Казкомның акциялары жарты жыл ішінде 40 пайызға төмендеген. Бұл туралы Қазақстандық қор биржасындағы сауда мәліметтерінде хабарланған.
Еске салайық, өткен жылдың қыркүйек айында банктің акциялары бір қағаз үшін 460 теңгеден сатылып, бір акция бағасы 500 теңгеге дейін жеткен еді. Кейінірек акциялар құны күрт төмендей бастағанымен, 2014 жылдың соңына дейін 400 теңге деген бағасын сақтап қалды. Осы жылдың басында Казкомның акциялары тым арзандап, ақпан айында 300 теңге аумағында сатылды.
Ал 5 наурыздың қорытындысы бойынша, Казком акциялары 3 пайызға төмендеп, 280 теңгеге жетті. Мұндай төменгі көрсеткіш өткен жылдың 21-22 қазанында байқалған еді.
Биржаның кешегі саудасында жалпы құны 4 миллион теңге немесе 21,6 мың доллар болатын 14,2 мың акция сатылған. Осыған дейін сарапшылар банк өз акцияларын "Самұрық-Қазынадан" сатып алып, инвесторлар тарапынан құнды қағаздарға деген сұраныстың өсуіне байланысты Казком акциялары өткен жыл тым қымбатқа бағаланып кетті деп мәлімдеген еді. Бұдан кейін акциялардың бағасы 600 теңгеге дейін өсуі де мүмкін еді. Алайда, сарапшылар өтімділіктің төмендеп кету қаупі бар екендігін, нәтижесінде банк акциялары инвесторлар үшін тартымдылығынан айырылуы мүмкін екендігін де хабарлаған еді





