Ерлан Қарин: «Қаңтар оқиғасының» төртінші, бесінші толқыны болуы мүмкін еді
Осы аптада ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин бірнеше БАҚ өкілімен кездесіп, жақында құрылған «Qazaq Media Association» қауымдастығының жұмысымен танысып, қазақтілді сегментті дамыту бойынша кеңес өткізді. Жиын соңында журналистер Мемлекеттік хатшыға қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. 7kun.kz сол әңгіменің негізгі тұстарын оқырман назарына ұсынады.
«Қаңтар оқиғасын» бірнеше толқынға бөліп қарастыру керек...
Біз оқиғалардың толқын-толқын болып дамып отырғанын көрдік, ол туралы талай айтылды. Бірінші толқында азаматтардың бейбіт шеруге шыққанына куә болдық. Бейбіт шерушілер мен полиция арасында ешқандай қақтығыс болған жоқ. Осыны бірден ашып айту керек. Оған түрлі бейнежазбаларды қарап, көз жеткізуге болады.
Мен 3-8 қаңтар аралығында Маңғыстауда үйлестіру штабында жұмыс істедім. Осы уақытта бірде бір қақтығыс болмады, себебі наразылық танытқан азаматтар арандатушылыққа жол бермеді. Сәйкесінше күштік құрылым өкілдері де кикілжіңге бармады. Ақтаудың өзінде жиырма мыңға жуық адам болды. Бірақ бір де бір қақтығыс болған жоқ. Осыдан-ақ күштік құрылымдардың қақтығысқа мүдделі болмағанын көруге болады. Алматыда да бас кезінде солай болды.
Бірақ екінші толқында көшеге жастардың маргиналды топтары шықты. Олардың арасына саяси экстремистер еніп кетті. Олар түрлі ұрандар тастап, бейбіт шеруді радикалды бағытқа итермелей бастады. Екінші толқында ақырын қақтығыстар басталды. Ал үшінші толқында көшеге криминалды және радикалды топ өкілдері қосылды. Сөйтіп ғимараттарды өртеу, полициямен қақтығыс, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының ғимараттарына шабуылдар, дүкендерді тонау орын алды. Яғни, негізгі үш толқын. Осылардың аражігін ажыратып айту керек.
Қаңтар оқиғасында біз нені көрдік? Саяси экстремизм, криминал және радикализмнің араласып кеткенін байқадық. Біз үш толқын деп отырмыз ғой, төртінші, бесінші толқын да болар еді. Бірақ оны жүзеге асыруға билік жол бермеді.
Төртінші, бесінші толқында жиһадшылар бас көтереді
Қаңтар оқиғасы кезінде халықаралық радикалды топтардың қатарында жүрген азаматтар еліміздегі жасырын ұйқыдағы ұяшықтарға (спящие ячейки) үндеу тастап, жиһадқа шақырады. Ол ірі халықаралық террористік ұйымның қатарында жүрген біздің елдің азаматы болатын. 2011 жылы қасындағы екі серігімен Атырауда теракт ұйымдастырған. Кейін 2012 жылы Сирияға кетіп, сол жақтағы халықаралық радикалды топтың құрамына кіреді. Міне, сол азамат әлсін-әлсін үндеу тастап келеді. Бұл жолы жәй аудиоүндеу емес, үлкен видео түсіріп, «жиһад басталды, қосылыңыздар» деп мәлімдейді.
Тергеудің мақсаты толқындардың арасындағы байланысты анықтау
Осы орайда 2016 жылы Ақтөбеде болған қайғылы оқиғаны еске алайық. Сол кезде 25 адам бүкіл елді басына көтерген жоқ па? Халық «бұл қайдан шыққан террористер?» деп ойлады. Себебі бізде содыр десең бірден қару асынып, автомат ұстаған адам көзге елестейді. Ақтөбеде теракт жасаған азаматтар нақты бір ұйымның мүшесі емес-тін. Бір күні өзара араласып жүрген жігіттердің бірі үйіне шақырады. Таңертең үйінен қонаққа шыққан елу адамның ешбірі сол күні түсте «теракт жасаймыз» деп ойлаған жоқ. Қонақ үстінде үй иесі ватсап арқылы Сириядан келген аудионы тыңдатады. Үндеудің мақсаты – жиһадқа шақыру. Міне, соны тыңдайды да 25 жігіт терракт жасайды. Бір ғана аудионы тыңдап, осындай оқиға болды. Біз ол оқиғаны теракт дедік пе? Теракт дедік.
Неге біз дәл сондай сценариймен болған Алматыдағы оқиғаларды теракт немесе теракт емес деп дауласып жатырмыз. Ол жерде де нақты бір ұйымның өкілдері болмады ғой. Азаматтар көбіне белгілі бір ұйымның құрамында болмаса да, жиһад мәселесін талқылайды. Біздегі радикализмнің ерекшелігі де осы. Оның екі жағы бар. Бірінші жағы, нақты ұйымның жоғы. Осы уақытқа дейін ондай ұйымның құрылуына жол бермей, күресіп келе жатырмыз. Ал екінші тұсы тұсы автономды түрде, кездейсоқ осындай оқиғаларға бара салатындығында. Сол күндері мемлекеттік билік органдарының ғимараттарына, полицияға, стратегиялық және әлеуметтік нысандарға шабуылдарды көрдік. Заң бойынша бұл терроризм актісі болып есептеледі. Міне, қаңтар оқиғасы бізге соны айқын дәлелдеп тұр. Әр толқынның арасында байланыс бар. Тергеудің мақсаты осы байланыстарды анықтау. Сол күндері таразы басында біздің тәуелсіздігіміз тұрды. Бұл асыра сілтегендік емес.Фото
Бейбіт шерушілерге қару-жарақтың керегі не?
Ерлан Қарин «Қаңтар оқиғасы» кезіндегі радикалдарды тұлғалардың әрекетіне тоқталды.
«Бас прокуратура 3338 қару-жарақ жоғалғанын айтты. Соның 2400-і әлі табылған жоқ. 2400-дің 1300-і – аңшы мылтығы, қалғаны соғыс қарулары – 200 Калашников автоматы, 28 гранатомет, жүздеген тапанша, 68 мың оқ-дәрі. Бейбіт шеруге шыққан азаматтар құқық қорғау органдарының ғимаратына не үшін шабуыл жасайды? Оларға осыншама қару-жарақ не үшін керек? Соның бәрін бір адам көтеріп кеткен жоқ қой, демек, бұның артында ұйымдасқан қылмыстық топтар тұр».
Барлық салада үлкен жұмыстар күтіп тұр
Ең бірінші тергеу шаралары толық аяқталуы тиіс. Сол бойынша терроризммен күресу жолдары және басқа да амалдары қайта қаралатын болады. Әрине, қазіргі таңда да біз терроризммен, радикализммен күресуде «жаңа қандай мәселелерді ескеруге тиіспіз, нені назарда ұстауға міндеттіміз?» деген бағытта қызу талқылаулар жүргізіп жатырмыз.
Бұл тек қана таза радикализм немесе таза терроризм емес, соған алып баратын факторлармен де күресудің алғышарттарын да қарастырудамыз. Терроризм, радикализм ол қоғамдағы әлеуметтік дерттердің белгісі ғана. Ал біз сол дертке, әлеуметтік кеселге алғышарт болып отырған факторларды анықтауымыз керек. Біздің алдымызда қазір әртүрлі бағытта жұмыс істеу міндеті тұр.
Ербол Азанбек, 7kun.kz
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024