Алматы. 31 шілде. 7kun.kz - Ұлттық банк төлем карталарымен есептескенде алаяқтарға қалай алданып қалмаудың бірнеше тәсілдерін көрсетті. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық банктің мәліметінше, VISA және MasterCard ең көп тараған төлем карточкалары болып саналады. Одан бөлек, American Express, UnionPay карточкалары және жергілікті жүйелер де жиі пайдаланылады.
Қазақстанда карточкаларды 25 банк және "Қазпочта" АҚ шығарады.
Карточканың негізгі екі түрі бар: дебеттік және кредиттік.
Дебеттік төлем карталары бойынша операциялар банк шотындағы ақша қалдығы шегінде жүргізіледі. Әдетте мұндай карточкалар жалақы, зейнетақы, жәрдемақы және т.б. аудару үшін пайдаланылады.
Кредиттік карталарды пайдалану кезінде есеп айырысу банк беретін банктік кредит есебінен және соның мөлшерінде жүргізіледі.
Алаяқтарға алданып қалмас үшін мына ережелерді есте сақтау керек:
• төлем карточкасы арқылы жасалатын операцияларды сіздің көзіңізше жүргізуді талап етіңіз;
• төлем карточкаңыз жоғалса немесе сіздің келісіміңізсіз ақша есептен шығарылса, тез арада эмитент банкке хабарлаңыз;
• банктің SMS-пен хабарлау қызметіне қосылыңыз;
• қандай жағдай болмасын төлем карточкаңызды және PIN-кодыңызды басқа адамдарға, оның ішінде туыстарыңызға бермеңіз;
• интернет-дүкендерден сатып алуды бөлек төлем карточкасын пайдалана отырып тексерілген сайттардан ғана жүргізіңіз.
https://www.facebook.com/ulttykbanki/videos/501254243600164/