттарды қоса алғанда ноттардың белсенді шығарылымы орта мерзімді перспективада кірістілік қисығын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қазақстан Ұлттық Банкінің бағалы қағаздарды шығаруы нарықтың күтулеріне оң әсер етті және бейрезиденттер өз инвестицияларын ұлғайтты, ол да сенімді кірістілік қисығын құруға мүмкіндік берді.
«Сонымен қатар кірістілік қисығы жұмысының қағидатын іске асыру үшін Қазақстан Ұлттық Банкі меншікті портфельден мемлекеттік бағалы қағаздар сатылымын бастады. 2017 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық Банкі мен ҚР Қаржы министрлігінің бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесінде мемлекеттік облигациялардың аукциондары Қазақстан қор биржасында тұрақты негізде жүргізіледі», - деді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.
Данияр Ақышев Қазақстан Ұлттық Банкінің ішкі бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін ҚР Қаржы министрлігімен одан әрі бірлесіп ынтымақтастық жасауды жоспарлап отырғанын, оның кірістілік қисығын қалыптастыру үшін аса маңызды болатынын атап өтті.
Ол баға тұрақтылығы Қазақстан Ұлттық Банкінің негізгі мақсаты болып табылады деп толықтырды. Ағымдағы жылдағы инфляция деңгейінің нысаналы дәлізі 5-7%-ды құрайды, 2020 жылдың соңында 4%-дан төмен деңгейге қол жеткізу жоспарлануда. «Екі жылдан аз уақыт ішінде біз инфляцияны ең жоғарғы деңгейден 2016 жылғы шілдедегі 17,7%-дан 2018 жылғы мамырда 6,2%-ға дейін, яғниүш есеге төмендете алдық. Халықтың және кәсіпорындардың инфляциялық күтулері айтарлықтай түсіті және түсуі жалғасуда. 2018 жылдың басынан бері инфляциялық деңгей Ұлттық Банктің нысаналы диапазонында тұр», – деді Д. Ақышев. Оның сөзінше, күтілетін инфляция деңгейі жылдың басынан 7,1%-дан 2018 жылғы мамырдағы 6,0%-ға дейін төмендеді.
«Біздің болжамымызға сәйкес, Brent маркалы мұнайдың құны бір баррель үшін 60 доллар болған кезде, 2018 жылы елімізде жылдық инфляция 5-7%-ды құрайтын болады, бұл ретте жоғарғы шекараға жуықтай отырып 2019 жылы жаңа пайыздық дәліз– 4-6%-ға сырғып өтеді», - деп түсіндірді Д.Ақышев.
Д.Ақышев конференция қатысушыларына 2018 жылғы мамырдағы жағдай бойынша елдің алтынвалюта резервтері 90,3 млрд АҚШ долларына (жалпы халықаралық резервтер – 31,1 млрд доллар, Ұлттық қордың резервтері – 59,2 млрд АҚШ доллары) жеткендігін айтты.
Д.Ақышевтың айтуынша, экономикадағы қолайлы үрдісті күшейту үшін Қазақстан Ұлттық Банкі ҚР Үкіметімен бірлесе отырып, мына басымдықтарды белгіледі: макроэкономикалық тұрақтылықты ұстап тұру, ақша-кредит және бюджет саясатын болжауға болатындығы, инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және экономиканы әртараптандыру. Ол инфляцияның төмен деңгейі мен қаржы жүйесінің тұрақтылығы Қазақстан Ұлттық Банкінің табысты жұмыс істеуі үшін өте маңызды екендігін атап өтті.
«Қазақстан экономикасы орнықты өсу жолында. Clearstream мүмкіндігі нарықта осы оң үрдістерді қолдайды деп санаймыз», - деді қорытындылай келе Д.Ақышев.