Алматы. 30 маусым. 7kun.kz - 2017 жылдың басынан бері 4G/LTE жоғары жылдамдықты мобильді интернеті Риддер, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Петропавл, Шемонаиха және Екібастұз тұрғындарына қолжетімді болды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
2016 жылдың тамызынан бері төртінші буын желісімен барлығы 20 қала қамтылды.
«Төртінші буын желісі іске қосылған сәттен бері біз өз абоненттеріміз қолданатын трафик көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанын байқаймыз. 2017 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 2016 жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 68 пайызға өсті. Осы жылдың мамырында біз 4G+ (LTE Advanced) желісін Алматы мен Шымкентте іске қостық, 2017 жылдың соңына дейін желі Қазақстанның тағы 9 қаласында пайда болады. Абоненттеріміздің төрттен бірге жуығы 4G/LTE желісін қолданып отыр. Біз қамту аймағының дамуы мен төртінші буын желісін ұстайтын мобильді құрылғылардың көп енуінің арқасында желімізде 4G және 4G+ қолданушыларының саны артады деп есептейміз», - дейді «Кселл» АҚ коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова.
Бүгінде Kcell Store дүкендерінен танымал өндірушілердің 4G және 4G+ технологиялары қабылданатын мобильді құрылғыларының барлық жаңа түрін сатып алуға болады. Kcell және activ абоненттері үшін 4G+ (LTE Advanced) желісіндегі мобильді интернеттің құны қолданыстағы 3G және 4G желілеріндегі баға деңгейінде қала береді.
«Кселл» 4G желісін Ericsson компаниясының техникалық шешімдер базасында орнатып жатыр.
Компания еліміз бойынша интернет байланысы мен дыбыс қызметтері сапасын тұрақты түрде бақылап отырады. 2017 жылдың бірінші тоқсанында «Кселл» инженерлері желі сапасын тексеру үшін 5 мың шақырымға жуық жол жүріп шықты. Алматы мен Шымкенттегі драйв-тест кезінде өлшемдер ең жоғарғы мәнді - халықаралық POLQA (ағ. Perceptual Objective Listening Quality Assessment — сөздің естілетін сапасының объектив бағасы) алгоритмі қолданылатын MOS (ағ. Mean Opinion Score — сөз түсініктілігінің орташаланған бағасы) шкаласы бойынша 5 балдан 4,45 және 4,44-ті көрсетті.