Авто
Кәсіпкер болуға қанша уақыт керек?
Соңғы уақытта кәсіптен нәсіп табуға асығатын жастар тым көп. Ақша табу мәселесін оңай шешіп, мемлекеттік реттеуге аз ұшырайтын бұл жолды әрбір екінші адам армандайды. Олай болса, кәсіби кәсіпкер атануға қанша уақыт кетеді бірге анықтап көрелік.
Ең алдымен, кәсіпкерлік заңдарын мұқият оқып, салық комитетіне барып тіркелесіз. Ресми түрде кәсіпкер екендігіңізді дәлелдеу үшін төмендегідей құжаттарды жинап, қадамдар жасайсыз:
1) белгіленген үлгідегі өтініш;
2) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік тіркеу үшін алым төлегендігі туралы түбіртек (2 АЕК) (1852х2=3704 тг);
3) жеке куәлік көшірмесі, түпнұсқасы көрсетіледі;
4) 3,5 х4,5 см көлеміндегі 2 шт фотосурет;
5) жеке кәсіпкердің орналасқан жерін растайтын құжат (азаматтарды тіркеу кітабы немесе жылжымайтын мүлікке меншік құқығын немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжат);
Осы шарттарды орындағаннан кейін салық басқармасы сіздің қолыңызға кәсіпкер күәлігін тапсырады. Әрине, күәлікті қолға алып, бірден кәсіпкер болып кетпейсіз. Енді, берекетке бастайтын әрекетке көшу қажет.
«Талансыз адам — табансыз»
Кәсіпкер қағазға мөр басумен ғана айналыспайды. Ақиқатында, асқан жауапкершілікпен біліктілігіңізді қолданып, қайтпас қажырлықпен сабыр сақтап, қырағылықпен шешім қабылдауыңыз керек. Егер мұндай қабілеттеріңіз бен қасиетіңіз болмаса, кәсіп жолында «қасықтап жинағанды шөміштеп төгіп алуыңыз» әбден мүмкін.
Бұрын сіз бастықтың қол астында жұмыс істеп, оның айтқандарын жоспарлы түрде орындап, көптің бірі болып жүрдіңіз делік. Алайда, кәсіп жолында бұл өмірді ұмытқаныңыз абзал. Себебі, енді, өзгелер үшін сіз шешім қабылдап, тапсырма беріп, нәтиже үшін жауап бересіз. Сондықтан алғашқы қадамнан адам өзін өзгертіп, іштей дайындау қажет. Нағыз кәсіпкерге қажет қабілеттерге 3 ай ішінде бейімделесіз. Әрине, алдымен, ойыңызды жақсы жаққа өзгертіп, сөзіңізді түзеп, одан әдетіңізді туралап, мінез-құлқыңызды реттеу арқылы тағдырыңызды әп-сәтте өзгерте аласыз. Сондай-ақ, өзгелер таңғы 7:00-де тұрса, сіз 5:00-де ұйқыдан ояныңыз. Сонда уақытты да үнемдей аласыз. Айтпақшы, спортпен айналысуды да ұмытпаған жөн. Себебі, "тәні саудың, жаны сау" әрі сергек жүресіз.
«Ойы ұшқыр ұзаққа барады»
XXI ғасыр идея заманы. Идея жаңа бастаманың негізі, өркениетті құрушы. Ол бүкіл әлемді өзгертіп, адамды топтың ішінен ерекше етеді. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Сондықтан кәсіпкерде мықты идея болса, өз әлеуетін іске асырып, қайталанбас тұлғаға айналады.
Жаңалық ашамын деп көп ойлануға да болмас. Уақыт пен мүмкіндікті жіберіп аласыз. Ең бастысы, сіз сүйіп айналысатын және максималды түрде дамытуға болатын істі таңдау қажет.
- Өз жұмысыңыздан ләззат алып атқармасаңыз, онда ісіңіз аз уақыттан кейін жабылады немесе тоқырауға ұшырайды.
- Кәсіп елге пайда әкелу қажет. Ал пайдалы дүниеге адамның бәрі жақын. Тұрақты тұтынушыларыңыз өзі іздеп келеді.
Миллионер болу үшін, халыққа құны 10 миллион тұратын пайдалы затты сату қажет. Күмәнсіз аз уақытта миллионер атанасыз
(с) Евгений Дейнеко
«Көз-қорқақ, қол-батыр»
Білім алудың тамыры ащы, жемісі тәтті. Қиындықтан қашпаңыз. Қайта бәсекеге толы ортаға түскеннің нәтижесі зор. "Даму мен дағдарысқа төтеп беру, жеке шешім қабылдау және сіз ойлаған шыңды бағындыруға мүмкіндік туады. Бір жыл бұрын сізге қиын көрінген іс қарапайым шаруаға айналады. Қауқарыңызды арттырыңыз, жеңістер тегін келмейді.
Айтпақшы, кәсіп жолында өзгенің қателігінен сабақ алған да жөн. Ол үшін тәжірибесімен бөліскен кәсіпкерлердің кітапбын оқуға кеңес береміз. Төменде стартап кәсіпкерге арналған кітаптарды ұсынамыз:
- Билл Гейтс «Ой жылдамдығына сәйкес бизнес» (Бизнес со скоростью мысли)
- Ли Якокка «Менеджердің мансабы» (Карьера менеджера)
- Генри Форд «Менің өмірім, менің жетістігім» (Моя жизнь, мои достижения)
- Джейсон Фрайд және Дэвид Хейнмейер Ханссоның «Rework» (2010),
- Т. Кийосаки «Кедей әке, бай әке» (Богатый Папа, Бедный Папа)(1994),
- Элия М. Гольдратт пен Джеф Кокстың «Мақсат. Тоқтаусыз кемелдену процесі» (Цель. Процесс непрерывного совершенствования) (1984)
- Кьелл А. Нордстрем пен Йонас Риддерстрале «Фанк стиліндені бизнес» (Бизнес в стиле фанк) (2000)
- Джордж С. Клейсон «Вавилондағы ең бай адам» (Самый богатый человек в Вавилоне) (1926)
- Эрик Рис «Нөлден бастап кәсіпке» (Бизнес с нуля)
- Гай Кавасаки «Стартап»
- Майк Микаловиц «Бюджетсіз стартап» (Стартап без бюджета)
«Мал тапқанша, есеп тап»
Кәсіпкер үшін ақша мақсат емес, құрал болу керек. Сондай-ақ, тапқан табысты оңды-солды шашудан аулақ болған жөн. Ақшаға масайып, кәсіпті ұмытқан жағдайда аз уақытта шаруаңыз бітеді. Себебі сіздің өніміңіз ескіріп, ел жаңа ұсынысқа көшеді.
Ақша айналып жатқан қан жүйесі тәрізді. Қайда болса сонда жаратпай, есептеңіз және бақылаңыз. Сонда пайда артып, табыс көзі кеңейеді.
«Ер қатесіз болмайды»
Кәсіпкерлікте ешқашан қателесуден қорықпаңыз. Себебі қателіктен сабақ алу үлкен мектеп. Тіпті, адамға қателесу табиғатында жат болса, қаламға өшіргішті қоса берер ме еді? Мінекей, қателіктен түсінген тәжірибе келешектегі жеңіс пен жетістікке жеткізер саты.
Қателік тәжірибе мүмкіндігін. Онымен кәсіпкер табыстың шыңын бағындырады
(с) Евгений Дейнеко
Ештеңе істемейтін адам ғана қателеспейді. Қайта қарекетке басқан жөн.
Кәсіпкер болғыңыз келсе, кәсіп жасап, кемі отыз түрлі іспен айналысыңыз, кәсіпкер атаныңыз. Жұмыс істегісі келетін адамға ешбір алынбайтын қамал жоқ. Айтпақшы, кәсіпте дөрекілік пен күш соңғы орында. Сондықтан мақсатқа ұмтылғыштық, жауапкершілік, ерік жігер, тәртіп, білім, білік, еңбекқорлыққа жақын болу жөн.
Ал сіз осының бәріне дайынсыз ба? Дайын болсаңыз, іске сәт.