Қазақстанда республикалық бюджеттің 46 пайызы Ұлттық қордың қаржысынан тұрады. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қордан алынатын ақша көлемін 2020 жылға қарай ғана азайтатын мәлімдеген. Сарапшылар Ұлттық қордың өзін құтқаратын сәт жақындап қалғанын айтады.
Cенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет ашықтығы туралы өткен парламент тыңдалымында 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетке Ұлттық қордан 2 трлн теңге алынатынын алға тартып, ондағы қаржыны тиімді пайдалану мәселесі әлі де өзекті болып отырғанын жеткізді.
- Ұлттық қор қаржысын пайдаланудың қазіргі тәжірибесі ұзақ мерзімді перспективада Үкіметтің экономикалық саясаты тиімділігінің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Бұған ағымдағы проблемаларды жедел шешу үшін тұрақты қаржы көзінің болуы (Ұлттық қордан) ықпал етіп жатыр. Турасын айтқанда, Ұлттық қор үкіметті босаңсытып отыр, — деді.
Ресми статистикаға сәйкес, өткен жылы Ұлттық қордан алынған қаржы көлемі күрт өскен. Мысалы, қордан 2013 жылы - 1,38 трлн теңге, 2014 жылы - 1,48 трлн теңге, 2015 жылы - 1,7 трлн теңге болса, 2016 жылы алынған қаржы көлемі 169 пайызға көбейіп, 2,88 трлн теңгеге артқан. Ал 2017-2018 жылдарға бөлінуі мүмкін сома 2,4 трлн теңгені құрайды.
Дегенмен мәжіліс депутаты Екатерина Никитинская қордан қаржы алынып қана қоймай, ұлттық компаниялардың кейбірі қарыздарын қайтарып жатқанын айтады.
- «Ұлттық қордан бәрі тек алып жатыр, қарыздарын қайтаруды ешкім ойлап жатқан жоқ» деп айтуға болмайды. Президент үкіметтің алдында қордан алынған қаржының орнын толтыру туралы тапсырма берді. Бюджетке қатысты айтсам: жыл сайын Ұлттық қордан белгілі бір көлемде қаржы алынады. Себебі, бюджеттегі қаржының бір бөлігі салықтардан, қалған бөлігі Ұлттық қор ақшасынан тұрады, - дейді депутат.
Екатерина Никитинская Ұлттық қордан бөлінетін қаржының жыл сайын өсуі оның басқа валютада бекітіліп, кейін алынған соманы теңгемен санағанда біршама артуынан болуы мүмкін екенін айтады. Депутат сонымен қатар үкіметке банк секторына сауықтыруға Ұлттық қордан бөлінген 2 трлн теңгеге байланысты сұрақ қойғанын айтып, мұның қаржы институттарын қолдаудағы соңғы шара екенін жеткізді.
- Біздердің Ұлттық қор есебінен болсын, мұндай шара жүргізгеніміз дұрыс. Себебі, біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ секілді ірі қаржы жүйесі бар ұйымдарға мүше болдық. Олардың талаптары бойынша, бұл таза бәсекелесікке кедергі, кейін біз отандық банктерге қолдау көрсете алмаймыз. Секторды қазір тазалап алған дұрыс, - дейді ол.
Бірақ мәжілістегі Коммунистік партия өкілі Айқын Қоңыров Ұлттық қордың кей шығындарын азайтуға болатынын айтады.
- Ұлттық компанияларға қор есебінен көмектесуді қолдамаймын. Олардың жұмыс жүйесі бұлыңғыр, не болып жатқаны сарапшыларға да түсініксіз. Олардың бюджеті түгілі, алған ақшаларын қалай жаратып жатқаны құпия. Меніңше, Ұлттық қор есебінен оларға көмектесу – оларды өз қолыңмен масыл ету, - деп пікір білдірді депутат.
Бюджеттің біраз бөлігі Ұлттық қор қаржысы есебінен толықтырылып отырғанынан қатысты пікір білдірген Арман Қоңыров мұның басқарудағы қателіктерден болып отырғанын жеткізді.
- Мұның бәрі үкіметтің бюджетті толтыруға қабілетті секторды дамытуға жеткілікті жағдай жасамай жатқан үкіметтің мәселесі. Әрине, түсімді көбейту үшін салықты көбейтуге болады, бірақ бұл сүт беретін сиырды сойып тастағанмен тең. Президент бір кездері біздегі салық кодексін «елдің жаулары» жазғанын айтқан еді. Ұлттық экономика министрлігі бизнесті дамытуға тырысып жатса, қаржы министрлігі салықты жинау үшін оған кедергі жасап жатыр, - дейді партия мүшесі.
Банк секторын сауықтыру үшін Ұлттық банк есебінен қаржы бөлуге қатысты ойын айтқан депутат валютасы әлсіз елдерде банктердің аман қалуына екі ғана жолы болатынын, бірі - қарыз алу, екіншісі – Ұлттық қорды жарату екенін жеткізді.
- Посткеңестік елдердің кейбірі экономика түгелдей тоқырап қалды. Қазақстанның Ұлттық қорын дұрыс қолданбай отыр деуге болмайды, бірақ оны басқару жүйесін өзгерту керек. Қазір Ұлттық банктің шығындар саясатын ондағы бірнеше шенеунік анықтайды. Қаржыны қайда жұмсағанда тиімді болатынын айтып, президентке кеңес береді. Бірақ ол кейін өз кеңестері үшін жауап бермейді, - дейді Арман Қоңыров.
Естеріңізде болса, 2016 жылы Ұлттық қордан бөлінген қаржы көлемі 2,6 трлн теңгені құрағанын, мұның 2015 жылдағы шығынмен салыстырғанда 23 пайызға артық екенін жазған едік. Сол кезде сарапшылар Ұлттық қор трансферті ұлғайғанымен, Қазақстан резервіне келетін қаржы көлемі 1,2 трлн теңгеге дейін азайып кеткенін айтқан.
Осы кезге дейін Ұлттық қордан әр түрлі дағдарыстық шараларға 2008 жылдан бері 14 млрд доллар бөлінген.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024