Шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер ішінде әйелдердің үлесі 43 пайыз
8 наурыз мерекесі қарсаңында бизнестегі арулар өз кәсіптері жайлы сыр бөлісіп, мемлекеттің қолдауымен нөлден шаруа бастап, оны әрі қарай дөңгелетіп әкетудің құпиясын ашты.
Бұл әңгімелердің артында сол әйел кәсіпкерлердің қажырлы еңбегі, биік армандары мен білімі, жетістік жолындағы талпыныстары, кей жерде мемлекет тарапынан көрсетілген көмек тұр.
Ақтаулық Әсел бір кездері Түркиядан тауар тасып, сатумен айналысқан. Кейіннен «Дария» сауда белгісімен жүкті және бала емізетін аналарға арналған киімдер өндірісін іске қосты.
«2015 жылы мен Түрік өнімдерін саудалауды қойып, өндіруші болам деп шештім. Ол кезде жүкті аналарға арналған киімдер қат еді. Мен осы бағытты дамытқым келді», - дейді бизнесвуман.
Кейіннен кәсіпкер «Сәби» жеке қайырымдылық қорының грантын жеңіп алды. «Жүкті және бала емізетін әйелдерге арналған киімдер жобасын байқауға қатыстыру жөніндегі шешімге түрткі болған менің ол идеяны жүзеге асырып, «Дария» брендін құрып, пайда көріп отырғаным еді. Маған грант берді. Ол кезде мен спорттық киімдер тігу жобасын да қатар қолға алып жатқан едім».
Бұл жобаның ауқымдылығы сондай, Әселдің барлық идеясын жүзеге асыруға қаражат жеткіліксіз болып қалды. «Қаржының бір бөлігін Ақтау қаласының орталығынан тігін цехын ашуға жұмсамақ болдым. Ол жерде жекеменшік жер телімім болған. Жетпеген қаржыны «Даму» Қоры арқылы 8%-дық несие алып амалдадым. Дегенмен, үш ай өткен соң мемлекеттік бағдарлама талаптарына өзгерістер еніп, сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендеді. Бұл тамаша мүмкіндік еді. Енді, «Даму» Қорының арқасында менің бизнесімнің өз баспанасы бар. Менің тігіншілерім мен киім пішетін мамандарым жұмысқа барып келу үшін қала сыртына ұзақ жол жүріп әуре болмайды. Мен шет ауданнан арзанға ғимарат жалдасам бұл әуреден қашып құтыла алмас едік. Қыста жақсы жылымайтын, жазда салқындатқышсыз қапырық бөлмелері бар, жарық жиі сөніп, суы тоқтап қала беретін, жақын маңда түстенетін асханасы жоқ шеберханада жұмыс істеуге мәжбүр болар едік. Қазір клиенттер цех жанындағы шоу-румға кіріп өнімдеріміздің үлгісін тамашалай алады. Клиенттердің келіп-кетуіне ыңғайлы жерде орналасып, персоналға жағдай жасау деген – бәсекелестерден оқ бойы озық тұру. Электрон шот-фактуралар енгізілгенінің арқасында біз қазір Қазақстанның батыс өңіріне толық қызмет көрсетіп отырмыз».
Ақтөбелік Күлпаршын Айдарханова «Ақбөбек» оңалту орталығын құрып, бизнесті игі миссия – адамдарға көмек көрсетумен ұштастырған жан.
«Менің әкем басшы болды және әрқашан көлікте жанына алып алатын. Мен отбасында тоғызыншы бала едім. Әкемнің жанында отырып үнемі: «өскенде бастық болам» (күледі) дейтінмін. Ниет маңызды деген рас қой. Жоғары медициналық білім алып, 26 жасымда шағын ұжымды басқардым».
Педиатр маман өзінің алғашқы бизнесін 1996 жылы мүгедек және жиі ауыратын балаларға арналған клиника ашудан бастады. Ол кезде Ақтөбе облысының әкімдігі мемлекеттік тапсырыс беру арқылы көп көмектесті. «Біз 12 ауданның балаларын қабылдадық. Бастапқыда бізде Жапония елшілігі сыйға тартқан, сол елде шыққан заманауи медициналық жабдықтар болды. Бұл бізге өте сапалы диагностика жасап, балалардың сырқатын дереу анықтауға мүмкіндік берді», - деді кәсіпкер.
«Мен кез-келген әйел сияқты, айналамда бала шулап, жүгіріп жүгіргенін көріп қуанамын. Сондықтан мен бизнестің балабақша, мектеп сияқты бағытын таңдадым. Қазақстандағы жүздеген кәсіпкер әйелдер сияқты мен де жекеменшік балабақшаларда, мектептер мен клиникаларға мемлекеттік тапсырыс болуы керек деп барлық инстанцияға хат жаздым. Анасы баласы үшін алаңсыз болған кезде ғана жұмысына толықтай зейін қоя алады», - дейді Күлпаршын Айдарханова.
Пандемия кезін кәсіпкер тағы бір бизнес ашу үшін пайдаланды. «Пандемияда біз Ақтөбеде алғашқы физика-математика бағытындағы халықаралық мектепті салдық. Ондағы оқытушылардың көпшілігі ағылшын тілінде сөйлейді. Ол балалар «Назарбаев Зияткерлік мектептері» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан бастауыш мектептің жалғасы болды. Өз инвестицияларым аздық еткенде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясындағы субсидия дер кезінде түсті. Бір айта кетерлігі, біздің жобаларымыздың барлығына дерлік «Даму» қорымен ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асты.
Бірте-бірте Айдарханова ханым адам емдеуде ересектерді де қамти бастады. «Жақында ауылдық жердегі үш аудан халқы үшін гемодиализ орталығы ашылды. Онда бүйрегі істемейтін тұрғындар ем алады. Жобаны зерттеу барысында біз Қандыағаш тұрғындары үшін бұл проблема өзекті екенін анықтадық. Ауа-райы қолайсыз кезде алыстағы облыс орталығына жету халыққа оңай тимейтін. Ашылғаннан кейін келген алғашқы пациенттердің бірі – бірінші топтағы мүгедек, үлкен көп балалы үйдің отағасы болды. Демек, біздің еңбегіміз бекер емес».
Сәуле Сатова – Алматы облысындағы «БәйтерекАгро Трейд» компаниясының негізін қалаған. Банктегі тұрақты жұмысын жем-жөп дайындайтын кәсіпке айырбастаған жан.
«Көптеген жандар секілді, мен де басыма қиын жағдай туғанда бизнеске келдім. Жұмыссыз қалып, күйеуіммен ажырасып, шиеттей бала мен кәрі ата-анам қолыма қарап қалған кез еді. Кейде жалғыздықтан жабығып кетесің. Қол ұшын созар пенде жоқ, тығырықтан шығар жол іздей бастайсың. Осы кезде маған демеу болған – мемлекет еді. Егер «Даму» Қоры болмағанда қазір менің бизнесім де болар ма еді, болмас па еді», - дейді кәсіпкер ана. Өмірінің тауқыметі көп шақтарында Сәуленің еңсе тіктеуіне бизнесі сеп болды. «Мен көп жылдар бойы банкте ортанқол менеджер болыр қызмет еттім. Клиенттердің бизнес-жоспарын оқыған сайын таңданатынмын. Бәрінікі бірдей, бірінен бірі көшіріп алған ба дерсің. Неге жұрт өңдеу өнеркәсібіне бет бұрғысы келмейді, ауыл шаруашылығын неге таңдамайды деп ойлайтынмын. Дәл осы салада мемлекет тарапынан қолдау көп емес пе! Ақыры өз кәсібімді ашпақ болған кезде мен жем-жөп өндіру ісін таңдадым».
Кәсіпкерлікке алғаш қадам басқан сәттерінде жолы болып кеткенін де жасырмайды. «Істі жаңа қолға алғандардың жолы болғыш деген тәмсіл бар емес пе. Тура мен туралы айтылғандай болды. Мен осы кәсіппен айналысам деген жылы соя бітік шығып, баға түсіп кетті. Мен несиенің бар сомасына шикізат алып тастадым. Жартысын бірден өңдеп саттым. Шығынымды жаппақ түгіл табыс та көрдім. Ал желтоқсан айында шикізаттың екінші бөлігін өңдеп, сатудың арқасында мол табысқа кенелдім. Сосын алты жыл бойы сояның бағасы мұндай болғанын көрген жоқпын. Оның үстіне, иесі екі жыл бойы пайдаланбай тұрған жабдықты тапқаным және оны маған тегін бере салғаны да құдайдың қарасқаны деп ойлаймын. Өмірде осындай да ғажайыптар болады!»
Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі біртіндеп дамып келеді. Әйелдер иелік ететін немесе басқаратын компаниялардың саны өсуде. Қазір Қазақстандағы бизнесі бар әйелдердің үлесі 43%-ды құрайды. Мысалы, АҚШ-та бұл көрсеткіш 42%-ды, Түркия мен Оңтүстік Кореяда 40%-ды құрайды.
«Бизнестің сапасы да өзгеруде. Ол сауда немесе мемлекеттік тапсырыстардан басталады да, біртіндеп әйелдер басқа салаларға – өңдеу өнеркәсібіне қарай ойысады. Мұнда ел экономикасының дамуына қосқан үлесінің маңызы зор. Біз жоғарыда келтірген мысалдар көп әйелге шабыт беріп, өз бизнесін бастауға түрткі болады деп үміттенеміз. Ал іскер жандарды қолдауға тиісті мемлекеттік институттар оларға көмектеседі», - дейді «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024