Ұлттық Банк заңды тұлғалардың шотынан ақша алуға шектеуді не үшін енгізді?
ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Дина Галиеваның түсіндіруінше шектеу тек қолма-қол ақша алуға байланысты. Кәсіпкерлерге қолма-қол ақшасыз тәсілмен қажетті операцияларды жүргізуге шектеу қойылмаған.
Шектеуді белгілеуше себеп көлеңкелі экономиканың мөлшерін төмендетуге, бизнес субъектілері жүргізетін операциялардың айқындылығын арттыруға, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы күреске және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған.
Бұл шектеулер Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығында талқыланып, ҚР Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесімен мақұлданған.
Шектеу кімге қолданылмайды?
- Жаңашылдық жеке тұлғаларға, дара кәсіпкерлерге, микрокәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ ауылшаруашылық азық-түлік өнімдерін, балық өсіру өнімдерін сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға, тамақ өнімдерін, сусындарды, фармацевтикалық, медициналық және ортопедиялық тауарлардың бөлшек саудасымен айналысатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
- Сондай-ақ, банктерге, «Қазпочта» АҚ мен банктік емес айырбастау пункттеріне де қолданылмайды.
1 қаңтардағы есеп бойынша елімізде 308 мың заңды тұлға (олардың 96,5 мыңы немесе 31% ауыл, орман және балық шаруашылығы, көтерме және бөлшек сауда саласында қызметін жүзеге асырады) және жұмыс істейтін 1 млн 69 мың дара кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.
Белгіленген лимиттен асыру мүмкіндігі бар ма?
Мұндай мүмкіндік көзделген. Компанияларға белгіленген лимиттерден асатын кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға қажетті қолма-қол ақша сомасын алуға рұқсат етілген.
Бірақ, бұл жағдайда компаниялар өздеріне қызмет көрсететін банкке тиісті негіздемені ұсынуы қажет, ол өз кезегінде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен операциялар жүргізуді келіседі. Егер компания үш жұмыс күні ішінде Қаржыминнің МКК-нен жауап алмаса, онда аталған сұрату бойынша қолма-қол ақшаны алу бойынша транзакция автоматты түрде мақұлданды деп есептеледі.
Жаңа қағидалардың енгізілуіне байланысты кәсіпкерлер үшін қандай қиындық туындауы мүмкін?
2019 жылы орташа статистикалық тұрғыдан бір заңды тұлға жылына шамамен 9 млн теңгені немесе айына 747 мың теңгені қолма-қол ақшамен алған. Ұлттық банк енгізетін лимиттер жоғарыда көрсетілгендерден әлдеқайда жоғары. Сондықтан Ұлттық банк бизнес үшін қандай да бір қиындықтар туындайды деп күтпейді.
Бұған қоса, заңды тұлғалар өздерінің банктік шоттарынан қолма-қол ақшаны алуға құқылы екендігін тағы да атап өтеміз, айырмашылығы тек енді шекті сомалар белгіленді.
Шет елдерде мұндай тәжірибе бар ма?
- Белгілі бір мөлшерден асып кеткен жағдайда айыппұл немесе операция туралы тиісті есепті жіберу міндеттемесі белгіленген жеке тұлғаларды қоса алғанда, қолма-қол ақша нысанында есептеудің шекті мөлшерін белгілеу тәжірибесі басқа елдерде де бар.
Мысалы, Еуропалық Одақ елдерінде қолма-қол ақшамен төленетін мәмілелер мен сатып алулар бойынша шекті мөлшерлер еліне байланысты
1 000 еуродан 15 000 еуроға дейін, АҚШ-та – 10 000 Америка долларын, Канадада – 10 000 Канада долларын, Австралияда – 10 000 Австралия долларын құрайды.
Шектеу қай кезге дейін
Президенттің Жарлығына сәйкес шектеудің қолданылу мерзімі - ағымдағы жылдың соңына дейін. Қазіргі уақытта Ұлттық Банк заңнамаға өзгерістер топтамасын дайындау жұмысын жүргізуде, оған сәйкес Ұлттық Банкке заңды тұлғаларға қолма-қол ақша беруге шектеулер белгілеу бойынша өкілеттік берілетін болады.