Бүгінгі таңда нотариустың қызметіне жүгінбеген азаматтарды кездестіру қиын. Себебі, нотариус кеңесі – өз құқықтарыңыз бен қызығушылықтарыңызды қорғауға, қаржы, мүлік және бизнесіңізді сақтап қалуға жағдай жасайтын пайдалы әрі тиімді ұсыныстардың бірі. Мемлекеттік органдар ғана емес, жеке фирмалар да құжат қабылдағанда оның нотариуспен куәландыруын талап етеді. Қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік нотариус қызмет көрсетпейді. Ал жеке нотариустардың жалпы саны 5000-ға жуық.
Нотариат және нотариус
Нотариат – нотариаттық iс-әрекеттер жасау арқылы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын құқықтық институт.
Ал нотариус – түрлі заңды әрекеттер мен құжаттарды куәландыратын тұлға. Яғни, оның негізгі функциясы – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету. Бұл жағдайға нотариустың толықтай билік өкілеттілігі жоқ. Дегенмен тәуелсіз әрі әділ куә ретінде фактілердің, құқықтардың, міндеттердің іс жүзінде болу, болмауын тексереді. Келісім-шарт жүргізу барысында куәгер ретінде әрекет ететін қызметкер.
Нотариат тарихы
Қазіргі кездегі нотариаттың күрделі әрі ұзақ даму тарихы бар. Түрлі келісімдер мен маңызды құжаттарды ретке келтіретін қызметкерлер ежелгі кезінде-ақ пайда болған. Вавилонда азамат құқықтырын растауға куәгерлер қызмет етті. Олар жазбаша жүйе орнатылғанша нотариалдық қызметке ұқсас жұмысты атқарып жүрді.
Келесі кезең Ежелгі Грекия және Риммен тікелей байланысты. Цезарьдың басқаруы кезінде нотариустар ерекше өкілеттіліктерге ие болған. Дәл осы кезде нотариустар мемлекеттік және жеке құқыққа сүйене отырып келісім-шарттарды тіркеуді жүзеге асыра бастады. Рим шіркеулерінің жұмыскерлері ретінде заңды құжаттарды құрастырумен айналысты. Кейіннен нотариалдық қызмет қоғам өміріне толықтай сіңісіп кетті.
Нотариалдық қызмет түрлері
- келісім-шарттарды куәландыру;
- мұрагерлік туралы куәлік, құжаттар көшірмесі және үзінділердің дұрыстығы туралы куәлік;
- азаматтың өліміне қатысты куәландыру;
- құжаттардың ұсыну уақытын куәландыру;
- жеке, заңды тұлғалардың арыздарын басқа жеке және заңды тұлғаларға табыс ету;
- құжаттарды сақтауға қабылдау сияқты т.б. іс-әрекеттер кіреді.
Нотариус міндеттері мен құқықтары
Нотариус қызметкерлері нотариаттық iс-әрекеттер жасағанда тәуелсiз болады және тек қана заңға бағынады. Жұмыс барысында және одан тыс уақытта өзіне белгілі болған нотариаттық iс-әрекеттердiң құпиясын сақтауға мiндеттi. Заңға сәйкес келмейтін нотариалдық іс-әрекеттерден бас тартуға, азаматтарға консультациялар беруге құқылы. Кез-келген нотариат қызметкерінің нотариустық мөрі, электрондық цифрлық қолтаңбасы және Мемлекеттік Елтаңба бейнеленген мөрі болуы тиіс. Нотариус өзінің қызметінен бөлек ғылыми, педагогтiк және шығармашылық жұмыспен айналысуға құқылы.
Нотариус пен сот іс-әрекеттерінің ұқсастықтары жетерлік. Дегенмен, нотариалдық қызметтің негізгі субъектісі – даусыз жағдайлар мен деректер.
Қажетті құжаттар қойылатын талаптар
Нотариалдық қызметтерді жүргізу барысында нотариус қандай да бір түзетулері бар құжаттарды қабылдамайды. Куәландырылатын мәтін анық әрі нақты жазылып, құжаттың мазмұнына сай болуы тиіс. Ал заңды тұлға атаулары қысқартылмай, тіркелген мекен-жайымен толық көрсетіледі.
Нотариалдық қызметпен айналысу үшін
Жиырма бес жасқа толған, жоғары заң білімі бар, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс істеген ҚР азаматы Әділет біліктілік алқасына емтихан тапсырады. Аттестаттаудан өтіп, нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған соң ғана тиісті өкілеттілікке ие болады. Нотариаттық қызмет кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.
Нұрила Әбдіманап «7»
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024