600 миллион АК қоймада жатыр
Калашников әлемге ең танымал қарудың бірі. Африкадағы талай жұрт, осы қарумен емес пе, тәуелсіздігін жеңіп алғаны?! Африка дегеннен шығады. Бұл автомат өте қарапайым болғаны себепті ғой, тас ғасырынан жаңа шыққан тайпалар, әлгіні оп-оңай меңгеріп алғаны. Қарапайым сонымен қоса бұл Калашниковыңыз өте арзан. Ауғандықтар мұны бір сиырға сатып ап, сатып жатады.
Алайда, қазір арзан әм қарабайыр автоматты көп елдер сатып алудан бас тартып жатыр. Діңі қисық болғаны үшін емес. Оқшантайындағы бүкіл оқты 4-ақ секундта құсып тастайтыны үшін де емес... Әлемде Калаштың көптігі сонша, 15 жылға жетеді. Кейбір деректерде әр түрлі елдің қоймасында 600 миллион автомат жатыр деседі.
Бірақ, әлемдік соғыс бола қалса, әлгі қоймада жатқан АК-лар сол күйі қолданылмайтын сияқты. Себеп?
АК керек болмай қалады
Әйгілі «қалашты» – мақтамаймыз да, даттамаймыз да. Мұның бітіспес айтыс екені әлімсақтан белгілі. Дәл қазір интернетті қосып, осы тақырыпқа видео іздесеңіз түрлі айты шығады. Ішіндегі қызығы АК-ны жамандап отырған америкалық пен қызығын көрген ауғандық төбелесіп қала жаздағаны. Бірі білікті әскери, екіншісі әскери оқу бітпесе де, соғыс көрген адам. Бірақ, екеуі де кімдікі дұрыс, кімдікі бұрысын айта тауса алмады. Бір анық нәрсе: «Қалаш – ебін тапқан адамға көнетін ойыншық». Бірақ, сонша ыңғайлы, осыншама арзан қару болашақта керексіз боп қалады деген сөз көп. Себебін әскери тарихқа қызығушы, ІТ сарапшы Ерлан Оспаннан сұрап едік.
Ерлан Оспан, ІТ сарапшы, әскери тарихты зерттеуші
"Қалашты" қисықтығына емес, қазіргі ұрыс тактикаларының күрт өзгеруіне байланысты қолданыстан шыға бастайды дер едім. Адам өмірі айтарлықтай қымбаттады. Бекіністен бекініске "уралап!" жүгіретін позициялық ұрыстың күні келмеске кетіп бара жатыр. "Қатындарымыз тағы да туып берер!" дейтін Жуковтың сөзіне еретін халық қазір жер бетінде жоқ. Өмір сүргісі келеді. Сондықтан дәлдігі жоғары оптикалық қарулардың заманы келді. Дәл қазір, жау жатқан ауданды жапырып тастайтын артиллериялық қондырғылар заманында "қалашымыз" майдан даласынан - көшелерге ығысып, партизандық ұрыс құралына айналды.
Қалаштың негізгі кемшілігі
«Қалаш» жылдам атады. Бірақ, дәл, дөп тигізу дейтін функция жоқ, онда. Сапамен емес, санмен жаншуға арналған қару. Қарапайым тілде түсіндірсек бұл автоматтың негізгі қызметі: екеуің атып тұрасыңдар, мен жүгіріп өтемін,-дейтін тактикаға арналған. Қарсы тарап мергендігіңнен емес, сақылдатып сеуіп жатқан оқтардың бірі қаңғып келіп болса да тие ме,- деп қорқады.
ҚАЛАШ – 100 ары кетсе 150 метрдегі жауды жайратуға арналған. Одан алыстау жерде тұрсаң жетпейді. Жеткеннің өзінде қисық кетуі кәдік. Ал, НАТО әскерінің қолындағы қарудың қауқары қандай? Қарапайым М-16-ның оғы 2-3 шақырымға дейін уытын жоғалтпай жетеді. Жасанды интеллектпен жабдықталған снайперлік қондырғылары одан да алысқа түкіреді. Қалаш ұстасаң, дұшпанға шақырым жетпей, жайрап қаласың. БТ-БМП дегендері де тажал боп тұр. Әлгі ұрыс мәшинесінде отырған солдат, ату үшін, басын бұрынғыдай шығармайды. БТРдің қақ шекесіндегі пулеметтері компьютермен басқарылады. Бұл аз десеңіз, НАТО алдағы уақытта жаппай қолданамыз деп отырған, қалқымалы дрондарды қосыңыз. Дәлдіктің заманында, мобилді күштердің заманында - бақырауық, жарқылдауық «қалаштың» күні өтті.
Қалаш садақтың кебін киеді
Сіз білесіз бе, садақ мылтық шыққаннан кейін де, біраз уақыт қолданыста болған. Керек десеңіз, кейбір патша-қолбасшылар мылтықтан гөрі садаққа көбірек сенген. Себебі, алғашқы мылтықтарды оқтап, білтесіне от қоям дегенше садақшы 10-15 жебе жіберіп үлгереді екен. «Қалаш» сол садақтың кебін киіп отыр. Автоматты қарулардың барлығы шамамен бір деңгейде болған замандарда, баға-сапа қатынасы жөнінен айтарлықтай тиімді құрал болды. Енді міне, аса дәл қарулардың, мазмұны өзгерген гибридті ұрыс заманында өз тұғырынан тайып отыр.
Рас, Таяу шығыс пен басқа да – «үшінші әлем» елдерінде әлі де қажет болады. Бірақ ұзақ уақытқа емес. Әлемнің біраз елінде тиым салған ДАИШ-тың өзі, соңғы кезде GPS-дрондарды жаппай пайдаланып жатыр.
Енді қалшылдатса «Қалаш» емес, дрон қалшылдатады
Әлгінде, НАТО жаппай дрондарды пайдаланбақ деп қалдық қой. Рас. Әуелде әуеден әдемі панарома түсіруге арналған құрал, енді адам өлтіретін қаруға айналып шыға келді. Әзірге шуылдақ дрондарға кішігірім автомат байлап ұшырып жүр. Ал, болашақта, көлемі шыбындай-ақ, өздері өте көп болмақ. Мұндай дрондар шабуылды табын тактикасында жасайтын болады.
Елестетіңізші: Майдан даласына кеп, зеңбірегіңді орнатып, жауды қарсы алуға дайын отырсың. Бір кезде алыстан ызыңдаған бұлт келе жатады. Жақындаған кезде - дрондар екенін байқайсыз. Қайсыбірін атып құлатасың: олар жүз, олар мың, олар миллион. Бірі – зеңбірегің аузына қонып, термиттік қышқыл құйып, қаруыңды ерітіп жібереді. Енді бірі өзіңді атады. Бірі өрт шығарады, бірі мина лақтырады. Көз алдыңызға елестеттіңіз бе?! Қалашпен қалай қарсы тұрасың?! Шыбынға оқ атпас болар деген осы шығар?!
P/S: Қысқасы, аймақтық болмаса, болжалды жаһандық ұрыстардан «қалашты» көрмедік. Орташа сауатты, сауыты жоқ жауынгерге арналған қару өз рөлін атқарудай атқарды, енді майдан сахнасынан біртіндеп жоқ болатын шығар?!
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024