РИМ – Былтыр Эфиопиядағы саяси қарсылық кезінде үкімет 15-тен аса веб-сайт пен WhatsApp смартфонмен хабар алмасу қосымшасына тосқауыл қойды. Пікір еркіндігін және ЛГБТ құқықтарын қорғайтын, цензура тосқауылын айналып өтуге мүмкіндік беретін Tor және Psiphon сияқты құралдарға да шектеу жасалды.
Мұның барлығы желілерді өлшеп, Интернетке қойылған цензураны бақылау үшін ойлап табылған оонипроб (ooniprobe) деп аталатын компьютерлік бағдарламаның көмегімен анықталды. Оонипроб-ты Tor-дың қолдауына сүйенетін Желіге тосқауыл қоюдың ашық обсерваториясы (Open Observatory of Network Interference (OONI)) деп аталатын ұйым осыдан бес жыл бұрын жасаған. Мен де осында жұмыс істеймін. Оның басты мақсаты – транспаренттілікті, есептілікті арттыру, Интернетке қойылған цензураны бақылау. Бұл – ашық қолданылатын тегін бағдарлама, яғни оны әркім пайдалана алады деген сөз. Әлемнің 190-нан астам елінде ондаған мың адам оны пайдаланып та жүр.
Бұл қолданушылар желілерді саралап, миллиондаған материал әзірлеген, олардың барлығы Интернетке қойылған цензура туралы қалың бұқара қолдана алатын ең ірі ресурс - OONI Explorer-де жарияланды. Олардың оонипробты қолдануының арқасында біз былтырғы Эфиопиядағы цензураның ауқымын анықтай алдық, сондай-ақ, әлемнің басқа бөліктеріндегі цензура туралы мәлімет жинадық.
Угандада жергілікті белсенділер былтырғы сайлау қарсаңында үкіметтің әлеуметтік желілерге қойған шектеуін бақылау мақсатында оонипробты қолданды. Оонипробтың желінің өлшеу мәліметтерінің арқасында үкіметтің интернетті шектегінін дәлелдеп қана қоймай, қандай сайттарға тосқауыл қойылғаны және интернет қызметін көрсететін провайдерлердің Интернет-цензураны жүзеге асыру үшін қандай әдістерді қолданғаны да белгілі болды.
Оонипроб 2015 жылы Малайзияда сәтті қолданылды. 1MDB деп аталатын мемлекеттік инвестиция қорынан банктегі өз есеп-шотына 700 миллион доллардай ақша аударды деген күдікке ілінген премьер-министр Нажип Разак осы дау-дамай туралы хабар таратқан ақпарат құралдары мен блогтарды бұғаттауға тырысты. Оонипроб құралының арқасында Малайзияның азаматтық қоғам өкілдері сайттарға тосқауыл қойылғанын айғақтайтын дәлелдерді жинай алды.
Әрине, цензура саяси басшыларды қорғау үшін ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік және мәдени нормаларды бекіту үшін де қолданылады. Мәселен, Индонезияда ЛГБТ қауымдастықтарына ресми шектеу жоқ болғанымен, қоғамның гомосексуалдарды жақтырмауы ЛГБТ сайттарын бұғаттауға негіз болды. Дәл осындай факторлардың кесірінен Исламды сынайды деп саналатын сайттарға да тосқауыл қойылды.
Тайландта соңғы үш жылда провайдерлер король отбасының ар-намысына тиеді деген бірнеше сайтты бұғаттады. Бірақ, бұған заңдық негіз де бар. Тайландтың монархты даттауға қатаң тыйым салатын заңдары король отбасының ең белді мүшелерін сынауға мүмкіндік бермейді. Заңдық негізде цензура қоюдың және бір мысалы – порнографияға тыйым салынған елдерде сексуалдық мазмұндағы Интернет-сайттар бұғатталып жатады.
Мұнымен қоса цензура орнатудың себебі түсініксіз кездер де болады. Мәселен, Малайзияда онлайн танысу сайтына неге ноқта салынды? Кей елдерде Интернет-провайдерлер сайттарды өз дегенімен бұғаттай береді. Оонипроб мәліметтеріне сүйенсек, Тайландта провайдерлер ақпарат құралдарынан бастап Wikileaks пен порнографияға дейінгі түрлі мазмұндағы сайттарға тосқауыл қойған. Бұл оларға биліктен кең ауқымды пәрмен келгенін аңғартады.
Оонипроб шыққанға дейін мұндай цензураны анықтау мүмкін емес еді, халыққа есеп бере бермейтін үкіметтер мен провайдерлер бұғаттауға еш қатысымыз жоқ деп отыратын. Тіпті үкімет ресми түрде бұғатталған сайттардың тізімін шығарған күннің өзінде кей сайттар бұл тізімде аталмай қалуы мүмкін. Сол сияқты, кей провайдерлер бұғатты алып тастау туралы пәрменге бағынбай жатады. Мәселен жақында Индонезияда кей провайдерлердің Vimeo мен Reddit-ті әлі күнге бұғаттап отырғаны анықталды. Бұларға салынған тыйымды алып тастау туралы шешім осыдан екі жыл бұрын шыққан.
Оонипробтың арқасында Интернет цензураның бар екенін анықтап қана қоймай, кімнің, қалай, қашан, қай жерде цензура орнатқаны туралы жан-жақты ақпарат алуға болады. Мәселен, OONI-дің «вебке қосылу сынағының» (Web-Connectivity Test) көмегімен веб-сайтқа DNS-ты өзгерту, TCP/IP-ды бұғаттау немесе HTTP proxy-дың қайсысының көмегімен тосқауыл қойылғанын анықтауға болады.
Оонипробтың басқа сынақтары WhatsApp, Telegram, Facebook Messenger сияқты чат бағдарламаларының әр желіде және Tor, Psiphon және Lantern сияқты цензураны айналып өту құралдарымен жұмыс істеуін тексереді. Сондай-ақ, OONI цензура немесе бақылау орналатын құралдар орнатылуы мүмкін деген жүйелердің бар-жоғын анықтайтын бағдарламалар ұсынады.
OONI-дің жан-жақты мәліметтерінің арқасында құзырлы органдардың жауаптылығын арттырып, оларға бақылау орнатуға болады. Заңгерлер өз елдеріндегі Интернет-цензураның заңды-заңсыздығын бағалау үшін әрі сот барысында айғақ ретінде келтіру үшін OONI мәліметтерін пайдалана алады. Оның үстіне, Tor сияқты цензураны айналып өтетін жобалар OONI мәліметтерін күтпеген жерден цензура орнатылғанда өз стратегиялары мен құралдарын жетілдіру үшін қолдана алады.
OONI мәліметтері Интернет-цензурнаның заңдылығы, қажеттілігі және қажетті шамадан аспауы турасындағы қоғамдық пікірді қалыптастыруға жәрдемдеседі. Бұл оны Интернет пен одан тысқары жерлерде адам құқықтарын қорғаудағы таптырмас құралға айналдырады.
Автор туралы: Мария Хиноу - Интернет саласында құқық қорғаушы, Желіге тосқауыл қоюдың ашық обсерваториясы (OONI) жобасында Интернет-цензура бойынша зерттеулер жетекшісі.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024