КЕМБРИДЖ – Тамыздың соңында Франция президенті Эммануэль Макрон билікте өзін көкке көтеретін, я төменге құлдырататын, ең бастысы – еуроаймақтың болашағын айқындайтын еңбек нарығын реформалау жоспарын жариялады. Оның мақсаты – Францияның 10 пайыздан түспей тұрған жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, серпінге зәру экономикаға жан бітіру.
Еңбек нарығын реформалау – Францияның күн тәртібінде бұрыннан тұрған мәселе. Францияның бергі тарихындағы басшылардың барлығы етжеңді еңбек кодексін қайта жазуға әрекеттенген, бірақ кәсіподақтардың қарсылығынан қаймығып, райынан қайтып отырған. Макрон әлі неге қарсы екенін ашық айтқан жоқ, ол мұны тек «Коперник революциясы» деп сипаттады. Бірақ, бұл жолы мүлде басқаша. Елдегі екінші ірі кәсіподақ жалпыұлттық ереуіл бастайтындарын жариялғанымен, Макрон қажетті саяси қолдауға ие болады деуге негіз бар.
Макронның реформасына «еңбек нарығының бейімделгіштігін арттыру» деген эвфемистік атау берілген. Жаңа реформа бойынша, компаниялар қызметкерлерді оңай жұмыстан шығара алады, шағын фирмалардағы жұмыс беруші мен қызметші арасындағы келіссөзді орталықтың құзырынан алады (сектор деңгейінде келісім алу талабы алынып тасталады), заңсыз жұмыстан шығарғаны үшін берілетін өтемақының жоғарғы шегін бекітеді, арбитраждың көмегімен компанияларды кездейсоқ шығындардан қорғайды. Оның үстіне ірі компаниялардағы жаппай қысқартуды сол мекеменің «әлемдік табысына» байлап қою дәстүрі жойылады, сөйтіп компаниялар жұмысшыларын ішкі табыстардың көлемі негізінде-ақ қысқарта алады.
Макронның еңбек нарығында реформа бастауына отыз жылдан бері экономистер мен Халықаралық валюта қоры, Еуропадағы ынтымақтастық және даму ұйымы сияқты халықаралық институттардың құрылымдық реформа жүргізу жөніндегі талаптары себеп болды. Олардың көзқарасы бойынша, еңбек нарығы неғұрлым иліккіш болса, француз фирмалары өзгеріп жатқан еңбек нарығына оңай бейімделіп отырады, Франция экономикасының дамып келе жатқанын ескерсек, соның арқасында олар бәсекеге қабілетті әрі икемді бола түседі.
«Жұмыс берушінің қызметкерді жұмыстан оңай шығара алуы жұмыссыздықты көбейтпей, оны керісінше азайтады» деген пікір - соншалық оғаш пікір емес. Егер қызметкерді жұмыстың шығарудың шығыны көп болса, онда фирмалар нарықтың көлемі өскенде қосымша қызметкер алудан тартыншақтайды, себебі ертең жағдай нашарлап жатса, оларды босатудың өзі үлкен мәселе болмақ. «Жұмыстан шығарудың шығыны деген – жұмысқа алу шығыны» деп экономистер осындайда айтса керек. Жұмыстан шығарудың шығынын төмендетсең, жұмысқа алудың шығынын да азайтқаның.
Жұмыстан шығару шығыны азайса, жұмыс орындары көбейе ме, жоқ па, бұл бірін-бірі толықтыратын осы екі факторға байланысты. Мұның нәтижесі фирмалардың жұмысқа алу, әлде жұмыстан шығару шығындарының қайсысынан көбірек тартынатынына байланысты болмақ.
Заманның жақсы кезінде фирмалар кеңейгісі келсе, оларды жұмысқа алу шығындары ғана ойландырады, қызметкерлерді босату оңайласа, онда бұл инвестиция мен күш-қуатты арттыру жолындағы басты кедергіні алып тастайды. Ал жағдай нашар кезде жұмыстан босату шығындары азаятын болса, онда көп қысқарту басталады. Бұл факторлардың қайсысы басым болатыны жалпы сұраныс пен жұмыс берушілердің «жануар инстинктіне» байланысты болмақ.
Экономистер мен саяси шешім қабылдаушылардың еңбек нарығындағы икемділік реформасы туралы энтузиастық пікірлер көп болғанымен, осындай екіұштылықтың кесірінен жұмысшыны қорғау мен еңбек нарығын жақсартудың арасында эмпирикалық байланыс орнату қиынға соқты. Жұмысшылардың құқығы қатаң қорғалған жерде жұмыс орындарының саны, яғни жұмысқа алынғандар мен шығарылғандар саны, азаятыны біршама ғылыми еңбектерде дәлелденген. Ал жалпы жұмыссыздық мәселесіне келетін болсақ, соңғы сауалнама көрсеткеніндей, айқындық жоқ. Мәліметтерді салыстыра қарасақ, Франциядағы реформалар жұмыссыздықты төмендетеді дегенге онша сендіре қоймайды.
Франция еңбек заңдары тым күрделі ел болып саналады. Ол бәсекеге түсіп отырған экономикалардың көбінде де жұмысшылар дәл осылай қатаң қорғауға алынған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының индикаторларына қарасақ, Германия мен Данияның тұрақты еңбек шартына отырған жұмысшылары француздардан да жақсы қорғалған. (Француз жүйесі әсіресе уақытша қызметке алу келісім-шарттары бойынша көп шектейді).
Кей есептеулерге қарағанда, қаржы дағдарысына дейін Франция еңбек нарығын қайта реттеу бойынша Германиядан кейінгі екінші орынды иеленген. Сонда да, Германия мен Нидерландыдағы жұмыссыздық деңгейі Франциядан әлдеқайда төмен.
Бұл экономикалардың арасындағы басты айырмашылық – Германия мен Нидерландыда Франция сияқты емес, ағымдағы операциялардың профициті жоғары. Демек, олардың экономикалары сыртқы сұраныстан көп пайда көреді. Ал Францияда ағымдағы операциялар бойынша аздаған дефицит бар.
Еңбек нарығын икемді ете түсетін реформалар Франциядағы өнеркәсіпке де осылай жан бітіре ме? Бәлкім. Бірақ бұл француз өнеркәсіпшілерінен «жануар инстинктілерін» жылдам арттыруды талап етеді. Реформалардың өзіне қарағанда психология ерекше рөл ойнауы мүмкін.
Мұндай технократтық пікірталас жүріп жатқан жерде «еңбек нарығының икемсіздігі» дамыған капиталистік экономикалардағы әлеуметтік саудаласудың шешуші компоненті екенін ұмытып кетуіміз мүмкін. Бұл жұмысшыларға тұрақты табыс пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, әйтпегенде олардың өмірі тым тұрақсыз болар еді. Оның үстіне, италиялық экономист Джузеппе Бертола айтқандай, бұл таза экономикалық тұрғыдан алғанда да тиімді, себебі қызметкерлердің табысын бірқалыпты жағдайда ұстауға көмектеседі.
Макронның командасы өздерін мұқият тыңдағандарға жаңа еңбек кодексінен көп нәрсе күтпеу керектігін көрегендікпен ескертеді. Реформа экономикасы өз бетімен үлкен өзгеріс әкеле алмайды. Басты мәселе – әңгіме фрацуз экономикасын көтеруге келіп тірелгенде Макронның қорамсағында көп жебе болмай шығады. Ал макроэкономикалық саясатқа келер болсақ, ол еуроаймаққа жіпсіз байлаулы, ал Германия инвестицияны арттырып, көбірек ақша жұмсап, оларды қолдай қояды дегенге сену қиын. Демек, Макрон қаласа да, қаламаса да, оның президенттік билігіне еңбек нарығындағы реформалардың экономикалық және саяси нәтижелеріне қарай баға беріледі.
Автор туралы: Дани Родрик - Гарвард университеті Джон Кеннеди басқару мектебінің халықаралық саяси экономика профессоры, «Экономика заңдары: күңгірт саясаттың жақсы және жаман жақтары» кітабының авторы.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024