Астана. 20 сәуір. 7kun.kz – Халық арасына теріс діни ағымдарды енгізу бізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі болып саналады. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесуінде мәлімдеді.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М.Тәжин, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Е.Маямеров, имамдар – К.Дүйсенбай, Н.Есмағанбет, Н.Ауысханұлы, А.Керімбек, Т.Оспан қатысты.
[caption id="attachment_67940" align="alignnone" width="1000"] Фото: akorda.kz[/caption]Президент Қазақстан халқының өмірінде діннің ерекше рөл атқаратынын атап өтіп, мемлекет тарапынан діни қарым-қатынастарды реттеу үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Сондай-ақ, деструктивті діни ағымдарға қарсы күрес жүргізу қажеттігіне назар аударды.
«Қазақстанның аумағы ұлан-байтақ және табиғи қазба байлық пен ресурстарға бай екені баршаға белгілі. Осының бәріне қызғанышпен қарайтындар да бар. Олар – бізге қастық ойлап, қоғамымыздың ынтымағын бұзуға тырысушылар. Халқымыздың арасына теріс діни ағымдарды енгізу бізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі болып саналады. Соңғы уақытта осындай үрдіс жиі байқалып жатыр. Біз мемлекеттігімізге қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресуге тиіспіз. Сондықтан сіздердің алдарыңызда зор міндеттер тұр», – деді мемлекет басшысы имамдарға арнаған сөзінде.
Назарбаев Қазақстан мұсылмандары дәстүрлі түрде ханафи мазхабын ұстанатынын, исламның осы бағытының негізін түсіндіруге машықтанған мамандар даярлау қажеттігін атап өтті.
Оқыған имам ғана дұрыс білім бере алады. Ол өз дінін терең танып, өзге діндердің ерекшеліктерін зерттеп, басқа да білімдерді игерген адам болуға тиіс. Имамдар шешендік өнерді, адам психологиясын меңгерген идеологтарға айналуы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әңгіме барысында Қазақстан Президенті «Нұр Мүбарак» университетінің жұмысымен және оны бұдан әрі дамыту жоспарымен танысты.
Мемлекет басшысы жас ұрпақтың діни сауатсыздығына баса назар аударды.
«Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024