Алматы. 12 қыркүйек. 7kun.kz – 2018 жылғы бірінші жартыжылдықта ҚР Ұлттық қорының инвестициялық кірісі теңгемен қайта бағалауды ескере отырып 400,9 млрд. теңгені құрады, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Жекелеген БАҚ-та Қазақстан Ұлттық қорының 2018 жылғы инвестициялық шығыны 785 млрд теңгені құрағаны туралы ақпарат пайда болған еді. Ұлттық банк осыған байланысты түсінік берді.
«Бұған дейін түсіндіргендей, шын мәнінде 785 млрд теңге Ұлттық қордың іс жүзіндегі инвестициялық шығыны болып табылмайды. Бұл сан бағамдық айырманы ескере отырып, биылғы 1-тоқсанның соңындағы инвестициялық нәтижені көрсетеді. Ақпараттың бастапқы көзі - Қаржы министрлігі жариялайтын ҚР Ұлттық қорының түсімдері мен пайдаланылуы туралы есеп. Бұл есеп ұлттық валютада жасалған және онда ҚР Ұлттық қорының кірістілігі есептелетін базалық валютадағы (АҚШ доллары) активтерді басқарудан инвестициялық кіріс туралы ақпарат жоқ» делінген хабарламада.
2018 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша, 785 млрд теңге шығын 67 млрд теңге мөлшеріндегі іс жүзіндегі инвестициялық кірістен және теңгемен қайта бағалау бойынша 852 млрд теңге болатын теріс айырмадан тұратынын атап өтті банктің баспасөз қызметі.
«Ол осы кезеңде теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамының нығаюына байланысты. Осылайша, 2018 жылғы 31 наурыздағы және 2017 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша АҚШ долларының бағамы тиісінше 318.31 теңге және 332.33 теңге болды» деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Қаржы ұйымының хабарлауынша, «Ұлттық қордың түсімдері мен пайдаланылуы туралы» 1 қыркүйектегі есепте қамтылған 1,2 трлн теңгені кейбір БАҚ Ұлттық қордың кірісі деп атайды. Шын мәнінде, ол қордың табысы емес.