Ербол Тілешов, ғалым, «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры: Өзімізге де, көршімізге де жамандық тілемейік
Қазір ел ішіндегі жұрттың пікірі қайшылыққа толы. Оларды қолдауға да, қолдамауға да болады. Қолдамайтындарды түсінемін, себебі халқымызға байланысты біраз теріс пікірлер айтылып, әлеуметтік желі де тарады. Осы нәрсе ұлт ретінде біздің әр азаматты ашуландырды, намысына тиді. Сол бір өкпе бар елде. Бұл – бір жағы.
Екінші жағы – біздің елге келіп жатқан саясаткерлер емес, қарапайым адамдар. Қиын кезде бізді паналап жатыр. Біздің елде де әртүрлі жағдайлар болды. Тіпті бір замандарда біздің елден де Ресейге, Қытайға, Моңғолияға көшті. Түркіменстан мен Иранға да барғандар бар. Жалпы, адамзат тұрғысынына қарасақ, оларды түсінуіміз керек. Ел аман, жұрт тыныш кезде соғыс болғалы жатса, оған жастарды шақырмыз деп жатқанда әркім өз өмірін қорғамақ болады. Бұл жерде Отанын қорғайтын соғыс емес. Мысалы, кеше Американың сарбаздарын Вьетнамға апарып салды. Ал олар жанашырлық танытпайды, берген тапсырманы орындайды.
Оның үстіне әркім жалғыз қара басын емес, кейбірі отбасын, ағайын-туғанын аман алып қалуды ойлайды. Әркім де бір күн болсын өмір сүргісі келеді. Өмір тәтті ғой. Осы жағынан алғанда, елге келіп жатқан азаматтарға түсіністікпен қарау дұрыс секілді. Ұлты да, діні де, мемлекеті де басқа дегенмен, бәріміз бір Алланың жаратылысы, пендесіміз. Оларға осы тұрғыдан, яғни жанашырлық, азаматтық төзімділік тұрғысына қарауымыз керек. Ал егер олардың тарапынан келеңсіз қылықтар болып жатса, мемлекетіміздегі заңға байланысты шаралар қабылданады. Олардың бұл күндері өтер, саясат өзгерер. Өзімізге де, көршімізге де жамандық тілемейміз. Сондықтан мемлекеттердің территориялық тұтастығын сақтап, еліміздің тыныштығын тілейік.
Ал осы елдегі міндеттерді шынайы орындау және азаматтардың мүддесі мен мемлекеттің өркендетудегі рөлі мен маңызын арттыру Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларынан көрініп тұр. Сондықтан еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!