
Нұр-Сұлтан. 27 тамыз. 7kun.kz – 2020 жылы республикалық бюджеттің кірісі трансферттерді есептемегенде болжам бойынша 8 трлн теңгені, 2021 жылы 8,6 трлн теңге, 2022 жылы 9,4 трлн теңгені құрайды.
Бұл туралы бюджет жобасын талқылау кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.
Оның айтуынша 2020 жылы бюджеттің дефициті ІЖӨ-нің
2,1% құрап, арғы жылдары төмендейді. Атап айтқанда 2021 жылы
1,5%, 2022 жылы 1% деңгейінде болады.
"Мұнай емес тапшылық 2020 жылы ІЖӨ-нің
7% -на (2019 жылы ІЖӨ-нің 8,5%), 2022 жылы ІЖӨ-нің
5,1% дейін азаяды",-деді министр.
Аталған көрсеткіштерді ескере отырып 2020 жылы республикалық бюджеттің шығысы 12,7 трлн, 2021 жылы 13,1 трлн, 2022 жылы 13,6 трлн құрайды.
ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың мәліметінше 2020 жылы кіріс 11,2 трлн теңгені құрайды. Бұл 2019 жылдан 639 млрд теңгеге жоғары.
Оның есебінше әлеуметтік саланың шығыны 2020 жылға 5,6 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2020-2021 жылдары 2,7 трлн теңге, 2022 жылы азайтылып, 2,6 трлн теңге трансферттеу көзделген.
Қаржы минитсрлігінің мәліметінше 2020 жылдың бюджеті 1 доллар/ 370 теңге бағамымен есептелген.