Қазақстанда 2016 жылдың бірінші жартысында экспорт 34,5 пайызға, импорт 29,7 пайызға азайды. Бірақ бұл кейбір елдермен, оның ішінде Ауғанстанмен сауда-саттық көрсеткішіне әсер еткен жоқ. Бұл туралы Қазақстанның Ауғанстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Бітімов Орта Азия сауда-саттық форумында айтты.
Ауғанстандық Абдул Шукур Кушкаку 16 жылдан бері жеміс-жидек өнімдерін экспорттаумен айналысып келеді. Канада, Аустралия, Түркия секілді елдерге өнім таситын кәсіпкер Орта Азия нарығына кіруді Қазақстаннан бастамақ екен. Оның айтуынша, осы саладағы бәсекелестік төмен, оған себеп екі ел саудасы көбіне мұнай мен газ саласында жұмыс істейді.
- Қазақстан нарығына ұзақ бақылап, біраз зерттеп барып келдік. Біздің саладағы бәсекелестік аса жоғары емес. Өз басым Ауғанстанда жұмыс істеп жүрген қазақстандық компаниялар мен кәсіпкерлер туралы естімегенмін. Бірақ екі ел арасында мұнай мен газ саласында ғана үлкен көлемдегі сауда-саттық жасалады, - дейді кәсіпкер.
[caption id="attachment_50881" align="alignright" width="206"] Сурет: 365info.kz[/caption]Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Өміртай Бітімов мұндай пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, екі ел саудасында тауарлардың әртараптануы байқалады. Елші ауғанстандықтардың еліміздің мұнайдан өзге өнімдеріне де қызығушылығы артып келе жатқанын айтады. «Тек қазақстандық кәсіпкерлер Ауғанстан ішіндегі соғыс жағдайының әсерінен белсенді болмай жатады» дейді елші.
- Осы жылы импорт пен экспорт көлемі азайса да, Ауғанстаннан алынатын, ол жаққа жіберілетін тауарлар саны керісінше көбейді. Осыған дейін Пәкістаннан ұн алып келген ауғандар қазақстандық ұн сапасына қызығып, біздікін көптеп сұрайтын болды. Одан бөлек, ол жаққа бидай мен металдың түрлері де көптеп сатылып жатыр. Қазақстандық кәсіпкерлер ол елдегі соғыс жағдайын уайымдамауына болады. Кәсіпкерлердің қауіпсіз жұмыс жасауына жағдай жасалған. Алда сауда айналымын 1 млрд долларға дейін жеткізе аламыз, - дейді елші.
Айта кетейік, 2016 жылдың наурызында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы елшілігі бірігіп, Кабулда алғашқы қазақстандық сауда үйін ашқан. Деректер бойынша, 2015 жылы Қазақстан Ауғанстаннан 3 млн АҚШ долларының тауарын импорттаған. Ал Қазақстанның Ауғанстанға экспорты 333 млн АҚШ долларын құраған. Ауғанстанның Инвестицияны қолдау агенттігінің басшысы Мухаммед Курбан Хакджу аталған орталықтың жұмысына үміт артаттынын айтқан.
- Қазіргі 44 қазақстандық фирма Ауғанстанға шамамен 30 млн доллар инвестициялаған. Салынған сауда үйі қазақстандық кәсіпкерлердің елдегі түрлі экономикалық салаларға барынша көп қаржы инвестициялауына түрткі болады. Сондай-ақ, Ауғанстан қазақстандық кәсіпкерлер үшін кен орындары мен ауыл шаруашылығы үшін үлкен көлемде инвестициялық мүмкіндіктер ұсынады, - деп агенттік басшысы пікір білдірген.
Жалпы, Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 12 ақпанда орнатылды. 1993 жылдан бастап Қазақстанда Ауғанстан елшілігі жұмыс істеп келеді.
Аян ҚАЛМҰРАТ, «7»
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024