Алматы. 3 қаңтар. 7kun.kz – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының барлық өңірдегі фронт-офисы арқылы 2018 жылы 31,8 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 17% кем (2017 ж. – 38 млн). Деректердің азаюы ең алдымен қызметтерді электрондық түрде алушылар санының көбеюімен байланысты.
«Азаматтар бүгінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы электрондық үкімет порталында керекті құжаттарды өз бетінше алуды үйренген. 2018 жылы 6 млн аса ЭЦҚ рәсімделсе, оның 1,8 млн-ы жеке куәлік чипына қондырылды», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов.
Өткен жылы 16 млн аса электрондық қызмет көрсетілсе, оның 7,5 млн-ын ХҚО-ға келуші азаматтар қоғамдық қолжетімді пунктер арқылы алған. Оған қоса мамыр айында Telegram мессенджерінде egovkz боты іске қосылып, мемлекеттік қызметтер ұялы телефон арқылы қолжетімді бола түсті. Азаматтар оның көмегімен мекенжай анықтамасы, соттылықтың болуы/болмауы сияқты анықтамаларды алып, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін есептеу анықтамасына сұраным бере алады. Телеграм бот іске қосылғалы бері 75 мың қызмет көрсетілген.
Халық арасында мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алу үрдісін дамыту үшін өңірлерде цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып жатыр. Жаңа форматтағы ХҚО-ның басты ерекшелігі – келушілерге қызмет көрсетуші операторлардың болмауында, мұнда тек кеңесшілер жұмыс істейді. Қызметті алушы керекті анықтамаларды өз бетімен рәсімдей алады. Мұнда сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған оқу сыныбы бар, оқу дәрістері аптаның әр күнінде бекітілген тақырыптар бойынша жүргізіледі.
Айта кетейік, бүгінде халықтың цифрлық сауаттылығының деңгейі 77% жетті. 2022 жылға қарай оны 83% дейін арттыру көзделген. Цифрлық сауаттылық деңгейі қазақстандықтардың компьютер мен ұялы телефондарды, электрондық үкімет сервистерін қолдану дағдылары мен онлайн төлем жасау, ақша аудару, электрондық сауда жүргізу, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану сияқты машығын ескереді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024