Экономика
Ұлттық банк валюта нарығындағы саудаға араласқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
Ұлттық банк Қазақстандық қор биржасындағы 24 тамызда доллар теңгеге қатысты құнсызданған кездегі валюталық саудаға араласқан жоқ. Бұл туралы ұлттық реттеуіш басшысының орынбасары Нұрлан Құсайынов мәлімдеді.
"Дүйсенбіде теңге нығайған кезде, Ұлттық банк тарапынан интервенция болды деген пікір бар. Шындығында, ол күні заңды тұлғалар салық төледі. Яғни, салық төлеу үшін теңгеге деген сұраныс жоғары болды. Сондықтан теңге курсы да күрт көтеріліп кетті. Бұл жерге Ұлттық банк араласты деудің мәні жоқ", - деп түсіндірді Н.Құсайынов.
Еске салайық, үкімет Ұлттық банкпен бірге теңге курсын еркін айналымға жіберіп, доллардың теңгеге қатысты курсы 250 теңгеге дейін көтерілді.