Қазақстандық кәсіпкерлерді тауар, қызмет ақысын қабылдау үшін арнайы шот ашуға міндеттейді, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті.
Ведомстваның хабарлауынша халық төлем үшін мобильді нөмір бойынша, СМС, QR код, түрлі мобильді әмияндар және т.б. аударымдарды жиі қолданады. Бұл сөзсіз, қолма-қол емес ақша айналымын арттырып, елдегі көлеңкелі экономиканың қысқаруына ықпал етеді.
Алайда, мұның тағы бір жағы бар. Кәсіпкерлік қызмет үшін қолма-қол ақшасыз төлемдер фискализациялануға және кәсіпкерлердің салық есептілігінде көрсетілуге тиіс. Бұған қарамастан бүгінгі күні кассалық тәртіптің төмен деңгейі байқалады, атап айтқанда тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сату кезінде чектер берілмейді. Ағымдағы жылы азаматтық бақылау шеңберінде мемлекеттік кірістер органдарына ағымдағы жылдың 5 айы ішінде ел тұрғындарынан чектерді бермеу туралы 12 мыңнан астам шағым түскен.
Сонымен қатар, жедел аударымға мүмкіндік беретін банк өнімдері кәсіпкерлік қызметте нақты айналымдарды жасыруға мүмкіндік беретін құрал ретінде жаппай қолданыла бастаған. Қызмет ақысын алу кезінде таныстарына немесе бизнес субъектісі ретінде тіркелмеген адамдардың каратсына аудартып алады, осылайша көлеңкелі айналымдардың дамуына ықпал етуде.
Осыған байланысты, Мемлекеттік кірістер комитеті ҚР Ұлттық Банкімен, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығымен және екінші деңгейдегі банктермен қолма-қол емес төлемдерді фискализациялау бойынша бірқатар шешімдер әзірледі. Ол бойынша кәсіпкерлер тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін есеп айырысу кезінде кәсіпкерлік қызмет үшін ашылған шоттарды пайдалануы тиіс.
Бұл өзгерістер жеке тұлғалар жеке мақсатта пайдаланатын аударымдарына әсер етпейді.
Айта кетейік, телефон нөмірі арқылы қолма-қол емес аударым қызметін ұсынатын банктер мұндай қызметті пайдаланушылармен шартта кәсіпкерлік қызмет үшін пайдалануға болмайтынын атап көрсетеді. Алайда бұл қызметтің жылдамдығы мен комиссия жоқтығынан кәсіпкерлер тауар ақысы мен қызмет ақысын алу кезінде жиі қолданады.
Мемлекеттік кірістер комитеті бизнесті ашық және ашық жұмыс істеуге, белгіленген нормалар мен ережелерді уақтылы және дербес орындауға, нақты айналымды көрсетуге және бақылау-касса машиналарын қолдануға және әрбір сату кезінде чектер беруге шақырады.
Ал тұтынушыларға өз азаматтық позициясын белсенді түрде білдіру және «Чекті талап ет-жүлдені ұтып ал!» акциясына қатысуға шақырады.