Велотуризм қарапайым қалалық тұрғын үшін жеңіл саяхат түрі болуы мүмкін. Педалді теуіп отырып, айналаңды зерттеуге, табиғат құбылыстарын байқауға болады. Жыл сайын велосипедті серік еткендер қатары артып келеді. Ол саған еркіндік, қозғалыс сезімін сыйлайды. Жұмыс пен үйдің арасы бұрынғыдай зеріктіріп жібермейді. Алайда, бұл велоспорттың біз енді түсініп келе жатқан бір қыры ғана.
Екі жолдорба мен велосипедін құшақтап, апталық-айлық сапарларға шығатын жанкештілер де бар. Олар велотуризмнің жанкүйерлері. Велосипед тек көлік құралы ғана емес, нағыз спортқа айнадырған. Бүгінгі кейіпкеріміз Қанат Жеткербай екі әріптесімен бірге 35 күн ішінде Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Астана облыстарын аралап шыққан. Бағындырған қашықтық - 3 200 км. Бүгінгі сұхбатта аптап ыстықта елдің 5 облысын тек велосипедпен аралап шығуға не себеп болғандығын түсіндіруге тырысты. Қанат Жеткербай - Қазақ спорт және туризм академиясының студенті, Есік қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледжінде туризм мамандығын бітірген. Қазір Есік қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің туристік-эксурсиялық орталығында қосымша білім беру қызметін атқарады.Қалай басталды?
Біздің тобымыздың мүшесі Сәрсен Әлімжанұлы Алматы облысын және Есік көлі арқылы Алатауды (1100 шақырым) аралап шыққан.Ол кісінің Қазақстанды немесе тіпті 4-5 облысты аралап шықсам ба деген арманы болған еді. Осы жоспарларын маған үнемі айтып жүретін. Бірақ бірден бел буған жоқпыз, өте қиын сапар болатындығын түсіндік. Кейінірек, нақты іске асыруға болатындығын түсінгенде Дәулет есімді студентті тарттық. Біз 1 жыл бойы дайындалдық. Соңғы 3 ай бойы жұмысқа велосипедпен барып келіп жүрдім. Жұмыс тау бөктерінде болғандықтан алғашында 1 сағат немесе 40 минутта баратын едім. Кейінірек 25 минутқа қысқарттым. Қайтар жолға бар болғаны 10 минут уақыт кететін. Физикалық дайындыққа аса көңіл бөлдік. Басқа спорт түрлеріндей емес, велосипед тепкенде аяқ бұлшық еттеріне өте көп күш түседі. Тез шаршап қалмас үшін физикалық дайындықтың мықты болғаны қажет.Демеушілер қалай табылды?
Қаржыландыру жағы қиын болды. Саяхат кезінде 1 адамға орташа есеппен 100 000 теңге кететін. Біз маршрутымызды алдын-ала белгілеп, 45 күнде барып-келуіміз керек деп жоспарладық. Демеушілік жағы қиын болғандықтан, академияға өтініш жолдадық. Олар қолдау білдірді. Барлық керек-жарақтармен толығымен жабдықтады. Алдын-ала баратын барлық аудан, облыс орталықтарына хабар беріп, бізге көмек беруін өтінді. Ең қымбат тамақтанған жеріміз Астанаға жетпей жолай тамақтанған дәмхана болды. 3 адамның түскі асы үшін 10000 теңге тастап кеттік. Ал Балқаш маңында 3 адам үшін 600 теңге төледік. Құрал жабдықтардың өзі үлкен қаржыны керек етеді. Біз мінген велосипедтер 100 000 теңге тұрады .Тәулік сайын - 100 шақырым
26-мамырда күндіз 11:30-да біздерді Алматыдан шығарып салды. Кешке, 18:30-да Қапшағайдың арғы жағындағы Шеңгелді деген ауылда болдық. Орта есеппен 100 шақырым жүріп өтеміз деп есептедік. Бірақ 110-120 шақырымды бағындырып отырдық. Бірінші күні 112 шақырым жүріп тастаппыз. Әр күніміз өткен күнге қарағанда ауыр тәрізді. Алғашында қорқыныш, қобалжу болды. Ең көп жүргеніміз Қарағанды облысында еді. 1 тәулікте 143 шақырым жүріп тастаппыз. Тіпті өзіміз де таңғалдық. Қапшағай арқылы Талдықорғанға, Үшарал, Аягөз, Семей, Павлодар, Ақмола өңірлерінде болдық. Көп қиындық Шығыс Қазақстан облысында болды. Алматы облысында таулы аймақ қашан бітеді деп асығатын едік. Ал шығыста кең, жазық дала басталды. Маса да көп. Күніне 130 шақырымға дейін жүріп отыратынбыз. Таулы жердің суына әбден үйреніп қалғандықтан да қиын болды. Павлодар мен Астана облысында қатты жаңбырдың астында қалдық. Елдімекендер арасы алыс. 25 келі жүгіміз тағы бар. Қоржын, ұйықтайтын қапшықша, жол дорба, 800 грамдық шай қайнататын шәйнектен басталған ыдыстар, азық-түлік. Дәрі қорабшасы, құрал-жабдықтар, киімдер. Өзімізбен бірге 3 л ауыз су болады. Азықты тек 1 күнге ғана лайықтап шықтық. Жолда кездескен елдімекендерден тамақтанып отырамыз. Су таусылса, жолдан көлік тоқтатамыз. Түскі уақытқа, кешкі тамаққа да арнайы уақыт белгілен жоқпыз. Ол қашан алдымыздан ауыл шығатындығына байланысты болады. Мысалы, кейде таңертең 5:30-да таңғы ас ішіп, түскі тамаққа 3-те отырдық. Екі сағаттан кейін кешкі тамақ. Одан кейін басқа ауыл кездеспейтін болғандықтан, ертерек жатып қалуға тура келеді. Күн ыстық, алдағы 2-3 күнге тамақ алып жүру мүмкін емес. Оның өзі артық салмақ. Өрге шыққанда жүкпен жүру тіпті қиын. Жолда 4-5 рет тамақтанып отырамыз. Күні бойы екі аяқпен ғана жұмыс істеу үлкен күшті қажет етеді. Таңертең 5-те тұрып, 6-да жолға шығамыз. Әр 1 сағат, жарты сағат сайын демалып отырдық. Күніне 2-3 реттен дөңгелек жарылып қалатын кездер де болды.Қазақ қонақжайлылығын танытты
Әр барған, түнеген жеріміз қонақжай қарсы алды. Біз тіпті ондай қошеметті күтпедік. Алғаш шыққан күндердің бірінде Балтабай деген ауылға тоқтадық. Таңғы алты жарым шамасында аялдамада тұрсақ бір қария көріп қалды. Келіп, амандасып, жөн-сұрасқан соң үйіне шақырды. Шындығында, бір-бірімізді танымаймыз да. Бірақ сыйлап, шығарып салды. Бұрын соңды мұндай сапарға шыққан қазақтарды көрмеп едім, сендерге рахмет деп, алғысын жаудырып жатыр. Осыған дейін шетелдіктерді ғана көруші ек, сендердей қазақты алғаш көруім деп бізге риза болысты. Қызық жағдай Павлодар облысында да болды. Көзілдірігіміз, каскамызды тағып жол жиегінде кетіп бара жатсақ, алдымыздан бір көлік тоқтады. Ішінен ер кісі шығып "тудэй, тудэй" деп айғайлайды. Біз жанынан барып "Ассаламаумағалейкум, аға"деп амандассақ, аң-таң қалып тұр. Біз сендерді шетелдіктер деп жүрсек, қазақ екенсіңдер ғой дейді. Жол-жөнекей кездескендердің барлығы сумен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, қолдау беріп отырды. Тіпті ақша да ұсынып отырды. Осының өзі, көпшіліктің ниеті бізге үлкен күш берді.Велосипедті қалай таңдау керек?
Велосипедті таңдауға үлкен мән беру керек. Оның тежегіші қайда орналасады, қанша салмақ көтереді? Барлығына мән беру қажет. Әдетте кәсіпқой спортшылардың велосипедінің салмағы 4-5 келі ғана болады. Біздің көлігімізбен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Дегенмен мініп шыққан велосипедтеріміз 10 мың шақырымға дейін шыдай алады. Ең бастысы велосипедтің - дөңгелегі. Ұзақ жолда көп бұзылады. Сондықтан аса ұқыпты қарау керек. Демалатын уақытта бірінші кезекте велосипед орналастыратын жер іздейміз. Тоқтаған жерде жуып-сүртіп отырамыз. Шетелде қандай көлікке емес, қандай велосипедке мініп жүресің деп сұрайды. Өкінішіке орай, алыс ауылдар велосипедтің пайдасы туралы білмейді. Олар Алматы үлкен қала, мегаполис, осы жерде ғана велосипедпен жүреді деген пікірде. Оның кез-келген жерде өте ыңғайлы траспорт түрі екендігін біле бермейді.Дайындық
Велосаяхатқа менің барғым келеді деген ниет жеткіліксіз. Психиологиялық және физикалық жағынан өте ұзақ уақыт дайындалу қажет. Қарапайым адам бірінші күні 40 шақырым жүруі мүмкін, ары қарай физикалық күші жетпейді. Кем дегенде 6 ай физикалық дайындық қажет. Күнделікті 2-3 сағатын велосипедке арнап отыру керек. Осыдан кейін ғана күніне 70-80 шақырымнан бағындырып отыруға болады. Психологиялық дайындықсыз да ештеңе өндіре алмайсыз. Мен жолға шыққанда үйде 2 балам қалды. Кейінірек үйдегілер олардың ауырып қалғанын айтты. Сондай кездерде уайымнан бәрін тастап, артқа бұрыла салғым келді. Тіпті топ мүшелері өзара бір-бірімізге ашуланып, бір-біріміздің шамымызға тиетінбіз. Досымыздың аяғы ауырып, жүре алмай қалған сәттер болды. Жол жүрісі де адамды қажытып жібереді. Су таусылып, қарын ашады. Құбылмалы ауа-райына шыдау керек. Қарсы соққан желде ары кетсе 5-10 шақырым ғана жүретін едік. Асуды бағындырар сәттерде өте қиын болды. Мұндай уақыттардың барлығында біз бір-бірімізге үлкен қолдау көрсетіп отырдық. Біз бұл сапар туралы 1 жыл бұрын барлығына айта бастадық. Таныс-туыс, дос, әріптестер, университетіміз - бәрі де біздің осы сапарға шыққанымызды біледі. Осындай жауапкершіліктен кейін бұрыла салу туралы ойлаудың өзі мүмкін емес еді.Болашақ бағыттар
Біз барған 5 облыс бізді таныды, бізді көрді. Сол жерде велотуризмді дамытсақ деген ниет пайда болды. Бірақ бұл өте аз. Шалғайдағы аймақтарда велосипедпен саяхатқа шығуға болатындығын, велотуризмді біле бермейді. Тіпті жастардың да қызығушылығы аз. Осы орайда біздің велотуризмді насихаттаушы болғымыз келеді. Алғашқы қадамдарымызды ауданда мұғалімдер арасында, жастар арасында велосипедпен жарыс ұйымдастырудан бастағымыз келеді. Есік ауданында өткізсек, ары қарай көлемін кеңейте беру керек болады. Алдағы уақытта Мәскеуге немесе Түркістанға барсақ па деген ниетіміз бар. Бірақ тым алыс жолға шығамын деп ойламаймын. Балаларым кішкентай, отбасымды қалдырып кете алмаймын. Осы материалдан кейін велоспортпен айналысу туралы ойыңыз болса, 7kun.kz бірнеше пайдалы сілтемелерді назарларыңызға ұсынады: Қала ішінде ең ыңғайлы транспорт түрі ретінде еш ойланбастан велосипедті атауға болады. Дегенмен бағасына қарай ойланып, таңдау қажет. Әдетте, жасөспірімдерге арналған велосипед құны 20 000 теңгеден, ересектерге арналғаны 30 000 теңгеден басталады. Мына жерден Алматыдағы велосипед және велоаксессуарлары бар дүкендер тізімін таба аласыз. Ал "темір тұлпарыңызды" сатуды немесе ұсталғанын алуды ойлап жүрсеңіз velotime.kz сілтемесін ұсынамыз. Қаласаңыз "Велоспорт жақсы ма немесе футбол жақсы ма?" деген тақырыпта талқылауыңызға болады. Арзанырақ нұсқа іздесеңіз, велосипедті бір немесе бірнеше тәулікке жалға алуға болады. Қаланың ауданына немесе велосипед түріне байланысты бағасы әр түрлі. Ең төменгісі 1200 - 1500 теңгеден басталады. Ал салмақтырақ сауық қажет болса, қала сыртына велотурға шығуға болады. Тур мен велосипедті жалға алу құны - 7000 теңге. Шлем мен қорғаныш кеудешесін жалға алу 500 теңге тұрады. Топ 2 адамнан 15 адамға дейін аралықта құралады. Кіші Алматы шатқалын аралайтын тур құны 7000 теңден, Іле өзенінің бойын немесе Шарын шатқалын аралау 9000 теңгеден жоғары. Толығырақ мына жерден біле аласыздар. Велотуризмге қатысты кез-келген жаңалықты veloalmaty.kz сайтынан оқуға болады. Дайындаған Ақсәуле Әбітай "7"Похожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024