Экономика
Авто
Еліміздегі жеке капиталдың сыртқа кетуі $7 млрд-тан асты
2015 жылғы Қазақстанның басқа елдермен жасасқан сауда-экономикалық және қаржылық операциялары, нақтырақ айтсақ, төлем балансының айтарлықтай нашарлағаны байқалады. Бұл жайлы Finporm.kz сараптамалық қызметі жазды.
Операция шоттары арасындағы баланс 2009 жылдан бері тұңғыш рет теріс нәтиже көрсетіп, 5,82 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл – еліміздегі ЖІӨ-нің 3,1%-ы. Салыстырып қарайтын болсақ, 2014 жылы оң нәтиже көрсетіп, 6,38 млрд долларға жеткен еді. Мемлекеттік салымдар мен шетелден тартылған инвестициялар, сонымен қатар, жинақталған резервтік активтер операция шоттары арасындағы тапшылықты жоюға жұмсалған.
Ұлттық Банктің мәліметі бойынша, бір жылдық экспорт айналымы 42,3%-ға қысқарған (46,29 млрд долларға дейін). Ал әр түрлі қызметтер экспорты 1,7% азайған (6,48 млрд долларға дейін). Сауда балансы 2005 жылғы минималды деңгейге дейін құлдыраған. Төлем балансына кері ықпал еткен бірден-бір себеп – мұнай бағасының арзандауына байланысты экспорттан түсетін табыстың азаюы еді.
Теңгенің девальвацияға ұшырауы мен еркін айналымға жіберілуі, ішкі сұраныстың азаюы және инвестициялық қызмет тауарлар мен қызметтер импортын тежеуге себеп болды. Сонымен қатар, Ресей нарығына бағытталған экспорт та айтарлықтай ықпал етті. Мысалы, өткен жылы тауар импорты 22,7%-ға азайса (33,65 млрд долларға дейін), әр түрлі қызметтер импорты 8,2% -ға, шамамен, 11,85 млрд долларға азайған. Сонымен бірге, қазақстандық шикізат активтеріне инвестиция құйған инвесторлар табысы да күрт төмендеп кеткен. Бұған қолайсыз нарықтық жағдайлар себеп болған. Нәтижесінде, резидент еместерге төленген алғашқы табыс 24,7 млрд-тан 13,5 млрд-қа дейін азайған.